ІТ СЫНЫПТАРЫ БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРАДЫ

Қазақстан ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін жаңа заманға бейімделуі қажет. Бұл ретте Елбасы, Тұңғыш Президент ұсынған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының рөлі зор. Аталған бағдарлама ел тұрғындарының сандық технологияны меңгеруін қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа инновациялық дамуды жедел технологиялық жаңғыруды жолға қояды. Осы мақсатта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрғындардың ІТ сауаттылығын арттырып, жаңа технологияны күнделікті өмірде кеңінен қолдану міндетін іске асыруды тапсырған болатын. Ұлт Көшбасшысы жүктеген тапсырманы орындау мақсатында «Nur Otan» партиясы «IT-мамандарды дайындау» жобасын қолға алған.
Аталған жоба аясында жетекші партия былтырдан бастап еліміздің түкпір-түкпірінде ІТ сыныптар мен ІТ орталықтар ашуға білек сыбана кіріскен. Бұл жұмыс биыл да жалғасын табуда.
Жуырда аталған жобаға сәйкес «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы «Оқушылар сарайында» кезекті ІТ-сыныптар ашылды.
Ендігі кезекте бұл сыныптар оқушылардың технологияның қыр-сырын терең меңгеруге зор серпін беретін болады. Партия өкілдері мұндай орталықтың ашылуы өскелең ұрпақтың цифрлық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың озық инновацияны игерулеріне, сол арқылы әлемдік ірі жобаларға қатысып, бәсекеге қабілетті маман болуына жол ашатын алаң болатынын атап өтті. Сонымен қатар олар, ІТ мамандар легін көптеп дайындау білім беру саласын алға сүйремесе, кері шегіндірмейтінін алға тартты.

М. Әбдірайым.