АНАСЫН АРДАҚТАҒАН АЗАМАТ

Өнегелі жан, ұстаздардың ұстазы Айтмырза Әшірбаевтың рухына
Кеше бір фильм көрдім. Адамды ойға салатындай дүние екен. Қазіргі кейбір жастардың анасын сыйлай алмайтындығын жеткізіпті. Келіні енесіне қарсы сөйлеп, жанын жаралайды, тіпті қол көтеріп, қорлауға дейін барады. Үміт еткен баласы да әйелінің сөзіне еріп, бар мейірімін төккен өз анасына дауыс көтеріп, ренжіте түседі. Тіпті екеуі ақылдаса келе кейуананы қарттар үйіне тапсырмақ болады.
Иә, Ана деген киелі ұғым ғой. Оның қасиетін, перзентіне деген махабатын айтып жеткізу әсте мүмкін емес. Жарық дүниедегі ең жақыны, қамқоршысы, жанашыры, ақ сүтін беріп, жанын да аямаған ардақтысын аялай алмаған жастарды өмірде кездестіріп қалатынымыз жасырын емес. Өкінішке орай мұндайларды кейде таныстарыңның арасынан да жолықтырып қаласың. Асылы ана құшағына, ана ықыласына жететін қасиет барма жер бетінде?! Осы орайда Мұхаммед Пайғамбардың «Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да парызыңды өтей алмайсың», «Әуелі анаңа, тағы да анаңа, содан соң әкеңе жақсылық жаса», «Егер атаң мен анаң бір мезгілде үн қатып қалса, әуелі анаңа жауап бер» деген хадистері ойға оралады. Ана тәрбиесін көрсе де, көзі ашық, көкірегі ояу болса да, өз ата-анасын құрметтей алмайтын, ыстық ықыласының қадірін білмейтін, айтқан сөзін тыңдамайтын бейшаралар қайдан шығады екен осы? Дәл осы тұрғыда Сізді еске алдым, Айтмырза көке!
Әрбір адам өмірге келген қонақ қой. Әйтсе де пенде өмірі жасаған жақсылығы, ел алдындағы адамдық парызмен өлшенетіні хақ. Сіз әкеден ерте айырылдыңыз. Алдыңызда аға дейтін, соңыңызға қарап іні дейтін жан болған жоқ. Анаңыз Қалдайым апа жетімдікті көрсетпей, аялап, арқалап жүріп өсірді. Таң атпастан қас қарайғанға дейін колхоз жұмысын атқарып, бір үзім нанын жеткізіп, баласына деген шуағымен шаттыққа бөлей түсетін. Еш нәрсеге мұқтаж етпей, қатарынан қалмауына көңіл бөлетін. Анаңыз шын мәнінде өзін-өзі ұмытып, бар күш-жігерін сарқа жұмсайтын. Бірақ қанша қиналып тұрса да шаршағанын көрсеткен емес.
Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер, адам баласына анадан тарайды екен. Содан да болар, еркін де батыл, турашыл болып өстіңіз. Өйткені анаңыз кісі ақысын жегенге қарсы тұратын, турасын тура деп айтатын, ізгілікке, әділдікке ұмтылып, еңбекқорлықпен, адалдықпен өмір сүрді. Анаңыздың көзіне нұр төгіліп, елжірей тіл қатқан сәттерін ешқашанда ұмытқан емессіз. Әсіресе «Адам адам болғысы келсе, алдымен ананы қастерлей білуі керек!» деп айтып отыратын ұлағатты сөзіңіз әр кез жадымызда жаңғырып тұрады.
Айтеке! Ия, Айтмырза Әшірбаев деген аты-жөніңіз жанымызға жақын. Төлеби ауданының Қаратөбе ауылында шаруа отбасында 1930 жылы дүниеге келдіңіз. Бала кезіңізден еңбекке араластыңыз. Оған соғыс кінәлі. Ер азаматтар жаумен шайқасып жатқанда өзі қатарлы балалармен бірге егіс даласында, сиыр фермасында күндіз-түні еңбек еттіңіз. Өгіз арбамен астық, шөп тасыдыңыз. Қиындықпен күресе жүріп, оқудан қол үзбей, бастауыш, жеті жылдық мектептерде оқыдыңыз. Шымкенттегі мұғалімдер институтын, Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институы тарих факультетін қызыл дипломмен бітірдіңіз. Талапшыл басшы, қабілетті ұйымдастырушы ретінде танылдыңыз.
Сіздің жайдарлы жүзіңіз естен еш шықпайды. Алмас қылыштай жарқыраған жан едіңіз. Сеніміңіз берік, мақсатыңыз айқын, жолыңыз нық еді. «Айтпаса сөздің атасы өледі» деп ойыңызды жеткізу шеберлігіне риза болатынмын. Көпшілдігіңізге, қонақжайлығыңызға қайран қалатынмын. Жақсы адам тапсаңыз сол жанмен ағайындай араласып кете бертінсіз.
Ия, атадан жалғыз едіңіз. Өзі жақсы адамның жақыны көп болады емес пе?! Өмір жолында жолдас та, ағайын да арттыра білдіңіз. Басшылардың алдында қысылу, кідіріп қалу дегенді білмейтінсіз. Жас кезіңізде тұлғалы адамдармен жиі арластыңыз. Сөздеріңіз өмірдің оғындай еді. Қағілез, сергек, сезімтал, өткір, әрбір сөзге, іске терең мән беруші едіңіз. Содан да болар, 20 жасыңызда мектеп мұғалімі, 26 жасыңызда яғни 1956 жылы мектеп директоры болып тағайындалып, үлкен ұжымды басқардыңыз. Сіз жетекшілік еткен Темірланның жанындағы баяғы «Коммунизм» мектебіндегі шоңайна басып кеткен жерді тегістетіп, бау ектірдіңіз. Сіз ектірген сол талдарды әлі күнге дейін «Әшірбаевтың теректері» деп атайды екен. Төлеби ауданында бірнеше «Майбұлақ», «Алатау», «Қаратөбе», «Балдыберек» мектептеріне басшылық жасап, облыстағы таңдаулы педагогтардың, іскер басшылардың қатарында көш бастадыңыз. Іс-тәжірибелеріңіз таратылып, көптеген игі шаралардың басы-қасында жүрдіңіз. Тәліміңіз бен тәрбиеңіз босқа кеткен жоқ. «Қазақ ССР-і халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Еңбек ардагері», ауылдық, аудандық кеңестердің депутаты атандыңыз. Қаншама шәкірттер, қаншама мұғалімдерді тәрбиелеп шығардыңыз. Нағыз ұстаздардың ұстазы едіңіз.
Айтеке! Сіздің кісі жатырқауды білмейтін ерекше мінезіңізді бүгінде ізгілікпен еске аламыз. Министрмен де, одан да жоғары лауазымды адамдармен де терезесі тең адамдай сөйлесе беруші едіңіз. Бұған еліміздің бір кездегі Прьемер -Министрінің орынбасары болған Нағашыбай Шәйкеновпен арадағы сыйластығыңызды айтса болады. Көшеде жолығып қап, «ауыл адамының мынадай ойлары бар» деп, өзіңдік пікіріңізді жасырмай ашық айтқаныңыздан басталған. Ол арадағы жақындыққа, шынайы құрметке ұласқан.
Қызмет ол өз алдына. Ал ананы қалай құрметтеу керек дегенді сізден үйренсек болатындай еді. Бұл бүгінгі жастарға нағыз керек қасиет дер ем. Жас кезіңізде де, қартайған уақытыңызда да анаңыздың сөзін бөлмей, айтқанына мақұл деп бас иіп, тыңдайтынсыз. Патшайымдай күтіп, мәпелеп отыратын сәттеріңізге сан мәрте куә болғаным бар.
Өзіңіз тіпті ел ағасы атанған, алпыс жастан асқанда да, жетпістің биігіне жеткенде де «Апа, айтқаныңыз дұрыс, оны уайымдамаңыз, реттейміз» деп отыратынсыз. «Айналайын апа, бәрі өзіңіздің арқаңызда», «Жаным апа, менің жарығымсыз!», «Апа! Сіздің қасымызда болуыңыз — біздің бақытымыз» деп ана мәртебесін биіктетуші едіңіз. Дастархан басында алманы турап беріп, жұмсақ дәмді өзіңіз ұсынып отыратынсыз. Жатар алдында аяғын жуып, қақсаса аяқ-қолын өзіңіз уқалап беретінсіз. Тіпті бір жаққа жолға жиналсаңыз, анаңызға айтып, рұқсатын алып шығатынсыз. Кешіксеңіз уайымдайтынын біліп, хабар беретінсіз. Осынау ана мен бала махаббатын көрген сайын бір қуанышқа бөленетінбіз.
Айтекең бала тәрбиесіне келгенде талапшыл еді. Анасына құрметпен қарамағандарды қатты айтып тастайтын, оларды сыйламайтын. «Анасын сыйламаған жан – ең бірінші өзін сыйламағаны» деп айтып отырушы еді. Қәзірігі 20-30 дан асқан кей жандардың анасына қарсы сөйлеп, қабақ шытынатындарды көріп, таң қаламыз. Кейде анасын төмен санап, кәдімгідей балаша ұрсатындарды да байқап қаласың. Бар өмірін перзентінің тауқыметіне арнаған ана ардақтауға нағыз лайықты жан емес пе? Қайта қартайған уақытта перзенттік махаббатқа зәру бола түспей ме?
Ия, анасын құрметтеген жанға қарап оның адамдық деңгейін білесің. Қалдайым апа жүз жасқа жақындағанда өмірден озды. Баласына аналық ризалығын беріп кетті. «Өмірдегі асыл қазынамнан айырылдым» деп егілгені де есімде.
Айтеке! Өзіңіз 11 ұл қыз өсірдіңіз, 80 немере, шөбере сүйген мерейлі отбасының иесі болдыңыз. Өнегелі де парасатты 86 жас ғұмыр кештіңіз. Ұрпақтарыңызға адалдықты өсиет етіп қалдырдыңыз. Ар алдында таза жүріп, адамдықтың, адалдықтың биігінен көріне білген өзіңізді іздейтініміз анық. Біз ғана емес-ау, өзіңізді білген, ұстаз деп сыйлаған жанның бәрі, тіпті тілдесіп, әңгімелескендер де іздейтіні, сағынатыны анық. Өйткені ерекше қасиетті жан едіңіз. «Жақсы жандар өлмейді, адамдар жүрегінде сақталады» дейді. Сіздің турашыл, әділетті мінезіңіз туралы қаншама жаннан жылы лебіз естіген сайын осы сөздің растығына көз жеткіземін. Кеше шәкіртіңіз, кезінде жауапты қызметтер атқарған Қайырбек Сейітқұл «Айтмырза ағай қайталанбас тұлға, жалынды, дарынды ұстаз ғой» деп еске алып, бұдан 63 жыл бұрын жетінші сыныпта ұстазынан алған Мақтау қағазын көрсетті…
Жатқан жеріңіз жайлы болсын, анасын, елін ардақтаған асыл жан!

Әкім Ысқақ,
Қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.
Нұр-Сұлтан қаласы.