«ҚҰРЫЛЫСТЫҢ ЗАҢДЫ БОЛУЫ – ҚАЛА СӘУЛЕТІНІҢ КЕПІЛІ»

Берік ДҮЙСЕНОВ,
Шымкент қалалық мемлекеттік
сәулет-құрылыс бақылау
басқармасының басшысы:

Осы аптада Шымкент қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы ағымдағы жылдың алты айында атқарған жұмыстарын түйіндеді. Осыған орай ұйымдастырылған брифингте аталған басқарманың басшысы Берік Дүйсенов төмендегідей мәліметтерді келтірді.
Есепті кезеңде 214 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өз кезегінде олар «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын бұзған. Соның негізінде оларға «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің талаптарына сәйкес 62,7 миллион теңге айыппұл салынды. Атап айтқанда басқарма тарапынан 148 тұлға (54,3 млн теңге) қатысты әкімшілік жауапкершілікке тартылса, заң талаптарын бұзған 66 тұлғаға хаттамалар толтырылып, 8,5 млн. тенге айыппұл салу бойынша істер Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданған.
Бірінші жарты жылдықта басқармаға сарапшылық аттестат алу үшін 122 тұлғадан өтініш түскен. Алайда ұсынылған құжаттары біліктілік талаптарына сәйкес болмауына байланысты 55 тұлға тестілеуге жіберілмеген. Тестілеуге жіберілген 67 тұлғаның тек 18-і сынақтан сүрінбеген. 32 тұлға талап үдесінен табылмаса, 17 –cі тестілеуге түрлі себептермен келмей қалған.
Өз бетімен құрылыс жүргізгені үшін жеке және заңды тұлғаларға басқарма тарапынан ҚР «Азаматтық кодексінің» 244-бабына сәйкес 9 құрылыс нысанына қатысты шаралар қабылданды және олардың ісін сот органдарында қарау үшін талап-арыздар жолданды. Нәтижесінде сот 7 құрылыс нысанын бұзу туралы шешім шығарды. Қалған 2 нысан соттан қысқартылды. Сот бұзу туралы шешім шығарған 7 құрылыс нысанының бүгінде 4-уі бұзылды. Қалған 3 нысан бойынша сот актілерінің орындалуы сотпен сот орындаушылар қарауына жолданды. Осы ретте басқарма басшысы Берік Дүйсенов «Шымкент — республикалық маңызы бар ірі мегаполис. Қала сәулетті, құрылыс заңды болуы шарт. Осындай келеңсіздік орын алмауын алдын алу үшін әрбір жеке немесе заңды тұлға құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы бізге міндетті түрде хабарлама жіберуі тиіс» деп атап өтті.
Ол бұл тұрғыдағы түсіндіру жұмыстары, яғни қала аумағында құрылыс сапасын бақылау және заңсыз құрылыстарды болдырмау мақсатында басқарма тарапынан БАҚ және web-сайтқа бейне роликтер жарияланып, фейсбук, инстаграм әлеуметтік желілерінен парақшалар ашылып түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізілгенін айтты. Берік Дүйсенов осы бағыттағы жүргізілген жұмыстар бойынша айтылған ескертулерге құлақ асқандардың да жетерлік болғанын алға тартты.
Жыл басынан бері басқармаға жеке және заңды тұлғалар тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстарының басталуы туралы 126 хабарламаның келіп түскені соның жарқын мысалы. Келіп түскен 126 хабарламаның 108 жекеменшік нысандар болса, 18-і бюджеттік нысандарға байланысты болған.