«Асыл жүрек» – салауатты өмір салтын сақтауға зор серпін береді
Елбасының бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салтын қалыптастыру туралы тапсырмасы аясында Шымкентте белсенді өмір сүру орталығы ашылды.
«Асыл жүрек» деп аталатын бұл орталық аға буын ардагерлер қауымы үшін пайдалануға беріліп отыр. Қаладағы М. Дулати мен Желтоқсан көшелерінің қиылысында орналасқан орталықтың ашылу салтанатына мегаполис басшысы Ғабидолла Әбдірахымов қатысты. Тұрғындарды көпфункционалды орталықтың ашылуымен құттықтаған ол «Алдыңғы толқынды алдына шығарып, оған құрмет көрсеткен қоғамның ғана болашағы баянды болады» деп сөзін бастай келе, «Барлық зейнеткерлерді осы орталыққа келіп көңіл қошын көтеруге, жаңа таныстық орнатып, орталарын толтыруға шақырамыз» деді.
«Асыл жүрек» орталығының ашылуына дән риза болған ардагерлер жергілікті билікке көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмек пен жүйкеге жүк түсірер жалғыздықтан алып шығып, өне бойды бір серпілтіп тастайтын осындай орталықтың ашуына ұйытқылық танытқанына алғыстарын білдірді.
Заманауи үлгіге сай жарақтандырылған ғимараттың іші кең әрі жарық. Келушілер үшін тиісті жағдайлардың барлығы қарастырылған. Айталық, орталықта интернет-кафе, физиологиялық кабинет, кинозал, кітапхана, жаттығу залы мен йога, үстел теннисі, бильярд ойнау секциялары бар. Жаттығу залы да жұмыс істейді. Емдеу ісінің маманы, невролог, уқалау мен физиоемдеу кабинеттерінің жұмыс істеуі жолға қойылған. Зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар дәл осы орталықта әлеуметтік және медициналық көмек алуға мүмкіндік алады. Орталық территориясында ойын элементтерімен қамтылған балалар алаңшасы да бар. Күннен қорғап тұратын жабдығы бар орындықтар қойылған. Яғни «Асыл жүрек» орталығы тек жасамыстар үшін ғана емес, балалар үшін есігін айқара ашады. Медициналық-әлеуметтік орталықтың директоры Меруерт Ахметова бұл жөнінде былай дейді.
– Орталыққа балалар, сонымен қатар, балалар үйінің тәрбиеленушілері де келіп, уақытын қызықты етіп өткізіп кетуіне әбден болады. Қарттар арасында жалғыз жарым қалған жандар аз емес. Өз кезегінде олар осы орталыққа келген балалармен тілдесіп, кеңестерін беріп, жастарға оң бағыт сілтеп жатса нұр үстіне нұр болары сөзсіз,-деді.
Орталық бір мезетте 70 адамға қызмет көрсетуге лайықталған. Және ол жұмыс күндері яғни, аптаның дүйсенбі-жұма аралығында сағат 9:00-ден кешкі 19:00-ге дейін жұмыс істейді.