МЕН ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАЛАНЫҢ ҚҰРБАНЫНА АЙНАЛДЫМ

ҚР бас прокуроры Ғ. Нұрдәулетовтің назарына!

Жақында ғана бүкіл Оңтүстік өңіріне танымал, талай жауапты қызметтерде басшы болып еңбек еткен саясаткер Мұхтар Мұхамбетжанды Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық соты сегіз жылға бас бостандығынан айыруға және 29 миллион теңгені өндіру жөнінде шешім шығарды. Жаза өте ауыр. Жуырда редакцияға түрмеден сотталушы Мұхтар Мұхамбетжан үндеу-хат жолдапты. Біз оны оқырманның және жоғарғы заң орындары мен ел басшылығында отырған азаматтардың назарына ұсынып, ол жақтан әділ шешімнің орын алатындығына деген сеніммен, сол жазбаның мәтінін толық күйінде ұсынып отырмыз.

Сегіз (8) жылға бас бостандығымнан айырып, «ұры»-деп 29 миллион ақшаны қайтаруды міндеттеген, әділетсіз қиянат шешімнің шыққанына 10 күн… Егер апелляциядан ұтылсам онда, жазықсыздан жазықсыз өмірімнің соңғы белесін түрмеде өткізіп, артымдағы ұл-қызым тірі жетім, әйелім тірі жесір, өзім тірі өлік болғалы тұрмын. Тапсырысшының еркіне көмек сот пен «құқыққорғаушы» пагонды бандиттердің біріккендігінің жемісі осы. Бұдан 35 жыл бұрын, Ауғанстанда бейбіт халықты қорғап, шындықты айтқаным үшін, «Пәкістан шпионы», «совет халқының жауы», «ұлтшыл-пантуркист» болып атылуға бұйырылған едім. Енді міне, халық қаржысын ұрлаған болып… Ол кез мейлі, Совет заманы, империя зорлығы, сталинизм дейік…
Азаттық алып, өз мемлекетімізді құрған жау жоқ, жұрт тыныш мына заманда, елдің көзін бақырайтып қойып тал түсте, жаламен (подстава) өтірік куәлік пен орден алуға тиісті жұмысымды терісін аударып қиянат үкім мен түрмеге тығып жатқаны не сұмдық?! Ресейден құтылдық деп жүргенде, большевистік-сталиндік қанқұйлы режимнің келіп қалғанын байқамай қалдық па? Жетер биігіміз, аңсар арманымыз-Сталиндік Қазақстан ба еді? Сіздердің креслоның құлы емес, Елдің Ұлы болып, азаматтық пікір білдіруіңізді сұранамын!
2015 жылы Асқар Мырзахметовтың батасымен Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-не директор болдым. Бұл мекеме «Модернизация-жаңғырту» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мемлекет ақшасына көп қабатты үйлерді, олардың келісімімен жөндеп, жетілдіріп береді. Жөндеуге кеткен ақшаны тұрғындар пайызсыз кредит формасында ай сайын қайтарып отырады. Ал біздің мекеме қайтарым қаржы жиналған сайын оны келесі үйлердің жөнделуіне жұмсайды. Мен келгенде қайтарым қаржының жиналуы- 6-10 пайыз екен. Осы қаржыға 4 жылда 6-ақ үй жөнделген. Жоспарланған трансферт жоқ-яғни қаржылық жағдайы нөл. Айлыққа, қарызға белшеден батқан. Қайтарым қаржыны ұрлау асқынған. Реформалауға кірістік. Бір жылдай уақыт кетті. Нәтиже: 46 адам орнына 16 адам қалды. Қайтарым қаржы жинау 100 пайызға жетті, екі жылда 31 үй жөндеппіз. Облыста алдыңғы қатарда болдық. Тек Отырар ауданы ғана үміттелген 130-140 пайыз қаржыны қайтарған бізден алда болды. Әрине мақтандық, пияр жасадық. Телеарналар көрсете бастады. Халық мақтай бастады. Бұрын модернизациядан қашса-енді кезекке тұрды-себебі дұрыс түсіндірілді, жөндем сапасы күрт жақсарды. Басшылардың алғысына ие болып, трансферт бөлдіріп, ауқымды күшейтіп, мекемені жаңа деңгейге көтергім келді. Бірақ, қалаға Әбдірахымов әкім бола салысымен жағдай күрт өзгерді.
1. Ол кісінің алдына кірудің бар амалын жасап кіре алмадым, майде-шүйде басшыларымен сөйлеспейді екен.
2. Мекеменің тағдырын бізбен кездеспей-ақ, сұрамай-ақ шеше береді екен. «Мұндайды» бұрын көрмеген едім. Мемлекеттік бағдарлама бойынша әкімдік жергілікті атқарушы орган ЖАО ретінде бізге арнайы уәкілеттік органға АҮО оның қажеттіліктерін өтеп отыру мақсатында табыс көзін беру керек, бізге автотұрақ берілген екен. Мен келгенде ол автотұрақтарды алдыңғы директор өз адамдарына көпе-көрнеусіз ақыға жалға беріп жіберіпті. Соттасып жүріп қайтардық. Екі ай табыс көзінің толық қызығын көрдік. Одан соң қала басшылығы бізді мәжбүрлеп, автотұрақтарды жеке тұлғаларға жалға бергізді. Орнына ештеңке бермеді. Уәделерін орындамады. Әрине, біздің мекеме қайтадан қарызға бата бастады. Біз наразы болып, ресми хаттар жазған соң, әрине жақпай қалдық. Тағы бір негізгі минусымыз- Балалар Темір жолы БТЖ. 2015 жылы өзіміз ғимаратында отырған БТЖ-н іске қосуды бүкіл жұртшылық, БАҚ-тар талап етіп жатты. Біз осы БТЖ-ны өз қаржымызға іске қосып, елдің де, басшылықтың да, әруақтың да разылығын алғымыз келді. 7,5 млн. теңгедей өз қаржымызға қайта жөндеп, жолдың шпалдарын ауыстырып, бекеттерді безендіріп, халықаралық балалар күні іске қостық. Пойыз жүрді. 4 ай елге қызмет етті. Қуанбаған адам қалмады. Ел болып қуандық. БАҚ тар жазды. Әкімге рахмет айтпаған БАҚ қалмады. Бұл 2015 жылы Ғабидолла әкім болып келген соң темір жол сүріліп, орнына велотрек салынатын болды. Біз жария етпеген мен қарсы екенімізді білдірдік: Біріншіден аға-ұрпақ, асыл текті Асанбай Асқаровтан қалған жәдігер. Екіншіден, Шымкент сәбилерінің тамаша уақыт өткізетін орны. Үшіншіден, Шымкентке турист тартатын СССР бойынша жалғыз осындай обьект. Төртіншіден, екі сұлу стансиясы бар, насыпь, көлі, тунелі, көпірі, темір жолы бар өте күрделі де қымбат инфроструктура.Мұны бұзғанша бұдан еселеп арзан түсетін велотректі басқа жерден қарастырған дұрыс. Бесіншіден, біз оны жүргіздік, істеп тұр, не үшін бұзамыз енді?
Кейінірек осы тақырыпта қалалық «Нұр Отанның» басшысы Өмірзақ Мелдехановта сөйледі. Осы кісінің БТЖ-ның бұзылатынын естіп қоюын қала басшылығы менен көрді. Өзі қалалық «Нұр Отанның» басшысы болса, маслихатта 30-ға жуық өз депутаты болса, Мелдехановқа осы тірлікті айтар, менен басқа ешкім жоқ па екен? Ол кісі өз алдына үлкен қоғамдық тұлға екені бәрімізге белгілі.
Айтқан болсам да өзімді айыпты санамас едім. Не керек осыдан соң, мен облыстың «қаладағы агенті» болып шыға келдім! Олар жау ма еді? Кет десе кете салар едім. Әкімге жағу үшін Мелдехановпен, Шөкеевпен, Түймебаевпен тағы кіммен сөйлесуге болмаса-онда кете салған дұрыс. Тілімді кескенше. Өкінішке орай, біздің елдің жағдайында әкімдерді сайлаудан тағайындау дұрыс. Бірақ кей әкім өзіне берілген регионға үлкен перзенттік жауапкершілікпен, кей әкім өзіне пәленбай жылға берілген ойыншық деп ойлап, білгенімді істеймін дейді. Осыдан кейін әкім елге құт, кей әкім елге жұт. «Болашақпен» еуропаға барып оқып алса болды, ойбай мынау елді жұмаққа жеткізеді деп мақтайтын өзіміз де айыптымыз. Парижде шымкенттік менталитетін, экономикасының ерекшеліктерін, даму тарихы мен даму жолдарын біледі, үйренеді дегенге сенбеймін. Сол жақтан «оқып» келген демократтар мұнда келіп, мұрнын шүйіріп, елді менсінбейді. Қарсы пікір айтқанды «сындырады» – Лондон, Париждің үйреткені сол ма? Әлде істеп тұрған нысанды, ел сүйетін нысанды бұзу-еуро деңгейі ме? Лондонда оқымаса да өзіміздің қазақтың ішінде өсіп, білім алған Сапарбаевтар, Жылқышиевтер, Әшімовтар, Мырзахметовтар, Шөкеевтер кімнен кем? Адалдығына да, кеңдігіне де, іскерлігіне де, ел тәнті емес пе? Жаңаөзен оқиғасында ренжіп, алған медалімді өкіметке қайта тапсырған едім. Шүкір-ау сол кезде әкім болып еуропа білім алған «болашақ емес», әшейін қара қазақ Мырзахметов болғанына…
Мыналарың ойланбай-ақ атып тастар еді. Жұмыстан айыбым жоқ, бар көрсеткішім жоғары. Айыбым – сөзім. Позициям. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген қазақпын. Ақынымен аққұт атқанда қанішер қарабет көретін қазақпын. Көкшенің бауырайында Сері Ақанның Құлагері омаңаса құлағанда Сырдың бойында қосыла еңіреген қазақпын. Және менің сөзімнің тек әкімдерге қарсы шықпайтынында ел біледі. Әкімдердің дұрыс тірліктерін насихаттадық. Болат Жылқышиев ағамыздың тұсындама президент сайлауы болды. Осы науқанда мемлекеттік аса маңызды тапсырманы орындадық. Болат ағам анама «балаңыз алтын»-деген, яғни тапсырманы абырой мен орындадым. Нұрғали Әшімовтың кезінде Маятастағы жанжалға араластым. Екі қауым арасын бес күн ішінде ретке келтіре алдық. Сапарбаевтың кезінде газ мәселесін де ауыр тапсырмаларды абырой мен орындадық. «Достық» мөлтек ауданындағы әлеуметтік жанжалды шешуге Ислам Әбіш ағамыз жіберді. Ол да кедей-мүгедектің мүдделерін асыра орындай отырып шешілді. Осы тірліктердің еш қайсысы менің қызметтік функцияма жатпаған, бірақ артық тірлік басқаның қолынан келмейтін тірлік істедім деп ешқандай басшыдан ақша, мансап, орден сұрамағанмын. Ел үшін, Алла үшін дегенмін. Өзімді елімнің адал, лайықты, қызметі сіңген, әлі де талай еңбек ететін ұлымын деуші едім. Міне бүгін сол «патриот Мұхтарларыңыз» өсек-жаланы негіз қылған погонды «заказ» орындаушы судьяның пәрменімен «ұры Мұхтар» болып отыр. Мені айыптайтын жалғыз құжат бұрын Сайрам ауданында коррупциялық қылмыс жасап, жұмыстан қуылған, менің орныма таласып, даумен келген келесі директор- Бекжигитовтың тапсырысымен жасалған қорытындысы. Бұл құжатта 2017 жылдың 1 қаңтарынан, 2018 жылдың 1 тамызына дейін болған барлық кірістер мен шығыстар «көрсетілген». Осы тексеру мерзімінде мекемеге 46 млн. теңге қаржы түседі. Соның 29 миллионына «ақтаушы құжаттар» жоқ. Осы ақшаны Мұхтар Мұхамбетжан жымқырған деп финполға арыз береді. Ал финпол осы құжат негізінде мемлекеттік экспертиза істей салады. Финпол мені тергеуге шақырғанда айтқанмын. 2018 жылдың июлінде, бізді тексеріп жатқан антикорупция «М. Мұхамбетжан пара алу үстінде ұсталды» деп теле-мәлімет жариялайды. Монтаждалған видео көрсетеді. Мен әлеуметтік желіде бұл жалған деп ертеңіне пресс-конференция шақырамын. Антикорупция мені шақырып алып, пресс-конференция жасамауға көндіреді. Адвокатым күә. Бірақ сол күні қан қысымым көтеріліп ауруханаға түсемін. Келесі күні кеңседен көптеген папкінің ішінен қайтарым қаржыға жөнделген үйлердің құжаттары жиналған папкілер қолды болады. Антикорупция келіп акт түзіпті. Сол үйлерге кеткен қаржыны алды мен құжатын жоқ қылып, енді сол ақшаны ұрладың деп маған жауып отыр. Дәлел: Мемлекеттік экспертизаның шығыс бөлігінде, біз бір жарым жылда жөндеген көп үйдің бірде бірі жоқ. Сонда біз бір жарым жыл бойы не істеппіз? Екі домком келді сотқа. Біреуі өз үйінің 12 млн. теңгеге жөнделгенін, екіншісі 10 млн. теңгеге жөнделгенін айтты. Екеуі де оригинал емес, копия алып келді, прокурор «копия болса болмайды» — деді. Мен «неге, сендерге құжаттың оригинал, копиясы маңызды ма, мемлекет ақшасының қолды болған- болмағанын анықтау маңызды ма? Ондай болса үй Ресейде емес, Военторгтың артында, ол үйде жұмыс болған ба, болмаған ба, болса қанша соммаға болғанын айтып береді ғой» дедім. Тыңдамады.
Менің, басынан құжат (мемлекеттік экспертиза) бойынша позициям: Тексеру мерзімінде көрсетілген шығыстар түгел емес. Себебі екі жылда 38 үй жөндедік. Облысқа, қалаға прессаға қанша рет айттық. Журналистерді автобусқа міңгізіп, сол үйлерді аралаттық, кем дегенде 20 үйдің шығымы көрсетілуі керек еді. Және, папка ұрланса, мекемеде олардың сметасы, келісім шартары (договор) компьютерде бар, қайта шығарып домкомдарға қол қойдырып, оригинал жасау қиын емес. Осы құжатта қаржы (сумма) дұрыс емес. Бір жарым жылда кемі 100 ден аса млн. теңге түсу керек еді дегенмін. Яғни, экспертиза кіріс пен шығысқа жасалса, онда екеуі де жалған көрсетілген. Осы сөздерді талай қайталап, ресми судьяға жазбаша тапсырғаннан кейін біздің сұраныс хатқа әкімдік жазып берді. Әкімдіктің өкілі- тұрғын үй қатынастар басқармасының қызметкері сотта, «2012-2018 жылдың тамызына дейін «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС қайтарым қаржыға 31 үй жөндеген, қаржысы (суммасы) 117 миллион теңге деп қағаз беріп тұр! Ал, 2012-2015 ке дейін «Тұрғын үй Шымкент» 6 үй жөндеген, яғни бұлар, экспертизаның қамту уақытында 25 үйдің жөнделгенін мойындап тұр ғой! Мен тұрып, міне судья мырза, менің айтқаным түгел расталды, жәбірленуші — қала әкімдігі тексеру мерзімінде 10 даған үйлердің 10 даған миллионға жөнделгенін ресми мәлімдеп тұр. Ал экспертизада бір де бір үй жоқ, яғни экспертиза қорытындысы шындыққа сай емес, сондықтан қорытындыны заңдық жарамсыз деп, мені ақтауыңызды сұраймын»- дедім. Қабылданбады. Неге?
Енді ең басты сорақылық осы тірліктің қала басшысының заказы екеніне дәлел: Беті бүлк етпей қала әкімінің өкілі «ия 31 үй жөнделгені рас, бірақ бұл үйлер экспертизада көрсетілмеген, сондықтан М. Мұхамбетжан сотталсын және 29 миллион қаржыны қайтарсын» деді. Бұл қалай?!!! Бастысы ақшаның ұрланбағанын, ақшаның өз мақсатында жұмсалғанын бәрі біліп отыр- бірақ өтірік экспертизаға ол ақшаны кіргізбесе болды ұрланған болады екен! Мені жек көрсе, әкім жек көрер, басқаларына не жорық? Тал түсте жұмыс үшін жазықсыз адамды сотталсын дейтін не сұмдық бұл, Шымкент әкімдігі? Креслоның құлысындар ма, елдің ұлысындар ма? Ақша ұрланбаған, бірақ Мұхтар сотталсын, ақшаны қайтарсын, міне Ғабидолланың кезіндегі Шымкент әкімдігінің сиқы. Бір қала шеңберінде сталиндік большевистік қанкүймі режим жасап, қызметкерлерді «Вампир» қылып қойған. әкімдікте істедім. Көбісі намазға барады. Ислам адамнан емес, Алладан қорық дейді. Адамнан қорқып басқа біреуге жала жауып, балаларын тірі жетім ету-мұсылмандықтан тым алыс-ау? Бұл адамдар мешітке де «мода» деп барады ма екен? Біз дереу «қайта экспертиза» жасауды талап еттік. Судья сол мезет отказ берді. Өстіп отырғанда прокурор қойып қалды: Сот мырза, ол 31 үйдің жайында білеміз кейбреулеріне ақша түгел жетпеген! Дереу атып тұрдым. «Судья мырза әкімдігі аз еді, енді прокурорда мені айыптайтын жалғыз құжат мемлекеттік экспертиза қорытындысын жалғандығын растап отыр: 31 үйді жөндеппін, бірақ кейбіреулеріне ақшаны толық құймай заң бұзыппын». Мейлі, кейбіреулеріне толық құймаған шығармын, қалғаны, толық құйылғандары қайда? Олардың саны қанша, соммасы қанша? «Ет сасыса тұз себесін, тұз сасыса не себесін» — дейді бабалар. Мемлекет мүддесін заң сақтауын қадағалаушы Прокуратураның өзі ақшаның ұрланбағанын біле тұра, ұрлады деп елді түрмеге тоғытып жатса, онда мұны қалай атаймыз? Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүддесінен ру мүддесі, әкімнің нәпсісі, кландық мүдде жоғары болды дейміз бе? Құдай сақтасын, саяси «маньяк» басшы кетіп, алқаш әкім келсе бүлік әкімдік пен прокуратура наркодиспансерден табылады ма? Ал ваххабист келсе ше? Мынау заман қай заман сорлы елім? Кейінірек, әкім «менен де жақсы көрген» директор Бегжигитов келді. Сұрақтар қойдық. Осы тірліктің арсыз да айуандық ниетте жасалған тапсырыс екені, оның сөзінен де көрініп тұр:
– Директор бола салысымен құжаттары жоғалған үйдің құжаттарын қалпына келтірумен айналысқанын айтты. Және ерен ерлік жасап, жоғалған құжаттардың 80 пайызын қалпына келтіріп үлгергенін айтты. Енді не дейсіздер, Қазақ елі? Директор қай үйлер аталмыш мерзімде қайтарым қаржыға жөнделгенін, қанша екенін, соммасын біліп тұр. Жоғарыда айттым, жөнделген үйлер саны 38 еді деп, әкімдік 31 деп ресми мәлімет берді, құп-ақ. Калькулятор алып, мен айтқан 38-дің сексен пайызын есептеңдерші. Күлесіздер, 31-і шығады. Яғни, 31 үйдің құжаты қалпына келтірілген. Тек қала әкімі мен срок алғанша оларды жасырып отыр. Мен шын жүрегіммен қызмет еткен әкімдігімнің арсыз айуандығы: неге жөнделген, бірақ құжыты жоғалғанын біле тұра, «жымқырылды» деп бердіңдер? Заң шеңберінде «жаратылған бірақ құжаты» жоқ ақша деген түсінік пен «жымқырылды» деген түсініктің арасы жер мен көктей екенін Бекжигитов біледі. Және мемлекетке адал болса, 80 пайыз өзі қалпына келтірген құжатты неге көрсетпейді? Неге бүгінгі директор Нұрлан көрсетпейді? Естері дұрыс, ниеттері таза болса, ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері болмаса, неге бар құжатты жасырып мені соттатып жатыр? Судья осыны біліп тұрып, неге сол құжаттарды сұратпады? Бекжигитов жөнделген, бірақ құжаты жоғалған екенін «басында білмеді» деп айта алмайды, білетініне дәлелдер бар. Ол жауап бере алмады. Бекжигитов ұрлық болмағанын біле тұра, ұрлады деп арыз жазды. Финполға, яғни, маған. Судьядан ол кісіні жауапкершілікке тартуды талап еттім. Бір қаланың «фюрері» емес, Қазақстан мемлекетінің мүддесі үшін жұмыс істесеңіз онда маған «лжедонос» жасаған, ал мемлекетті ақымақ қылып алдаған Бекжигитовтың қылмысы көз алдында дәлелденді көрсетіңіз дедім. Бас тартты. Өкінішті. Міне, бұл тірлікте қылмыс жоқ екенін ойдан құрастырылған, бірақ сауатсыз адамдар құрастырған өтірік іс екеніне дәлелдер. Мені болмаған қылмыс үшін соттап отыр. Бұл науқанның маған берілген тапсырыс екеніне айтатын соңғы дәлелім: Мені қорғаған, сөйлеген куәгерлерге судья бейтарап болу керек екенін жиі ұмытып кете беретін Қахаров: Абайлаңдар, Мұхамбетжанға тағы екі «дело» бар. «Сені уже шақырды ма, пока что күә ретінде?»- деп қорқытумен болды. Сенбесеңіздер видеосында бар ғой. Маған жала жаппай сөйлегендердің әзірейілі прокурор емес, судьяның өзі болды. 29 миллионды алғанды жалғыз күә бас есепші. Бұл азамат туралы көп сөз айтуға тұрмайды. Тергеуші не айтса, соны айтады. Келіскен. Бірақ басында айыптау мен толық келісемін деп ант берді. Ал айыптаудың жалғыз тірегі, өтірік экспертиза. Ол жерде шығыс бөлігінде бір де бір үй жоқ. Ал менің сөзімді жазып алған стенограмма арқылы мен бас есепші И. Жақсылықтың үйлердің жөнделгенін білетінін дәлелдедім. Ал біле тура, бас есепші бола тура, бірде бір үйге кеткен шығынның жоқ екенін біле тура, қалай айыптау мен келісті? Толығы мен келісті?! Осыдан соң ол туралы айту – артық. Бірақ қайтып сөз болмау үшін тағы бір факт: Жақсылықтың сөзі бойынша, «мен Нұрлан Тәжібаев атты жігіттен 400 000 (мың) теңге қарыз екенмін, бермейді екенмін, қашып жүреді екенмін. Ол келіп офисті шошытып, айқай салып кетеді екен, мен жоқ болған соң. Содан Жақсылыққа тапсырма беріппін, кассадан бер ана Тәжібаевтың қарызын. Сонымен ол Тәжібаевқа менің қарызымды кассадан мемлекет ақшасынан береді». Бұл сөзді менің орынбасарым Бақбергенов Көпжанда қуаттап, қара аспанды басқа төндіреді. Келді Тәжібаев. «Ия звандады да. Ия келдім. Берді, рахмет. Бірақ маған Мәкең емес, өз досым Көпжан Бақбергенов қарыз еді. Көпжан көзімше Жақсылыққа звандады, бер деді. Келіп едім, 400 000 (мың) теңгені берді» деді. Міне, осындай өтіріктер. Бір қызығы осы ашылып дәлелденген, маған жабылған жала бойынша Жақсылықта өз қарызын мемлекет қалтасынан бергізіп, онымен қоймай, сол қылмысты маған жаппақшы болған орынбасарым Бақбергенов те ешқандай жаза алған жоқ. Себебі, әкімдікте отырған «фюрердің» тапсырысында Мұхтарды түрмеге тық делінген. Басқа ештеңе жоқ.
Жәй емес, мұқият даярланған «тұлғаны жоқ қып жіберу» жоспары. Менің 29 млн. ұрланбағанын бір күнде дәлелдеп беретінімді біледі. Сондықтан жасырады. Алдымен түрмеге тығу керек деп жоспарлайды. Сонан соң 29 миллионның айыптауына қолы кісендегі Мұхтарға қол қойдыру қиын болмайды деп есептейді. Бірақ, жақтасы көп, ертең жұртшылық шу шығарып, резонанс жасайды ғой? Мұныңда алдын алу үшін ұйымдасқан қылмыстық топ менің 50 жылғы абыройымды жоқ қылып, арамдықтың тереңіне жете бермейтін көпшілікті менен жирендіру үшін «жәрдемшісі мен ойнас болды» деген тақырыпта «видеомонтаж ұйымдастырады». Өзімді түсіре алмасы сөзсіз ғой, сондықтан массаж кезіндегі дауысымды жазып алып, жастардың интим видеосына сол дауысты салады. Осы «дауыс Мұхтардікі» негізінде мен зорлықшы болып шығамын. Ақырында, біріншіден әлгі видеода үш адамның дауысы бары анықталып, үшінші адам кім екен деген сұраққа прокурор жауап бере алмай «машқара» болады. Ал видеодағы үшінші адамның кім екенін тергеу кезінде іздемей, экспетиза жасамай, менен де, жәбірленушіден де, сұрамай РОВД қалай прокуратураға өткізді? Беті бүлк етпей прокурор қалай қабылдады? Осы дөрекі кемшілікті көре тұра судья қалай істі қабылдады? Бұл өз алдына бөлек жыр.
Екіншіден, Бұлардың арам ниетінен жеркенген жәрдемшім, видеода өзі мен шын болған «ғашығын» атын атап, сотқа алып келемін деді. Сонымен, бұл айыптау өлді. Бірақ ұйымдасқан қылмыстық топ арманына жетті: Осы айыптаудың арқасында талайлар анық-қанығына жетіп алмай менен теріс бұрылды, және жала жабу сотын жабық жүргізуге мүмкіндік алды. Ұлтымыздың мақтанышы, ожданы деп жүрсек, Мұхтарымыз осындай ма еді?- дегендер де болды. Табылады. Теріс айналды. Өкінішке орай кез келген саяси тұлғаны 24 жыл бойы намаз оқып, жүздеген адамды намаз оқытып, ұстаз атанған мен сияқтылардың өзіне кез келген жеркенішті «жаланы» лақтыра салса, қоғамымыз мәңгіріп қалады екен. Яғни, тым ішкі, тым жас, тым саяз екенбіз… Сот әдейі осы «елде болмаған, жала екені белгілі, айтуға ұят статьяны «хищение» бойынша статья өз мәресіне жеткенше біз қанша талап еткенмен, тірлік қанша дәлелденіп қойғанмен, жаппады, қысқартпады, қысқартса сот ашық болу керек. Онда пресса келеді, онда «хищениенің» «далбаса» екені белгілі» болады. Осыған дейін менде елге сөз айтпадым. Шыдадым. Үкімді күттім. Өздеріңіз көріп отырсыздар, ұрлық жоқ. Бар ғұмырымды Қазақ Ұлтының мүддесі үшін, намысы үшін арнаған адаммын. Байлық пен карьера қумадым, өздеріңіз білесіздер. Ел басына күн туса, мен ешқашан сыртта қалмайтын едім. Тек билікке қызмет етпедім. Ұлтқа қызмет еттім. Мемлекеттік қызметте жүріп «Алтынбек Сәрсенбайдың қазасы өте ауыр қылмыс, бұл мемлекетке жасалған опасыздық» деп интервью беріп, ождан тазалығы ма кір түсірген емеспін. Кез келген қиянатқа үн білдіріп отырдым. Енді міне, өзім шынжырдамын. Өмір бойы ұлт мүддесін, жас мемлекет мүддесін өз мүддемнен жоғары қойып, сол Ұлт ұғымдардың Жыршысы, Жаршысы, Жаушысы, Қорғаушысы болдым. Осындай өмір сүргенімді мақтаныш етемін бірақ, бүгіңгі күн, бір рет, мен Ұлтымның Қорғанына мұқтаж болып отырмын. Елдің ұлымын деген азаматтарға үн тастаймын. Жоқ қылмысқа 8 (сегіз) жыл берген қорқаулар, бұдан құтылсаң әлі екі делоң бар деп ашық азуын ақситып отыр. Мұндай қиянат, «заказ» шешім шығару үшін судья алдымен ертең осы шешімімді тексеретін орган – апелляциямен келісіп алады, тек сол жағдайда үкімін шығарады дейді білетін ел. Сондықтан апелляциядан үмітім жоқ, сенбеймін. Мемлекеттік қызметке отырып алған қорқаулар бірігіп алып бүгін мені, ертең оны, арғы күні ананы бауыздап жатса… онда бізге жоңғардың керегі не? Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді…
Ішкі дұшпан құтырса, сыртқы дұшпанның керегі не? Тәуелсіздік үшін күрескенде дұшпандарымыз «сендер азаттық алып, орыстар кетсе, бірер жылда өз-өздеріңді түтіп жейсіңдер» деп қорқытушы еді. Әлде, сол заман келіп қалды ма? Алла сақтасын ол күннен. Мен түрмеден қорықпаймын. Тек өз елімде, өз жерімде, отаным үшін адал қызметте тура бірігіп алған, ырылдап талаған қорқаудан жеңілетінім жүрегімді езіп, намысымды жыртып барады. Әділетті қорғаушы, мені Залымдар жеңсе, елдің күні не болады? Сыртқы жаусыз-ақ іштен еріп әділеті қайда, қиянаты қайсысы-деп жаутаңдап қалған ел ертеңінен қорқамын. Сондықтан залымдық күшіне, қиянатқа бірге қарап тұрайық. Елді қара баспасын. Мен үшін емес, мені Қазақ Республикасының намысы үшін, азаматтық Позицияның бар екенін білдіру үшін, азамат екенімізді білдіру үшін, креслоның құлы емес, елдің ұлы екенімізді білдіру үшін шешуші орындарға пара беріп отырып алған қорқауларға ел тағдырын беріп қоймайтынымызды білдіру үшін қорғауларыңызды сұраймын. Себебі мен Сіздердің дәл сондай ниеттегі бауырларыңыз едім, бұйыртса әлі де болармын да…

Мұхтар Мұхамбетжан.

Р.S. Міне бар жағдай баршаға мәлім болды. Ендігі сөз елдің Бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетовте…