22 МЫҢҒА ЖУЫҚ БАЛА 1 СЫНЫПҚА БАРДЫ

Шымкент қаласында 1 қыркүйек күні 5 жаңа мектеп
пайдалануға берілді
.
Білім күні Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Абай ауданына қарасты «Қызылжар» мөлтек ауданында жаңадан пайдалануға берілген 900 орындық жалпы орта мектебінің «Алғашқы қоңырау» салтанатты шарасына қатысып, Білім күнімен барша ұстаздар мен шәкірттерді құттықтады.
Заман талабына сай жабдықталып, балалардың толыққанды білім алуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруына жағдай жасайтын типтік оқу орны 3 қабаттан тұрады.
Айта кетейік, жаңа оқу жылында 1-10 сынып оқушылары білім берудің жаңартылған бағдарламасы бойынша дәріс алады.
Жалпы биылғы 2019-2020 оқу жылын 131 мемлекеттік, 17 жекеменшік білім беру ұйымдарындағы 190 мыңға жуық білім алушылармен бастамақ. Оның ішінде 22 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барады. Ал шәкірттерге 25 мыңнан астам мұғалім білім береді.
Сонымен қатар әкім М. Әуезов атындағы ОҚМУ-нің барлық факультеттердің І курс студенттеріне арналған жаңа оқу жылының мерекелік іс-шарасына қатысты.
Салтанатты шарада Ерлан Қуанышұлы ЖОО студенттеріне сәттілік тілеп, университеттің тыныс-тіршілігіне белсенді араласқан бірқатар азаматтарға алғыс хат тапсырды.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.