Шымкентте «Nur Otan» партиясы өкілдері Саяси кеңесте қабылданған шешімдерді талқылады
«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының партиялық активінің мәжілісі өтті. Қала әкімі Ерлан Айтахановтың қатысуымен өткен жиында Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында қабылданған шешімдерден туындайтын міндеттер белгіленді.
Партия активінде сөз алған қала басшысы «Nur Otan» Партиясының кеңейтілген саяси кеңесінде Елбасы ұсынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасы қоғамда кең талқыланып, қолдау тауып жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар, Ерлан Қуанышұлы мәслихаттағы 27 фракция мүшесі халықпен тығыз жұмыс істеп жатқанын айтып, мемлекет тарапынан жүзеге асып жатқан бағдарламалардың орындалуына партиялық бақылауды күшейтудің қажет екенін атап өтті.
— «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша кез келген азамат 3 айлық тегін кәсіби курстарын оқуға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, жеке кәсіп ашуға 3 миллион теңгеге дейін несие алуға мүмкіндігі бар. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған осындай мүмкіндіктерді пайдаланбай, қол қусырып жұмыс істемей үйде отыру — ол еріншектік пен қоғамдағы масылдықтың белгісі. Оңтүстіктің халқы әрқашан өзінің еңбекқорлығымен өзгелерге үлгі болған. Сондықтан, біз еріншектікке салынбай, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған барлық бағдарламаларды пайдаланып, жұмыс істеуіміз керек. Ал, партия мемлекет тарапынан жүзеге асып жатқан бағдарламалардың орындалуына партиялық бақылауды күшейтуі қажет деп санаймын. Барлығымыз бірлесіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге атсалысуға шақырамын, — деді қала әкімі.
Өз кезегінде Шымкент қалалық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы фракциясының жетекшісі Бекайдар Төлегенов партияның бастауыш ұйымдарында, фракция отырысында бағдарламаны жүзеге асыру бойынша жоспарлар түзіліп, алдағы міндеттер нақтыланғанын атап өтті.
«Қаладағы тұрғылықты халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін фракция тарапынан нақты жұмыстар істелуі керек. Әрбір депутат азаматтарға жақын болуы тиіс. Біз фракция отырысында барлық депутат өз сайлау округінің әлеуметтік картасын жасау бойынша келісімге келдік. Бұл жерде әр округ бойынша басымдық берілетін проблемалар белгіленіп, бюджет талқылау барысында сол мәселеге көбірек көңіл бөлінетін болады», — деді Б.Төлегенов.
Жиынға қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл қаладағы Самғау сенім оңалту орталығының жұмысына тоқталып, ажырасу бүгінде маңызды мәселелердің біріне айналғанын айтты.
Айта кетейік, басқосуға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев, Республикалық саяси кеңес мүшесі Алия Юсупова, қалалық және аудандық филиал жанындағы Саяси кеңес мүшелері мен партия ардагерлері, қалалық мәслихаттағы депутаттық фракциясы мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен «Jas Otan» Жастар қанатының мүшелері қатысты.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.