Өз өмірлеріне көңілі толатын қазақстандықтар көбейген

Қазақстандықтардың 60 пайызы өздерінің өмірлеріне көңілі толады.

Еліміздің Статистика комитеті жүргізген арнайы сауалнама қорытындысынан соң мамандар респонденттердің субъективті бағалауына сүйене отырып, осылай түйін жасаған.
Мұндай шара былтыр да өткізілген. Сонда сауалнамаға тартылғандардың 56,6% -ның өмірлерінің сапасына қанағаттанатыны анықталған. Биыл бұл көрсеткіш айтарлықтай артқан.
Пікіртерім кезінде адамдардың 48,5% денсаулықтарына ешқандай мін тақпайтыны белгілі болған. Респонденттердің жартысынан астамы, дәлірегі 57,4% жақын-жуықтары мен таныстарының моральдық қолдау көрсететініне сенімді екендіктерін көрсеткен.
Сонымен қатар бос уақыттарының көлеміне респонденттердің 44,3% қанағаттанса, 50,9% — ішінара қанағаттанған.
Бұдан бөлек сауалнамаға қатысқандардың 38,2% полиция қызметіне оң баға берген.