Шардарадағы шала тірлікке нүкте қойылды

Жуырда Түркістан облысының прокуратурасы шенеуніктердің тағы бір шала тірлігін анықтаған. Ылдым-жылдым тірлік Шардара ауданында орын алған. Дәлірегі аудан әкімдігі жайылымдық және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін үшінші тұлғаға ұзақ мерзімге өтеулі құқығымен пайдалануға беріп, заң талаптарын белден басқан. Әдетте ҚР Жер кодексіне сәйкес, мұндай процесс тек аукцион тәртібінде ғана іске асырылуы керек.
Анықталған заңсыздыққа байланысты Түркістан облысының жер инспекциясы аудан әкімдігінің жерді үшінші тұлғаға ұзақ мерзімге жалға беру туралы келісім шартын жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз түсірген. Бірақ облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты тиісті мекеменің талап-арыз беру уақыты мерзімінен өткеніне сілтеме жасап, талап-арыздың бірнешесін қанағаттандырусыз қалдырған.
Осыған орай Түркістан облыстық прокуратурасының өтініші негізінде аталған іс апелляциялық сатыдағы сотқа өткен. Өз кезегінде апелляциялық сатылы сот бірінші сатыдағы соттың үш шешімінің заңдық күшін бұзып, талап-арыздарды қанағаттандырған.
Нәтижесінде 3300 гектар ауылшаруашылығы мақсатындағы жер мемлекет меншігіне қайтарылған.

С. НҰРАЙ.