«АСТАНАНЫҢ 20 ЖЫЛДЫҒЫНА – 20 НЫСАН»

Оңтүстік Қазақстан облысында дәл осындай атпен арнайы акция қолға алынды. Осы жоба негізінде күнгейде Елорданың айтулы мерекесі қарсаңына орай облыс халқының әлеуметтік-экономикалық өмірінде аса жоғары мәнге ие 20 әлеуметтік нысан мен өндіріс орны ел игілігіне берілетін болады.

Жоба аясында пайдалануға берілетін бірінші нысан – Шымкенттегі «Оңтүстік» индустриалды аймағындағы «Шымкент темір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі металлургиялық зауыты болмақ. Жалпы жоба құны 4,2 млрд. теңгені құрайтын бұл нысан жылына 240 мың тонна өнім дайындайтын болады. Сондай-ақ, 150 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды деп күтілуде.
Екінші, үшінші, төртінші нысан ол қаладағы ұлттық теннис орталығы, содан соң зообақтың «Африка» бөлігі мен Астана даңғылы бойындағы гүлзары сынды нысандардың салтанатты ашылуы болып табылады. Бұдан кейін тізімге облыс аумағында ашылатын төрт балабақша қосылады.
Ару Астананың дүбірлі тойында Шардара ауданында 10 пәтерлі екі қызметтік үйде қоныстой тойланады. Мұнымен қоса үйлі, күйлі болатын ағайындардың қатары таулы Төлеби ауданында арта түспек. Мерейлі мереке аясында аталған ауданда 20 пәтерлі бес қабатты тұрғын үйдің кілті өз иелеріне салтанатты жағдайда табысталады. Бәйдібек ауданында да 1 пәтерлі 20 коммуналдық тұрғын үйдің құрылысы толық бітіп, тұрғындарға беріледі.
Бас қаламыз Астананың 20 жылдығына орай ашылатын кезекті бір нысан – киелі кент Түркістанда «Яссы құс» шаруақожалығының базасында сыйымдылығы 200 тоннаны құрайтын көкөніс және жеміс-жидек сақтайтын қойма болмақ. Бұдан бөлек осы акция бойынша аймақта халықтың рухани сұранысын қанағаттандыратын 200 орынды мәдениет үйі, 600 орынға лайықталған мектеп, 60 балаға шақталған «Ақкен» емдеу-сауықтыру лагерінің ашылу салтанатының лентасы қиылады.
Әлем назары түскен ару Астананың 20 жылдығына орай облысымызда жоғарыда атап өткендерден бөлек, түрлі демалыс орындары мен спорттық нысандардың ашылу рәсімін өткізу жоспарланып отыр.
С. НҰРАЙ.