Маңызды

Нұршат ТӨКЕН, Adym.kz ақпараттық сайтының редакторы: «Сапалы контент ұсынбайынша, оқырманнан айрылғанымыз айрылған…»

– Соңғы уақытта Adym.kz сайты әлеуметтік желілерде белсенді хабар тарата бастады. Қазақ тілді ақпараттық кеңістікке жаңа қосылған сайт жөнінде қысқаша мәлімет бере кетсеңіз? «Адым» сөзі не ұғым береді?

– «Адым» сөзі ежелгі ұзындық өлшем бірлігі. Жай жүргендегі екі аяқ арасының алшақтығы. Сондықтан бұл ұғымда ең жиі қолданылатын тіркес – «Қарға адым жер». Мәселен, фольклор, жыр, дастандарда «Қаңтарда күн қарға адым ұзарады», «Қара арғымақ арыса, қарға адым жер мұң болар» сынды тіркестер жиі қолданылады. Сайттың домені осы қазақы тайм-менеджмент негізінде таңдап алынған. Ақпараттық қоғамда оқырман күн сайын сан мыңдаған хабар-ошардың толқынына ұрынып отыр. Тәуліктегі жаңалықтар, әлеуметтік желідегі мәліметтер, қызығып оқитын деректерді қоспағанда күн сайын орташа есеппен үш мыңнан астам жарнама санамызға «соғыс» ашады екен. Сол үшін де үнемі ұмытшақпыз. Анығында, көп жағдайда (тұщымды сараптама, жанды фоторепортаждарды қоспағанда) ғаламторда ұзақ мәтіндер көп қарала бермейді. Тұтынушы өзіне қажеттісін оқып, қалғанын тек көзбен шолып «ұзатып» сала береді. Сондықтан, «Адым» атауын таңдап алуымыздың себебі жедел, нақты ақпарат таратуда оқырмандарымыздың уақытын үнемдеу болатын. Әрі, әр адымымыздағы көз көріп, құлақ естіген нақты мәліметтерді көпшілікпен бөлісуді мақсат тұттық.
Сайтымыз елімізде тіркелген, ақпарат тарататын қазақтілді көп электронды бұқаралық ақпарат құралдарының бірі. Негізгі мақсатымыз – өзіміз өмір сүріп келе жатқан 3 млн.-ға жуық халқы бар күнгей өлкесінің жаңалықтарын интернет желісінде оқырмандарға жеткізу. Бұл жобамыз 2016 жылдың қаңтар айында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде ресми есепке қойылған. Әлеуметтік желілерде сайттың ресми парақшалары жұмыс істеп тұр.

– Көшірме дүние көбейіп барады. Сайт ашу сәнге айналған ба? Осы «дерттен» Адым.кз сайты аман ба? Аудиторияға сапалы контент ұсыну үшін қандай қадамдарға барар едіңіз?
– Қазақтілді интернет журналистика болуы үшін қазақ тілінде интернет басылымдар ауадай қажет. Әзірге мемлекеттік тілдегі мұндай сайттар жаңбырдан соңғы қозықұйрықтай қаптап, өсіп келеді. Әу баста, тек газеттердің электронды көшірмесі болған олар біртіндеп ақпараттық агенттікке айналды. Сондықтан онлайн журналистика уақыт ағынымен өміршең күшке иелік етіп келе жатыр. Сан артқан сайын өзара бәсекелестік туындайды. Оның салдары сапаға ұласады. Мәселен, бүгінгі дерек бойынша қазақстандық электронды БАҚ-ның рейтингісін анықтайтын zero.kz сайтында 435 интернет басылым тіркелген. 27 жыл ішінде бұл сандар тым көп те, аз да емес.
Сол себепті «сайт ашу сәнге айналды», деп кесіп тастай алмаймыз. Уақыт деген не деген сұраққа, көптеген адамдар “Уақыт деген — ақша” (Время -деньги) деп жатады. Кез-келген сайттың көздегені белгілі мерзім ішінде көбірек оқырман жинап, оның рейтингісін көтеру. Осы арқылы жарнама тартып, мемлекеттік тапсырысқа қол жеткізу. Түптеп келгенде сапалы контент сату арқылы экономикалық табысқа кенелуді көздейді. Ал, виртуалды дуэлде жеңіліс тапқандар биотикалық факторлармен «жемтікке» айналады.
Әрине, ақпаратты көшіріп басудан аулақпыз деп айта алмаймыз. Кейбір өзекті мәліметтерді заңдық тәртіппен ірі медиа ұжымдардан гиперсілтемемен алып отырамыз. Шыны керек, жаңадан жұмыс бастаған ақпараттық сайтымызда штаттық негізінде тілшілер алу қалтаға салмақ салуда. Сол себепті, барлық ақпаратты бірдей алуға әуелі уақыт, сосын мамандар жеткіліксіздік етеді. Әзірге көзқарасымыз ортақ жекелеген ерікті жазармандармен бірлесіп еңбек етіп келеміз.
Оқырман үшін сапалы контент дегеніміз әр ақпараттық сайттың өзінен шығатын өнім. Бұл талдау-сараптама, мултимедиалық (аудио, видео, фото) дүниелер.
Қазірге сайтымыздың ең белсенді авторлары белгілі фотограф Мақсат Шағырбаев, спорт журналисі Ғабит Сапарбековтер. Әсіресе, сайттың фоторепортаждар бөлімі арқылы өңірдің келісті келбеті, еңбек адамдары, мәдени, рухани жаңалықтарын үзбей беріп келеміз. Мұнан тыс қоғамдағы түрлі мамандық иелерінің бір күндік өмірі туралы да жақсы бір жобаны бастағалы отырмыз. Алда қаржылық мүмкіндіктер болып жатса, сайттың SEO оптимизациясын дамытып, SMM әлеуетін арттыру да ойымызда бар.

– Журналистикадағы алғашқы қадамыңызды дәстүрлі медиа құралы — мерзімді басылымнан бастадыңыз. Жаңа медиаға бейімделу қиынға соққан жоқ па? Дәстүрлі медиадан нені үйрендіңіз?
– Түркістандағы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің журналистика бөліміне оқуға түскеннен бастап, әр жылдары республикалық, облыстық газеттерде өндірістік тәжірибеден өттім. «Қазақ әдебиеті», «Дала мен қала», «Оңтүстік Қазақстан», «Түркістан» басылымдарында тәжірибелі аға-апаларымыздың көмегімен әуелі жазуға машықтандым. Газеттің кезекті шығарылымына кезекші болып, ұжымдық еңбектің қадірін түсіндік. Ең алғаш газет бетіне қызыл шимаймен күзеліп, түзеліп шыққан оймақтай ғана ақпаратты көргенде қатты қуанған едік.
Төрт жылдық студенттік өмірден кейін қара шаңырақ «Оңтүстік Қазақстан» газетінде алғашқы бас редакторым, бүгінде Түркістан облысы әкімінің баспасөз басшысы Бейсенбай Тәжібаевтың ағалық қамқорлығымен мерзімді басылымның қазанында қайнадық. Қазақ баспасөзінің білікті журналшылары, бас редакторлары Бақтияр Тайжанов, Абай Балажан көкелеріміздің аталық ақыл-кеңесін тыңдап өстік.
Дегенмен, журналистика бөлімінде жаңа медиа туралы алған білімді, түрлі семинар-тренинг, конференциялардан жинаған тәжірибе негізінде дамытып, интернет ресурстарда жұмыс істей бастадым. Мерзімді басылым — журналисті жазуға шыңдайтын темір төстік. Сондықтан газеттен алғанымды жаңа медиа саласында кәдеге жаратуға еш қиындық болған емес.
Онлайн медиадағы журналистер ай шарынан келгендер емес. Олар да кәдімгі дәстүрлі БАҚ-тан келгендер. Олардың көбі онлайн медиада жұмыс істеудің әдіс-тәсілдерін меңгере алды. Мультимедианың жаңа қыр-сырын игерсе, шет тілін жетік білсе, жаңа шыққан құралдарды қолданысқа енгізіп отырса еңбек өнімділігін береді.
Қазіргі таңда қоғамда «Қазақ тіліндегі ақпарат сапасыз, тарихи, мәдени ақпараттан бөлек дүниелерді гуглдан («Тапқышбектен») орысша, ал ғылыми-танымдық ақпаратты ағылшын тілінде алуым керек», — деген бейсаналы ой кезіп жүр. Оны өзгерту үшін қазақ тілінде сапалы ақпарат берілуі қажет. Сарапшылар пікірі бойынша дәстүрлі медианың ішінде салалық медиа қалыптаспаған. Ол олқылықтың орнын енді мультимедианы меңгерген менеджерлерден құралған онлайн медиа толтыруы тиіс деп есептейді.

– Аздап пікір айтып, сөйлем құрай алатындар блогфлатформаларда жеке блог жүргізбей жатып, әлеуметтік желіге жазған екі-үш жазбасымен өздерін «блогер» санап жүр. Жалпы кәсіби журналист пен блогердің және әлеуметтік желі белсендісінің айырмашылығы неде?

– Ақпараттық сайттың жаңалықтарын әлеуметтік желілерде белсенді бөлісіп отырамыз. Бір қызығы, іссапармен өңіріміздің аудан, қалаларына барған сәтте жергілікті билік өкілдері бізді «блогер» деп таныстырып жатады. Біз әуелі журналист, сосын әлеуметтік желі белсендісі ғанамыз.
Ал, блогер ұғымы қоғамдағы кез-келген мәселе туралы өз азаматтық ұстанымын бүкпей айтып, блогфлатформаларда тұрақты блог жүргізіп отыратын интернет қолданушысы. Дегенмен, менің ойымша бұларды кәсіби журналистермен тең дәрежеде қарастыра алмаймыз. Ресми, сенімді дереккөздермен жұмыс істеуде, талдау, сараптауларда кәсіби журналистер көш басында. Бірақ, жаңа технологияны, әлемдік әлеуметтік желілерді ұтымды пайдалануда олар журналшылардан бір пәс жоғары. Түптеп келгенде журналшы, блогер, әлеуметтік желі белсендісі бір-бірін толықтырып, ақпар тарату, пікір алуандығын қалыптастыруда ашық мінберге айнала алады.
Қоғамда әлеуметтік желілерге тәуелділік барған сайын арта түсуде. Соны жақсы түсінген билік органдары интернет желілерінен ресми парақшаларын ашып, ел-жұртпен кері байланысқа шығуда. Бір сөзбен елімізде ашық, домократиялы диалог алаңы қалыптасып келеді. Сондықтан дәстүрлі медиа да жаңа медианың озық тұстарын өзіне қабылдауға ынталы. Бір сөзбен, Қазнетте медиа құрал ретінде ғана емес, бизнес ретінде қарастырыла бастаған сәтте қазақ тілді сапалы контенттың қоры көбейіп, отандық медиа жаңа даму кезеңіне өтеді деп ойлаймын. Сапалы контент ұсынбайынша, оқырманнан айрылып қала береміз.

– Жылдағы дәстүрлі мейрам — байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні қарсаңында қандай тілек айтар едіңіз?

– Республикалық «Дала мен қала» газеті жабылып, басылымның соңғы номері шығып жатқанда белгілі публицист Есей Жеңісұлы ағаның сонда жазған мақаласы есіме оралады. Журналшы қауым сырт көзге мырза көрініп, ел-жұрттың мұң-мұқтажының ортасында жүргенімен, өз әлеуметтік мәселесін әлі толық шеше алмай келеді.
Жерінен айрылған жесір ананың арызы негізінде редактордың тапсырмасымен мақала жазып отырған тілшінің ойына кей-кейде ай соңында төлер пәтерақысы мен коммуналдық төлем орала береді. Ал, онан соң қаламы қалай жорғаласын?!
«Төртінші билік» деп арқадан қаққанмен, нақты қоғамда белгілі бір санатқа жатқызып, мемлекеттен тиесілі игілік идірмеген соң не қайыр?!
Жыл сайынғы мереке қарсаңында жоғарыдан бір жақсы хабар күтумен келеміз. Осы орайда «Оян, Қазақ!», деп ұрандаған Алаш арысы Міржақып Дулатовтың «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің ертеңі мықты», деген ұлағатты сөзін ақжағалылардың есіне бір түсіріп қойғанды жөн санадым. Мерекелік көңіл-күйлеріңізге аздап мұң ұялатып алсам, басымды иіп ғафу өтінемін.

– «Уақыт» басылымына уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан:
С. НҰРАЙ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру