«SHYMKENT CITY BIKE» ЖОБАСЫ ЖАНДАНАДЫ

Қала тұрғындары заманға сай өмір сүруге бейімделіп келеді. Бүгінде мегаполис тұрғындарының «Shymkent City Bike» жобасы аясында қала ішінде велосипед тебуге тез төселіп кеткені соның белгісі. Жалпы велосипед айдау қала ішінде көлік кептелісін мейлінше азайта түседі.

Сонымен қатар денсаулыққа берер пайдасы да шаш етектен. Бірақ алғашқы кездері бұл жобаға жатырқай қараған жұрттар да табылып жатты. Дегенмен аз уақыт ішінде велосипед тебуді қош көретіндердің қатары көбейіп, жобаның өміршең екендігі дәлелденді. Қазіргі таңда оларды пайдаланушылардың қатары күн санап арта түсуде. Осыған орай миллион тұрғыны бар Шымкентте қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың бастамасымен қолға алынған «Shymkent City Bike» жобасының құлашын одан әрі кеңейту мақсатында қосымша велосипедтер алынатын болады.
Қазіргі таңда қалада аталған жоба аясында 39 велостанса бар. Ондағы велосипедтердің жалпы саны 200-ді құрайды. Велосипедті қолдану үшін абонемент төлем ақысы бір айға 1000, жыл он екі ай үшін 10000 теңге екенін біле жүріңіз.