«Өлкетану» жарық көретін күн жақын

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «Туған жер» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – келешек ұрпақтың алдағы уақытта туған жерлеріне қамқорлық танытып, жанашырлықтың жаңаша үлгісін көрсетуін жолға қою болып табылады.

Осы бағытта биыл қазан айынан бастап еліміздегі мектептерде «Өлкетану» пәні енгізіліп отырғаны белгілі. Оқулықтың оқу жүйесіне енгізілуіне Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негіз болған. 5,6,7 сынып оқушылары оқитын бұл оқулықтың негізгі мақсаты – жастардың рухани жан дүниесін байыту.
Жуырда Түркістан облысы, Түркістан қаласында облыстық білім басқармасына қарасты әдістемелік орталық ұйымдастырған жиында «Өлкетану» оқулығының таныстырылымы өтті. Онда облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова:
– Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тікелей қолдауымен шығарылған оқулықтар жас өрендер үшін өте пайдалы. Себебі, «Өлкетануда» өңірдің тарихы, қазақ әдебиеті, географиясы мен музыкасынан мол хабар беретін мәліметтер қамтылған. Бұл салалардың таңдалып алынуы да тегін емес. Өйткені онда біздің рухани кодымыз жатыр,-деді.
Өз кезегінде оқылулықты Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша Өмір Шыныбекұлы, Бибайша Бейсетаева, Күлімхан Сейілбекова, Жанар Ширманова сынды білікті мұғалімдер құрастырған. Оның мазмұны Білім және ғылым министрлігі мен өңірлерде құрылған арнайы сараптамалық комиссияның тексерісінен өтіп үлгерген. Енді оқулық баспаға жіберуге толық дайын. Алдағы уақытта “Өлкетану” және “Краеведение” деген атпен екі тілде жазылған бұл кітап баспадан облыс мектептеріне жеткілікті деңгейдегі тиражбен басып шығарылады.
Облыстық білім басқармасына қарасты әдістемелік орталық ұйымдастырған жиында ұстаздар мен сарапшылар «Өлкетану» оқулығының маңыздылығына тоқталып, жаңа пәнді оқыту бойынша өзара пікір алмасты.