ТУРИЗМ САЛАСЫНДА АҚПАРАТТАРДЫҢ ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІ ДҰРЫС ЖОЛҒА ҚОЙЫЛҒАН

Ағымдағы жылдың 6 айында Шымкентке 111 591 турист келген. Өткен жылдың дәл осы мерзімінде бұл көрсеткіш 82 897 адамды құраған. Яғни, былтырмен салыстырғанда үшінші мегаполиске келушілердің қатары 34,6%-ға артқан.

Бұл туралы қалалық туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Қалқабаев мәлімдеді.
Қалаға табаны тиетін туристердің санын көбейту мақсатында туризм басқармасы тиісті ведомстваға бірнеше ұсыныстар жолдаған. Соның негізінде Шымкенттегі «Ескі қалашық» кешені Қазақстан Республикасының туризм саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының өңірлік деңгейдегі ТОП-50 Туристендіру картасы нысандарының тізбесіне енгізілген. Бұдан бөлек қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында «Сайрамның сакралды объектілері», «Жастарға арналған», «Фотоаймақтар» және т.б. жаңа дербес бағыттарды 2GIS электрондық навигациялық жүйесіне енгізу жобасы әзірленген.
Басқарма басшысының міндетін атқарушы Азамат Қалқабаев туризм саласын жақсартудың тағы бір жолы ол ақпараттың қолжетімді болуын қамтамасыз ету екенін айта келе, «дәл осы бағытта басқарма тарапынан бірқатар жарнамалық ақпараттық материалдар шығарылуда. Атап айтқанда, «Шымкент 24 сағатта», «Шымкент. Тарих ізімен», «Балаларға арналған Шымкент» тақырыбында 60 мың бүктеме, 77 мыңнан астам туристік карталар, «Шымкенттегі үлкен экскурсия» атты жүздеген кітапшалар жарыққа шықты. «SCAT» әуекомпаниясының «Аспан» борттық журналында ай сайын Шымкент қаласы туралы мақалалар жарық көруде. Олардың барлығы да жолаушылар үшін қолжетімді. Сонымен қатар, әуе борттарында аудиохабарламалар жарияланады. Әуе борттарындағы орындықтарға Шымкент туралы бүктемелер қойылады. Мұндай бүктемелер қаладағы қонақ үйлер, туристік ұйымдар мен мұражайлар және т.б орындарда табылады», — деді.

С. НҰРАЙ.