ТІЛЕУ БАТЫРДЫҢ ЕРЛІГІ ҰРПАҚҚА ТӘЛІМ

Шымкенттегі «Сайрам» тұрғын алабында ел басына күн туған алмағайып кезеңде қол бастаған есіл ер – Тілеу батыр құрметіне арналып ескерткіш орнатылды. Оның ашылу рәсіміне қала әкімі Ерлан Айтаханов қатысты.

Құрметті қонақ ретінде сөз алған Ерлан Қуанышұлы «Бүгінгі ұрпақ Тілеу Айтұлы сынды батыр бабаның есімін әрдайым ұлықтауы тиіс. Себебі оның тарихтағы орны алабөтен. Ол батырлығымен, елді игі іске ерте алатын қасиетімен ерекшеленген тұлға. Тілеу батыр Түркістанда Тәукені хан сайлауға қатысқан би әрі батыр, Күлтөбеде сөз алған белгілі ер, Сайрам шайқасының сардары»,- деді.
Еңселі ескерткіш батыр бабаның елге сіңірген еңбегі келер ұрпаққа әрдайым үлгі болса деген мақсатпен қойылды. Батырға жасалған бұл тағзымның қаланың «Сайрам» тұрғын алабына қойылуы тегін емес. Қазіргі Ақтөбе облысында туылған есіл ер 1684 жылы Сайрам қаласын жаулардан қорғау кезінде шайқаста қаза болған.
XVII ғасырдағы қазақ тарихында өзіндік қолтаңбасы бар Тілеу батыр 1681-1684 жылдары Сайрамда жоңғарлармен болған соғысқа 17 мың қол жинап, қасына баласы Жолдыаяқ пен інісі Қалдыбай Қангелдіұлымен бірге соғысқа аттанған. Бірақ сол ұрыстың шешуші сәтінде өзі де, кіндігінен тараған баласы да мерт болған. Қос батырдың сүйегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген. Олардың есімдері кесенедегі ескерткіш тақтада жазулы. Сонымен қатар киелі кентте Тілеу, Жолдыаяқ батырлардың құрметіне арналып көше аттары берілген.

С. НҰРАЙ.