ЕҢБЕК ТӘРТІБІН САҚТАУ КҮН ТӘРТІБІНЕН ТҮСПЕЙДІ

«Жаман айтпай жақсы жоқ». Атыраудағы Теңіз вахталық кентінде отандық және шетелдік жұмысшылардың арасындағы текетірес өзге өңірлерде қайталанбауы керек. Әлеуметтік теңгерімсіздік салдарынан орын алған осы оқиғаға орай мемлекет басшысы өңірдегі атқарушы органдарға мұндай жағдайдың қайталануына жол бермеуге, шетелдік компанияларда жергілікті мамандарға лайықты жалақы төлеу мәселесін көтере отырып, әділеттілікті сақтауды тапсырған болатын.
Осы мақсатта Шымкент қаласы әкімдігі мен Қазақстан кәсіподақтар федерациясы арасында ынтымақтастық туралы меморандум түзілді. Келіссөз кезінде қала әкімі Ерлан Айтаханов пен ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым екіжақты бірлескен іс-шараларды өткізуге уағдаласты. Соған сәйкес, алдағы уақытта үшінші мегаполисте қандай да бір кәсіпорындар мен мекемелерде еңбек дауы, еңбек қауіпсіздігіне байланысты түйіткілдер туындаса оны екі тарап бірігіп шешетін болады.
Өз кезегінде қала әкімі Ерлан Қуанышұлы жергілікті әкімдік тарапынан кәсіпорындардағы жұмысшылардың еңбек жағдайына, жалақысына байланысты мониторинг жасау, отандық мамандардың кәсіби дайындығын пысықтау, еңбек тәртібін сақтау мәселесін бақылаудан шығармайтынын атап өтті. Ал төраға Бақытжан Әбдірайым болса ҚР Кәсіподақтар федерациясы жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасында басты медиатор болу бағытын берік ұстанатынын қадап айтты.
Қазіргі таңда ҚР Кәсіподақтар федерациясы 2 миллионнан аса адамды біріктіріп отырған іргелі қоғамдық ұйым болып табылады.

С. НҰРАЙ.