100 КӨП ҚАБАТТЫ ҮЙДІҢ АУЛАСЫ АБАТТАНДЫРЫЛАДЫ

Жыл аяғына дейін Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданындағы көп қабатты 100 тұрғын үйдің аулалары жаңарады. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жүзеге асатын бұл жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттамасы аудан әкімі тарапынан жасалған. Жарияланған конкурс нәтижесінде «Строи.Ком «Прогресс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз деп танылды.
Соның негізінде 100 көп қабатты тұрғын үйдің аулаларына барлығы 151 беседка, 1124 орындық, 110 балалар ойын кешені және 101 тренажерлық кешен орнатылады. Өз кезегінде аулалардың жалпы көлемі 13357 шаршы метр алаңды құрамақ. Аулаларға қойылатын ойын элеменеттері сығымдалған резеңке жабыны төселген алаңдарға орнатылады.
Жалпы Шымкенттегі Әл-Фараби ауданында 672 көпқабатты тұрғын үй бар. Ол тұрғын үйлер 400 аулаға біріктірілген. 2019 жылдың 1-қаңтарындағы жағдай бойынша аудандағы 217 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы абаттандырылған. Қалған 183 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы абаттандыруды және балалар ойын элементтерін орнатуға сұранып тұрған-тын. Олардың көп бөлігі осы жылы іске асқалы тұр.

С. НҰРАЙ.