Маңызды

ЖАРЫҚ БАРЛЫҒЫНА ЖЕТЕДІ

Осыдан төрт-бес жыл бұрын Шымкенттегі ең өзекті мәселелердің бірі жарықтың жетімсіздігі болатын. Тұрғындар күйбең тірлігінің құтын қашырған осы жәйт бойынша билікке талай рет бұйымтай айтқан.
Сол кезде жергілікті билік мәселеге нүкте қою үшін «Бозарық» шағынауданынан жаңа қосалқы станция салуды күн тәртібіне енгізген. Арада бірнеше уақыт өткеннен соң сол жерге салынған қосалқы станциясының арқасында бүгінде Шымкенттегі бірнеше шағын аудандарды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету жұмыстары қызу қолға алынуда.
Шымкент қаласының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы таратқан деректерге сүйенсек, аталған қосалқы станция арқылы бүгінде «Құрсай» шағынауданындағы 1 816 тұтынушыны, «Тоғыс» тұрғын алабындағы 990 тұтынушыны сапалы электр эергиясымен қамту жұмыстары атқарылған.
Электр жүйелерін тарту «Бадам», «Самал-3», «Асар-2», «Тассай», «Достық», «Ақжар», «Қарабастау», «Бадам-1», «Қаратөбе», «Жыланбұзған», «Шапырашты», «Өтеміс» сынды шағынаудандар, тұрғын үй алаптары мен елді мекендерде жалғасын табатын болады.
Сала мамандары «Бозарық» шағынауданынан жаңадан салынған қосалқы станциясы 2 миллионға дейінгі тұтынушыны сапалы электрмен қамтуға қауқарлы екенін алға тартуда.
Тұтынушыларға электр желісін тарту жұмыстары «Қуат Құрылыс», «Омега Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестері және «Электромонтаж» акционерлік қоғамы сынды мердігер мекемелеріне сеніп тапсырылған.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру