Маңызды

Білдей бастық басты мәселені неге білмейді?

Айтқан жерден аулақ егер соғыс уақыты жағдайында кәсіпорындар мен ұйымдардан, азаматтардан автокөліктер алынатын болса оларға өтемақы қалай төленеді?
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Мәжілісте қарау кезінде депутат Асылбек Смағұлов Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер бас штабының бастығы Мұрат Бектановқа осындай сұрақты көлденең тартқан. Министр орынбасары көлік міндеттерінің ережелері әзірге жазылмағанын, алайда заң жобасы аясында әзірленетінін атап өткен. Сонымен қатар ол, «Қазақстандағы барлық көлік біздің құжатта бар. Мобилизация жоспарына сәйкес, біз әскери қажеттілік үшін оларды мемлекет меншігіне аламыз», — деген. Алайда депутат ведомства өкілінің бұл жауабына көңілі толмаған.
«Өтемақы қалай төленеді?» деген сұраққа қайдағы-жайдағыны айтып кеткен Бектановты «тығырықтан» ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов алып шықты. Өз кезегінде Р. Дәленов қазақстандық көліктерге қатысты ереже 2005 жылдан бастап қолданыста екенін, соған сәйкес, әскери жағдай кезінде тек көліктер ғана алынатынын, олардың иелеріне өтемақы, мейлі жеке тұлға болсын, заңды тұлға болсын, 60 күн ішінде толық мөлшерде төленетінін, заң жобасында нақты тетік пен құзырет бекітілгенін, қазіргі таңда қорғаныс министрлігімен бірлесіп әзірленіп жатқанын мәлімдеді.
Осы орайда Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин вице-министрдің нақты жауап бере алмағанына қынжылғанын ашық айтып, оны сын тезіне алады. Төраға министрліктің түк білмейтінін, саладағы тәртіпсіздіктің барлығы осындайдан шығатынын айта келе, «Позиция баяғыдан белгілі, бұл қолданыстағы ережелер, қазір тек заңмен рәсімделеді» деді. Мұрат Бектановқа «Білдей бастықсыз. Мұны білу керек қой. Сіз білмесеңіз, ертең қол астыңыздағы жұмыс істеген офицерлер қайдан біледі?» деп реніш-рәуішін білдірді.
Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Қ. ҚАЛИЕВ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру