ШЫМКЕНТТЕ СӘБИГЕ «АЙСҰЛТАН» ДЕП АТ ҚОЮ АРТЫП ТҰР

Қазақ халқында әр адам азан шақырып қойған атына сай өмір сүреді деген сенім бар. Сондықтан да көптеген ата-ана балаларына ат таңдарда он ойланып, тоғыз толғанып барып ортақ шешімге келеді.

Жуырда Шымкент қаласының әкімдігі 2018 жылы үшінші мегаполисте дүние есігін ашқан нәрестелерге ең жиі қойылатын есімдерді жариялады. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының АХАТ бөлімінің мамандарының мәліметі бойынша былтыр Шымкентте туылған қыз балаларға Медина, ал ұл балаларға Айсұлтан есімдері ең жиі қойылыпты. Өз кезегінде Айсұлтан – «ай» мен «сұлтан» сөздерінен жасалған есім, сәби айдай болсын, өз ортасында сұлтандай қадірлі болсын деген ниетпен қойылатынын, Сұлтан араб тілінен аударғанда «билеуші, әкім мағынасын беретінін, ал Медина (Мәдина) – «қала», Мадинат ән-Нәбий («Пайғамбар қаласы») деген тіркестен алынғанын, ол мұсылмандардың қасиетті қаласы ұғымын беретінін біліп жүргейсіз.
Сонымен қатар, бауыр еті балаларына ат қою кезінде ата-аналардың көпшілігі бірер жылдың ішінде ат жалын тартып азамат болар сәбилерге Нұрсұлтан, Дінмұхаммед, Әлихан есімдерін, көзді ашып жұмғанша тұлымы желбіреген қылықты қыз болатын нәрестелерге Раяна, Кәусар, Айзере, Айсұлу есімдерін таңдапты.
Жалпы былтыр аталған басқарманың АХАТ бөлімінде 32464 бала тіркелген. Олардың 60 пайызы ұл балалар болса, қалған 40 пайызы қыз балаларды құрағанын айта кетейік.
Ә. АЙТЖАРИ.