«Біз денсаулықты таңдаймыз!»

Дәл осындай ұранмен Шымкенттегі «Береке» сауда үйінде мәдени-сауықтыру акциясы өтті. Онда медицина мамандары сауда үйіне келуші тұрғындар мен қонақтарға тегін медициналық кеңестер беріп, көмектер көрсетті. Басты мақсат – жергілікті халықтың қандай да бір аурулардын алдын алып жүруін құлағдар етіп, олардың дерттен әрдайым дін аман болып жүруін қамтамасыз ету. Сонымен қатар, тиісті медициналық тексерулер жүргізу арқылы кеңестер беру.
Мәдени-сауықтыру акциясы аясында емдеу ісінің мамандары мен неврологтар халыққа 2020 жылдың 1-қаңтарынан бастап жүзеге асатын халық пен жұмыс берушінің ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) туралы тарқатылған түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мамандар аталған жүйенің қалай жүзеге асатыны туралы тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, олардың көкейіндегі көптеген сұрақтар бойынша жан-жақты жауап берді.
Акцияны ұйымдастырушы Шымкент қалалық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының атқарушы директоры Фарида Байзақова «Мұндай мәдени-сауықтыру акциясы бізде тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Соның негізінде ақ халатты дәрігерлер халықтың алдына шығып қолдан келер тиісті ем-домын жүргізіп, келелі кеңесін береді. Бүгін соның куәсі болып отырсыздар. Бұдан бұрын да біз кардиолог дәрігерлердің қатысуымен гипертония ауруын алдын алу үшін «Қан қысымыңызды біліңіз» деген ұранмен шара өткізген болатынбыз. Басқа да ірі сауда орталықтарында, базарларда болып, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізгенбіз» деді.
Шараға жастардың көптеп қатысқаны ұйымдастырушыларды ерекше қуантқан. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» қорының Шымкент қаласы бойынша филиалының бөлім басшысы Ахмет Беден былай деп пікір білдірді.
– Ауруын алдын алуға келгендердің арасында жастардың көптеп келуі жақсы тенденция. Себебі әрдайым тың жүруді осы кезден қолға алса, нәтиже болады. Біз 2020 жылдың 1-қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі өз жұмысын бастайтыны белгілі. Осы акцияға біздің қордың азаматтары да келіп отыр. Мақсат – Қазақстан Республикасындағы азаматтардың барлығына қолжетімді сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін МӘМС жүйесі бойынша халық көкейіндегі барлық сұрақтарға жауап беру болып табылады.