«БАҚЫТ» ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНІ ЖҮЗДЕГЕН ОТБАСЫНЫ БАҚЫТҚА БӨЛЕЙДІ

Шымкенттегі «Нұрсәт» шағынауданында «Бақыт» тұрғын үй кешені бой көтеруде. Дәл қазіргі таңда құрыш қолды құрылысшылар аталған кешенде 8 қабатты тұрғын үйді аяқтағалы отыр.
Барлығы екі және үш бөлмелі 104 пәтерден тұратын бұл тұрғын үйдің құрылысын «Оңтүстік құрылыс сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Күндіз-түні құрылыста орындалатын жұмыстардың қисынды әрі сапалы жүргізілуін қырағы бақылап жүретін прораб Нұрғали Қошмағамбетов 8 блоктан тұратын «Бақыт» тұрғын үй кешенінің 3 негізгі блогы аяқталуға жақын екенін алға тартты. Ал қалған бес бөлігі келер жылдың мамыр, маусым айларында пайдалануға берілетінін айтты. Сонымен қатар ол, кешендегі құрылыс алаңындағы жұмысшылардың саны 300-ге жетеқабыл екенін мәлімдеді.
Мердігер мекеме тұрғын үй құрылыстарын салу ісімен 18 жылдан бері шұғылданып келеді. Яғни, құрылыс мекемесінің тәжірибесі толысқан, қанаты кеңге жайылған. Компания меншігінде тұрғын үй құрылысына таптырмас темір-бетон, арматура сынды материалдар шығаратын зауыттың жұмыс істейтіндігі соған негіз.
Ажары алыстағы назарды өзіне бірден баурайтын көп қабатты бұл тұрғын үй алдағы тамыз айында өз иелеріне тапсырылмақ. Пәтерлердің барлығы сатылып кеткен. Қоныс тойын тойлаушылар тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің тұрақты салымшылары. Аларман адамдардың бірден табыла кеткені тұрғын үй құрылысының сапаны алдыңғы сапқа шығаратының нақты жемісі болса керек.

С. НҰРАЙ.