Тұғырлы жобаның тартуы


Мемлекет басшысы Н. Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында осылай орамды ой айту арқылы барша жұртты туған жерді түлетуге, өскен өлкені гүлдендіруге шақырған болатын. Ізінше қолынан іс келетін, жүрегі кең, пейілі жомарт жандардың туып-өскен жерлерін абаттандыруға, ондағы жұрттың жағдайын жақсартуға септесін болатын игі тірліктерге баруы жиі көрініс тапты. Еліміздің жер-жерлерінде орын алған мұндай мейірбандық пен қамқорлық бай-бағландарға қарата айтылып келген «жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген мақалдың көбесін сөкті. «Туған жер» елі үшін еміренетін ақберен, көңілі ақеділ азаматтардың арамызда жетерлік екенін көзге көрсетіп, қолға ұстатып берді. Сөзіміз құрғақ болмас үшін мына бір деректерді келтіре кетейік.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шеңберінде қолға алынған «Туған жер» жобасы басталғаннан бастап елімізде жаны жомарт кәсіпкерлер мен мінәйі мінезді меценаттардың көмегімен бала саны тым көп, мектеп жетіспеушілігі айқын сезілген ауыл, аудан, қалаларда 17 мектептің іргесі қаланып, бой көтерді. Балабақшадағы орынның жеткіліксіздігі мәселесі бойынша тап осы жоба аясында бірқатар проблемалар өз шешімін тапты. Жоба аясында бүгінге дейін 62 балабақшаның пайдалануға берілгені соның мысалы. «Өзім ғана болсам, өзім ғана толсам» деген қарау ниеттен ада, кеңқолтық азаматтардың жәрдемімен республикамызда 36 мәдениет нысаны ел игілігіне берілді. Сонымен қатар, 23 денсаулық сақтау, 169 спорттық нысан мен 32 балалар алаңының құрылысы жүргізілді. Бұдан бөлек еліміз жақсылар мен жайсаңдардың арқасында 59 білім ұясының, 62 балабақшаның, 51 мәдениет нысанының, 43 спорттық пен 15 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілді.
Айталық, бүгінге дейін жоба негізінде Ақмола облысында 32 пәтерлі үш тұрғын үй, 3 балабақша мен 10 білім беру ұясының ғимараттары жаңартылды. Мұндай игі іс Ақтөбе облысындағы 12 спорттық нысан, жазғы аквопарк, 4 балабақша, медициналық пункт пен 6 спорт нысандарында да жүзеге асты. Алматы облысында әлеуметтік жағынан әлсіз деп танылған жандар үшін 37 үй, 3 балабақша мен жылыжай кешені салынса, мұнайлы өңір Атырау облысында салынған 6 балабақша мен 4 балаларға арналған спорт алаңдары жергілікті тұрғындардың жүзіне қуаныш сыйлады.
«Туған жер» жобасы негізінде Қостанайда 100-ден астам білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарының ғимараттары жөндеуден өтсе, Сыр бойы елінде де орны бөлек істер орын алды. Атап айтқанда, 60 мектепке 44 млн. теңгеге кабинеттер және т.б жабдықталды. Маңғыстаудағы Жаңаөзен қаласында қан тазарту орталығы мен 500 орындық жатақхана ашылды. Ал, Павлодар облысында 17 ауылдық клуб жөндеуден өтті. Шығыс Қазақстан облысында оңалту орталығының, «Нұрлы жол» демалыс саябағының, 14 балабақшаның және т.б нысандарға қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Әулиеата өңірінде аз қамтылған отбасылар үшін 9 үй, 7 спорттық алаң салынып, барыс-келісті оңай еңсеру үшін демеушілік есебімен бірқатар жолдар салынды. Батыс
Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» музейі ашылып, 13 балалар алаңы мен 26 спорттық нысанның құрылысы іске асты. Қарағандыда 5 балабақшаның ауласы абаттандырылып, «Туған жер» аула клубымен бірге спорт кешенінің іргесі қаланды. Еліміздің теріскей аумағында бірқатар нысандардың, атап айтқанда, білім беру саласында –30, мәдениет саласында – 12, әлеуметтік көмек саласында – 5, спорт саласында – 9, денсаулық сақтау саласында – 4 жобалардың құрылысы мен жаңғыртуы қамтамасыз етілді.
Шымкентте рухани даму орталығы бой көтерсе, Түркістан облысында бірқатар аудандарда балабақшалар салынып, «Ажарлы үй – ырысты», «Табиғат – тіршілік нәрі» жобалары қолға алынып, соның негізінде аудандар мен қалаларда «Тал күні» акциясы өткізіліп, 12 мың адамның қатысуымен 47,5 мың көшет және түрлі ағаш отырғызылды. Еліміздің ең іргелі мегаполисі Алматы қаласында емхана, мектеп-гимназия, 4 балабақша, жеңіл атлетика стадионы ашылды. Мұнымен қоса 46 көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеті жөнделіп, екі мектептің бой көтеруі жолға қойылды. Ал бас қала Астанада заманауи экомешіт салынып, байрақты бәсекеде ел намысын жыртатын тарландарды баптайтын бірқатар спорт мектептері ашылды.
Қайырымдылық, ізгілік қасиеттерді бойына жинаған еліміздегі атпал азаматтар 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында 43 нысанның салынуына септесін болып, бір нысанның жаңаруына ықпал еткен.
Осы істердің орындалуы барысында қаншама қайырымды, тобасынан жаңылмаған жандардың туған елге деген сүйіспеншілігі, оған деген құрметі жатыр. Мұндайда қазақ «болар істің басына, жақсы келер қасына» демеуші ме еді?! Лайым әрбір жоба жоспарын саралап-сараптап, ой сүзгісінен өткізіп отыратын Елбасы өзінің баянды бастамасын жариялағаннан бастап, іле оны ілгері сүйреп кететін ізгілікті жандардың қатары арамыздан азаймағай.

С. НҰРАЙ.