«ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ» АКЦИЯСЫ КӨП БАЛАЛЫ АНАЛАРДЫ ҚУАНТТЫ

Түркістан облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы «DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп «Қысқа дайындық» қайырымдылық шарасын өткізді.
Акция аясында Арыс қаласындағы орталық аурухананың 20 қызметкеріне азық-түлік себеті табысталып, қаржылай қолдау көрсетілді. Ұйымдастырушылар бұл шара ауруханадағы көмекке мұқтаж қызметкерлердің қыс мезгілінен қысылмай шығуына жасалған жағдай екенін алға тартуда.
«Қысқа дайындық» акциясы бойынша көмекке ілінген бұл азаматтар Арыстағы орталық ауруханада бірі медбике, енді бірі санитар болып еңбек етеді. Көпшілігі көп балалы аналар болып табылады. Араларында кісі есігін жалдап тұратындары да бар. Кейбіреулерінің үйі маусым айындағы жарылыс кезінде қатты зақымданған.
Өз кезегінде олар «DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымының бұл қолдауына риясыз алғыс білдірді. Ал аталған ұйым болса, мұндай қайырымдылық акциясы алдағы күнде де жалғасын табатынын мәлімдеді.

С. НҰРАЙ.