Депутат теріскейліктермен дидарласты

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Берік Серікұлы Оспанов арнайы іссапармен Созақ ауданында болды. Халық қалаулысы өз сапарын Созақ ауылында облыстық бюджет есебінен салынып жатқан N1 колледж ғимараттарының құрылыс жұмыстарымен танысудан бастады.

Қазіргі танда қарқынды әрі сапалы жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына оң бағасын берген Берік Серікұлы Президенттің 5 әлеуметтік бастамасында көрсетілгендей, колледждің жатақханасы құрылысын жүргізуді кешіктірмеу қажет екендігіне тоқталды. Өз кезегінде аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы Салыхан Полатов құрылысы келесі жылға өтпелі нысан мерзімінде тапсырылып, ел игілігіне қызмет ететінін атап өтті. Колледж директоры Бақдәулет Қордашбеков депутатқа колледж ғимараттарының аралығын кесіп өтетін автокөлік жолын заң талаптарына сәйкестендіру бойынша жұмыстар атқарылып жатқандығын жеткізді. Мұнан соң,
Б. Оспанов Сызған ауылдык округі тұрғындарымен кездесу өткізді. Ауылдық клуб ғимаратына жиналған халықпен кездесу жиынын аудан әкімі С.Полатов ашып, жүргізіп отырды. Мәжілісмен тұрғындарды қазіргі таңда еліміздін заң шығарушы органында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып өтті. Әсіресе, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі ретінде жер реформасы мәселесі бойынша құрылған Ұлттық комиссияның күн тәртібінде талқыланып, қабылданып жатқан шешімдер жайлы кеңінен айтып берді. Өз кезегінде депутатқа ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Маханбет Шоңбаев, ауыл тұрғыны Байзақ Таңатаров, жастар атынан Мәди Маханбетов, шаруа қожалықтарының өкілдері сұрақтар қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Мәжіліс депутатының ауданымызға іс-сапарына аудандық мәслихаттың хатшысы Бегімбет Байғараев, аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ролан Әлжанов, Созақ, Сызған ауылдық округтерінің әкімдері Байзақ Әмет, Серік Маманов пен Кайырбек Мейірмановтар қатысты.

Созақ ауданы әкімінің баспасөз қызметі.