Жергілікті билік балалар темір жолын назарда ұстап отыр ма, әлде ол ұмытылып кетті ме?

Қарағандыдағы балалар темір жолы биыл өз жұмысын әдеттегіден ертерек бастады. Өткен демалыстарда онымен мыңға жуық бала сапар шекті.

Қарағанды балалар темір жолының басшысы Виктор Луценко бір ғана сенбі, жексенбі күндерінде 962 билет сатқанын, ал үш жасқа дейінгі балалардың теміржолмен сапар шегуі тегін екенін алға тартқан В. Луценко биыл локомативтің экипаж бөлігіне толықтай жөндеу жұмыстары жүргізілгенін, соған қарамастан билет бағасы өзгермей, былтырғыдай 200 теңгеден сатылып жатқанын айтты. Аптаның бейсенбі және жұма күндері сағат 12.00 мен 19.00, ал демалыс күндері 11.00 мен 19.00 аралығында жұмыс істейтін балалар теміржолы Қарағандыда 1956 жылдан бері жұмыс істейді.
«ҚазАқпарат» таратқан бұл жаңалықты оқыған кезде санаңызға Шымкенттегі балалар темір жолы сап етіп еске түсетіні белгілі.
Иә, балаларға қызықты естелік беретін мұндай локомотив Шымкентте де болған еді. Ол 2011 жылға дейін жұмыс істеген. Кейіннен 2015 жылы тоқтап тұрған балалар темір жолы демеушілердің күшімен қайта іске қосылған болатын. Бірақ жергілікті бюджет есебінен тиісті қолдаулар болмаған соң ол қайта тұралап қалған еді. Содан бері бірнеше жыл өтті. Сол уақыттан бері 1979 жылы негізі қаланып, 1980 жылы пайдалануға берілген Шымкенттегі Ғ. Мұратбаев атындағы балалар темір жолының жыларман халге түскені туралы бір емес, бірнеше рет мәселе көтерілген болатын. Оның қайта құру жұмыстарын талап етіп тұрғаны туралы мәселе бірнеше рет айтылғанмен мәселе әлі күнге дейін біржақты шешімін тапқан жоқ. Керісінше қараусыз қалғандығын ұтымды пайдаланған ұрылар өткен жылдың қыркүйегінде оның 800 метрге жуық рельстерін үптеп кеткен.
Сол уақыттарда «Шымкентке балалар темір жолы керек пе? Оның орнына веложол салынған әлдеқайда тиімдірек» деген пікірлер жиі айтылды. Осыған орай бірқатар азаматтар әлеуметтік желі арқылы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовқа балалар теміржолының қазіргі тағдырына араша түсіп, оны қайта қалпына келтіру туралы түрлі ұсыныстарын білдіріп жатты. Осыған орай қала басшысы Ғабидолла Әбдірахымов қазан айының аяғында өткізілген «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының кезекті XXXV есеп беру сайлау конференциясында күн тәртібіндегі мәселелерден бөлек, балалар темір жолына қатысты пікірін де жеткізген еді. Өз сөзінде ол: «Балалар теміржолын әлі де қоғамдық тыңдау өткізіп, көп болып, кеңесіп шешкеніміз жөн деп санаймын. Ол балаларға шын мәнінде қажет пе, бүлдіршіндердің қауіпсіздігі алаңдатпай ма, міне, осы сауалдар сіздердің тараптарыңыздан лайықты шешімін тауып жатса, онда іске кірісейік. Мүмкін, ол жерге веложол салған дұрыс шығар. Мәселен, Орталық стадионнан Дендросаябаққа дейінгі аумаққа арнайы веложол салынса, салауатты өмірге бет бұратын тұрғындардың қатары артар еді. Әзірге бұл жоспарды да қарастырып жатырмыз. Жалпы, қала тұрғындарына айтарым, кез келген мәселе бойынша сіздермен бірлесіп шешуге дайынбыз. Шымкент – ортақ үйіміз. Барлық толғандырған мәселені ортақ мәмілемен шешейік, ұсыныстарыңызды әрдайым ескереміз» деген болатын.
Бірақ содан бері жарты жылдан астам уақыт өтсе де бұл жайында жергілікті билік әлі нақты шешім қабылдаған жоқ сияқты.

М. ӘБДІРАЙЫМ.