Мырзашөл – молшылық мекені


«Жер байлықтың анасы болса, әкесі еңбек». Иә, жеріне дән егіп, оны ала жаз бойғы жанкешті еңбегімен баптап, облыс тұрмақ күллі елді ырысқа толтырып жатқан, кешегі аптада 90 жылдығын кең көлемде атап өткен Мырзашөл өңірінің бүгінгі тыныс-тіршілігіне қарап осы мақал еріксіз ойға келеді.
Бір ғасырға жуық уақытты артқа тастаған Мырзашөл өңірінің тоқсан жылдығына орай Мақтарал мен Жетісай аудандарында көңілге шаттық пен шабыт сыйлар шаралар болып өтті. Оның барлығына облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың өзі қатысты. Халықтың бірлігін бекемдей түскен тоқсан жылдық торқалы тойға облыс әкімі бастаған қонақтар ең алдымен ат басын Мақтаралға бұрды.

«Мақтааралым – мерейлі мекенім»

Бұл ауданның 90 жылдық мерекесіне арналған салтанатты шараның шымылдығы «Ақ алтын» мәдениет үйінде өткен «Мақтааралым – мерейлі мекенім» атты музыкалық театрландырылған қойылыммен түрілді. Оған жергілікті тұрғындармен қатар Өзбекстан Республикасындағы Сырдария облысынан келген бір топ делегат құрметті қонақ ретінде шақыртылды.
Жиналғандардың көңілдерін серпілтіп, туған жерге деген сүйіспеншіліктерін еселей түскен театрландырылған қойылымнан соң, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев сахна төріне шығып, «жерін баптап, астықтарын қаптап жатқан» мақтааралдықтарға деген ізгі тілегін жолдады. Өз сөзінде аймақ басшысы:
– Алғашында Мырзашөл атауымен белгілі болған Мақтаралдың тарихы облыстағы аудандар сынды өте бай. Ол өңірімізде жерінің жомарттығымен, мақталы мекен болуымен ерекшеленеді. Кезінде аға буынның ересен еңбегі мен ақылды алға салып тірлік етуінің арқасында – шөл даланы гүлді, жазиралы жәннәт мекенге айналдырды. Сол бір кездерде Мырзашөл даласын суландырудағы негізгі мақсат – мақта алқабын молайту еді. Алғаш рет ауданда мақта шаруашылықтары құрылып жатқанда Түркістан жер шаруашылығы халық комиссары қызметін атқарып жүрген ұлт мақтанышы Сұлтанбек Қожанов каналды қазушылармен болған кездесуінде мақтаның аса қымбат шикізат екенін, болашақта ақ алтын күллі Түркістан өлкесінің байлығы болатынын айтып, күн-түнмен санаспай еңбек еткен қауымды алдағы күннен жақсылық пен молшылық күтуге ерткен еді. Бүгінгі күннің көрінісі сол бастамалардың баяндылығының жарқын мысалы. Бүгінде Елбасымыздың тікелей қолдауымен Түркістан облысының жаңа дәуірі басталып келеді. Облысымыздың қиыр оңтүстігінде орналасқан, ақ алтынның ордасы – мақталы Мақтаарал ауданының мерекесі бәрімізге ортақ. Мақсат – той тойлау емес, бір ғасырға жуық уақыт аралығындағы оқиғаларды ой елегінен өткізу. Елдің бірлігін нығайтып, игі іске жұмылдыру, — деді.

«Жерге еткен жақсылық жерде қалмайды»

«Жер емгеннің ел болатынын» осылай өрбіткен өңір басшысы бұдан кейін Мақтаарал ауданының күзгі жиын-терім науқанын қорытындылауға арналған «Алтын күз – 2018» іс-шарасына қатысты. Мырзакент кентінің орталық алаңында болған бұл шарада төмендегідей көрсеткіштер сүйіншіленді.
Атап айтқанда, биыл мақтааралдық диқандар 60 926,3 гектар жерге егістік ексе, оның 38 593,2 гектары мақта дақылына тиесілі болған. Нәтижесінде аудан бойынша бүгінге дейін 96 мың 600 тонна «ақ алтын» жиналыпты.
Көңілді марқайтқан бұл шарадан соң жиналғандар Атакенттегі мәнді жиын дәлірегі, «Қазақ мақта шаруашылығы» ғылыми зерттеу институтында халықаралық ғылыми-теориялық конференциясына бет алды. Онда мақта шаруашылығының облысымыздың қоғамдық-саяси өмірдегі рөлі мен әлеуметтік-экономикалық жағдайымызға тигізген оң әсері, бүгіні мен болашағы туралы баяндамалар тыңдалды.
Бұдан кейін облыс әкімінің жұмыс сапары Жетісай ауданына қарай жалғасты.
Айтқандай Мақтарал ауданның айтулы күні «Терме–бойтұмарым» атты термешілер байқауы, «Палау фестивалі» іс-шарасы, жастар арасындағы жайдарман ойындары және аудан өнерпаздарының мерекелік концертімен жалғасты. Үш күнге ұласқан ауданның тоқсан жылдығы «Алпамыс батыр» стадионында тауар өндірушілер мен қолөнершілер көрмесі, «Бауырсақ фестивалі» іс-шарасы және бүкіл көрерменнің делебесін қоздырған көкпар аламаны ойынымен қорытындыланғанын айта кетейік.

Жер жәннаты – Жетісайда қос қуаныш

Жетісайға сапары кезінде Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бір күнде бес ауылға көгілдір отын берілген арнайы шараға қатысып, тұрғындардың көл-көсір қуанышымен бөлісті. Облыс басшысы қыс ауасында көмір жағып, күл шығарған күндерден арылған Ш.Ділдәбеков ауыл округіне қарасты Достық, Байдала, Зерделі ауылдары мен Атамекен ауылдық округіне қарасты Тыңдала және Қоғалы елді мекендерінің 5 мыңға жуық халқының тіршіліктеріне нәр, тұрмыстарына сән тіледі.
– Құрметті жетісайлықтар, сіздер мен біздер көптен күткен үлкен қуаныштың куәсі болғалы отырмыз. Бүгін бес елді мекеннің тұрғындары табиғи газға қол жеткізіп отыр. Қазіргі таңда Жетісай ауданында 104 елді мекеннің 46-сы, яғни 22 096 абонент табиғи газбен қамтылса, бұл аудандағы елді мекендердің жалпы санының 44,2 пайызын құрап отыр. Ал абонент саны бойынша 74,4 пайызға жетті, – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Жалпы биыл Жетісай ауданындағы елді мекендерді газдандыру мақсатында 5 нысанның құрылысына облыстық бюджеттен 615,4 млн теңге қаралған болатын. Оның ішінде 1 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары 2018 жылдың шілде айында аяқталса, 3 елді мекеннің құрылысы жыл соңына дейін ел игілігіне тапсырылады деп болжануда.
Ауданның даму концепциясында Жетісайдағы 104 елді мекеннің барлығы жүз пайыз көгілдір отынның игілігін көру 2025 жылға дейін жүзеге асуы тиістігі жоспарланған.

Жаңаауылда ашылған мектеп үш ауысымды жойды

Жетісайдағы жұмыс сапары кезінде облыс әкімі Жаңаауыл ауылдық округі, Ынтымақ елдімекеніндегі Т. Рысқұлов атындағы 600 орындық жаңа мектептің лентасын қиды. Бұл нысанның аяқталуын жергілікті жұрт асыға күткен болатын. Өйткені ондағы ұжым білім ұясындағы орынның жетіспеушілігі салдарынан өскелең ұрпаққа үш ауысым жүйесінде дәріс беруге мәжбүр болып келген болатын. Енді оқушылардың заманға сай білім алуына кері әсерін туғызған сол жүйенің өткен күннің еншісінде қалғанына дән риза болған ұжымды аймақ басшысы құттықтап, ізгілік тіледі.
Тиісті талаптарға сай еңселі етіп соғылған мектептің сыныптарын аралап көрген Жансейіт Қансейітұлы ондағы шәкірттермен тілдесіп, олардың сабақтарды үздік оқып, озат атануға, сөйтіп, еліміздің үлгілі азаматтары болып бой түзеулеріне шақырды.

Жемістердің ғажабы – Жетісайда

Бұдан соң аймақ басшысы Жетісай қаласындағы жұмысы қызған «AIIG Kazakhstan» ЖШС-нің мақта зауытына табан тіреді. Жалпы аумағы 5,6 гектарды алып жатқан аталған зауытта 660 адам жұмыс істейді. 2013 жылы құрылған өндіріс орнында мақта талшығы, техникалық тұқым, линт, улюк дайындалады. Мұнда өндірілген өнімдер еліміздің барлық аймағына жөнелтіледі.
Зауыт ұжымымен кездесу кезінде облыс әкімі «жерге еткен жақсылықтың жерде қалмайтынын» терең түсініп, талпынысты еңбек үлгісін көрсеткен жұмысшылар арасында белсенділігімен дараланған «Озат терімші, «Ең үздік комбайншы», «Ең үздік терімші» номинацияларының иегерлерін марапаттап, оларға сый-сияпат табыстады.
Жалпы Жетісай ауданында мақта теру науқанының аяқталуына санаулы күндер қалды. Қазіргі таңда аудан бойынша 48226,8 гектар мақта алқабынан 126 мың 192 тонна шитті мақта жиналды. Ақ алтынның түсімділігі әр гектарынан 26,2 центнерді құрап отыр. Бұл облыс бойынша ең жоғары көрсеткіш.
Бұл күндері Жетісай ауданында «Алтын күз – 2018» іс-шарасы тойланып, Жетісай қаласының күні мерекесі аталып өтілді. Қос тойдың қабат келуіне орай ауданда аталып өткен шаралардың бел ортасында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың жүруі мереке көрігін қыздыра түсті. Өз кезегінде аймақ басшысы жемістерден жасалған пирамидаларды тамашалап қана қоймай, дастарханды даңғайыр етер сүт, нан өнімдері мен ауылдық округтердің ауыл шаруашылық өнімдерінің көрмесін аралап көрді.
«Алтын күз – 2018» мерекесі барысында «Бұқа», «Ләңгі», «Айыр ағашпен дәлдеу», «Көңілді старт» сынды спорттық сайыстардың ұйымдастырылуы мереке ажарын аша түсті. Шараға ағылып келген қонақтардың барлығы бауырсақтан жасалған пирамидадан дәм татты. Береке мен бірліктің символындай болған бұл шарада облыс әкімі:
– Жетісайлықтардың биылғы тойы жылдағыдан ерекше. Түркістан облысы, оның ішінде Жетісай ауданы негізінен ауылшаруашылық бағытындағы салалардың барлығын қатар алып келе жатқан, соның арқасында дамып, тіршілігінің берекесін келтіріп отырған аумақ. Аграрлық сектордағы бұл жетістіктерімізді барша облыс еңбеккерлерінің ортақ жеңісі деп бағалаймыз. Ауданның табиғаты бақша өнімдерін дамытуға өте қолайлы. Жалпы биыл Жетісай ауданында 839 гектарға қырыққабат егілсе, одан 30701,2 тонна өнім алынған. Оның 80 пайызы шетелге экспортталған, – деді.
Жетісай ауданында ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 78 мың гектарды құрайды. Соның биыл 48 262 гектарына ақ алтын дәні себілді.
Ауданда осы жылы 15019,2 гектарға бақша өнімдері отырғызылған. Ал, одан алынған өнімнің жалпы көлемі 426159 тоннаға жетті. Мәселен, 8621,7 гектарға қауын, 6397 гектарға қарбыз егілсе, оның 30 пайызы шетелге экспортталған. Бұл үлкен көрсеткіш. Бұдан бөлек, Жетісай өлкесінде майлы дақылдар, көкөністер толығымен жиналып алынды.
Сөз соңында «ауыл – алтын бесік» деген игі атқа ие болумен қатар, аграрлы аумақ ретінде ел ішін ауқатқа толтырып жатқан қос ауданның алар асуы мен бағындырар биігі көп болсын демекпіз. Тарихы қалыңдап, табысы арта түссін. «Елде болса ерінге тиеді» дегенді қаперге алсақ, бұл аудандардың молшылықтың ордасына айналуы облыстың көсегесін көгертіп, атын оздыра түсетіні айқын. Және оған сырттан қараған сырт көз болмай, өзіндік үлес қосуымыз Сіз бен біздің ортақ мүддеміз болуы тиістігін баса айтқымыз келеді.

С. НҰРАЙ.