Маңызды

ШЫМКЕНТ: СУ АЙДЫНДАРЫНДА БІРДЕ-БІР ЖАЗАТАЙЫМ ДЕРЕГІ ОРЫН АЛҒАН ЖОҚ

Биыл Шымкентте шомылу маусымы сәуір айында басталып, қыркүйекке дейін жалғасатын болады. Оқыс оқиғаларды алдын алу шаралары мен тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын кең көлемде жүргізудің нәтижесінде бүгінге дейін су айдындарында бірде-бір жазатайым дерегі орын алған жоқ.
Өткен жылы осы мерзімде үшінші мегаполисте мұндай жағдай бойынша 4 оқиға тіркеліп, 2 бала суға кеткен еді. Алдағы уақытта да тұрғындар арасында жазатайым жағдайларды болдырмау бойынша тиісті шаралар жалғасын табатын болады.
Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта қалалық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерғали Бахаев мәлімдеді.
Қазіргі таңда қалада 4 өзен, 4 су қоймасы, 5 тоған және 22 демалыс орны (аквасаябақтар, саяжайлар және т.б.) бар. Шомылу маусымы басталмас бұрын және оның өтуі кезеңінде де мамандар осы су айындарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына көп көңіл аударған. Жергілікті халық арасында бақыланбайтын орындарда шомылу, балық аулау кезінде судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтамау, су айдындарының қасында ересектердің қарауынсыз балалардың болуы – судағы жазатайым оқиғалардың негізгі себептері болып саналатыны жөнінде түсіндіру, ескерту жұмыстары жиі жүргізілген. Осы бағыттағы түсіндіру жұмыстарына ерікті студенттер мен жергілікті полиция қызметі тартылған.
Осы жәйттерді алға тартқан Ерғали Жарасбекұлы шомылу маусымы аяқталмағандықтан арқаны кеңге салу әлі ерте екенін, сондықтан да қазіргі таңда жедел-құтқару жасағының жеке құрамы күшейтілген режимде жұмыс жүргізуді жалғастырып жатқанын жеткізді.

С. НҰРАЙ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру