Түрксой тілегі – түркітілдес елдердің тұғырын сақтау

Осы аптада Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет орталығында ТҮРКСОЙ ұйымының 25 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. 1993 жылдың 12-шілдесінде құрылған бұл ұйымның басты мақсаты – түркітілдес елдердің мәдениеті мен өнерін жан-жақты дамыту болып табылады.

Ұйымның 25 жылдығына байланысты өткен шарада қатысушыларға оның осы бағытта атқарған тың тірліктері мен баянды бастамалары жөнінен мол хабар беретін көрмені тамашалау ұсынылды. Іле шараға келушілерге халықаралық ұйым жайлы арнайы бейнефильм көрсетілді. Түркітілдес елдердің ынтымағын айрандай ұйытып жүрген ұйымның 25 жылдығына байланысты арнайы өткізілген бұл басқосуда алғаш болып сөз алған Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев былай деп сөз сөйледі.

– Түркі әлемінің бүгінгі заманындағы кемеңгер көшбасшысы атанған Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «ТҮРКСОЙ» түркі әлемінің ЮНЕСКО-сына айналуы тиіс» деген болатын. Өздеріңізге жақсы мәлім 2012 жылдан бері ТҮРКСОЙ ұйымы түркі әлемінің мәдени астаналарын таңдау жобасын жүзеге асырып келеді. Түркі халықтары жаһандану заманында алпауыт елдерге жұтылып кетпей, ұлттық кодын, өзіндік ерекшеліктерін, мәдениеті, руханияты мен мемлекеттілігін сақтап қалу үшін өзара ынтымақтастығын нығайтып, бірлігін бекемдей түсуі керек. Бұл ретте «ТҮРКСОЙ» ұйымының орны бөлек. Ол түркітілдес елдер арасында татулыққа сына қағылудың алдын алып, бұқараны бірлікке бастайтын қаншама шараларға ұйытқылық танытып келеді. Өткен жылы дәл осы ұйымның бастамасымен «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» болып аталып, сол бағытта киелі кент төрінде ауқымды шара өткені белгілі. Бұл Елбасының Рухани жаңғыру жөніндегі бастамасымен үйлесіп, Мәңгілік Ел мұраттарымен үндесті. Түркістан – түркі қағанаттарының туы тігілген орда. Түркістан – түркі халықтарының орасан зор оғландарын ақ киізге көтеріп, хан сайлаған қасиетті жер. ТҮРКСОЙ ұйымы алдағы уақытта да түрлі қалаларды Түркі әлемінің мәдени астанасы етіп жариялай отырып, туысқан халықтар арасындағы осынау байланыстарды одан әрі тереңдете түсері шүбәсіз. Түбі бір түркі түгел болса, біздің алар асуларымыз бен бағындырар биіктеріміз көп болмақ.
Сондай-ақ, жиында ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Өкілетті кеңесінің төрағасы Муса Йылдыз, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Болатбек Әбдірасилов сынды ғалымдар ұйымның маңыздылығы туралы баяндама жасады.
Осы салтанатты шарада Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының «Құрмет» орденімен марапатталды.
Сонымен қатар, Түркістан облысының әкімдігі мен «ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымы арасында мәдениет саласындағы ынтымақтастық жөнiндегi өзара түсiнiстiк туралы меморандум түзілді.
Жиын арнайы әзірленген концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

С. НҰРАЙ.