Түркістанның тұрмысы түзеліп, тірлігі гүлденеді

«Елу жылда ел жаңа». Осыдан 27 жыл бұрын егемендігін алып, өз алдына бөлек ел болған
Қазақстанда бұл мақалдың салтанат құрған нақты мысалдары жетерлік. Кеше ғана Сарыарқаның сар даласында Астананың қазығы қағылғанына 20 жыл толғанын дүйім ел болып дүркіретіп тойлауымыздың өзі соның айғағы. Осынау торқалы тойды тойлаудың қарсаңында жыл басынан бері елімізде көптеген жиындар, алқалы басқосулар мен түрлі шаралар өткізілді. Солардың бірі мамыр айында Елордада өткізілген ХІ Астана экономикалық форумы болды.

Сонда Елбасы Шымкенттің миллион тұрғыны бар қалаға айналғанын айрықша атап өткен болатын. Содан соң, мемлекет басшысы араға бір ай салып, Ақорда төрінде Шымкенттің дербес қала атануы, Оңтүстік Қазақстан облыcының Түркістан облысы болып қайта құрылуы, ал Түркістан қаласының оның әкімшілік орталығы болатыны туралы Жарлыққа жариялы түрде қол қойған-тын. Сол кезде бас қаласының 20 жылдығын тойлап жатқан қазақ жұрты өз елінде мегаполистердің қатары толыққанын, рухани астанасы атанған Түркістанның облыс орталығы ретінде болып орныққанын қолдап, қуаттады.

Елбасының бұл шешімі ертеде ер түрік туып өскен Тұран елі тарихының жаңа парағының ашылуының, оның қайта түлеуінің, және тамырына қан жүгіруінің бастауы болды.
Түркістан тарихтың талайын көрген көне қала. Басына түскен талай сын сағаттарды еңсерген ескі шаһар. Ол қазақ хандығының ең бірінші астанасы болған. V-VI ғасырларда Ұлы Жібек жолының бойында іргетасы қаланған Түркістанның тамыры тереңде жатыр. Талай тарихтың куәсі болған бұл жерде 1400 жылдан бері қазақ елінің қиын күнде пана, ушыққан дау-дамайда дана болған ел бастаған көсемдері мен сөз бастаған шешендерінің сүйегі жатыр. Олар көзі тірісінде өздерін осы Түркістан топырағында жерлеуді аманат еткен. Тарих беттеріндегі деректер түркі тарихының түп тамыры – Түркістан жерінде Жәңгір хан, Болат хан, Бөкей хан, Есім хан, Жәнібек хан, Тұрсын хан, Тәуке хан, Қайып хан, Сәмеке хан, Жолбарыс хан, Сейіт хан, Барақ хан, Сығай хан, Әбілмәмбет хан, Абылай хан, Әбілфейіз хан, Бөкей хан, Тоғай хан және тағы басқа қазақтың 21 ханы мен 110-ға жақын билері мен батырлары жерленген.
Дешті қыпшақ мен Орта Азияның аралығында орын тепкен қаланың Қазақстанның кіндігі деп аталуының тағы бір мәні кезінде қазақ хандығын, яғни, қазақ елін сақтап қалу жолында қасық қаны қалғанша жаулармен бетпе бет келіп шайқасқан бабаларымыздың рухының топтасқандығымен тығыз астасып жатқандай. Енді қасиетті өлке Түркістанның облыс орталығы ретінде беделінің биіктей түсуі сол баба рухын барынша асқақтата түспек. Бұл ойымызды Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың «Түркістан – рухты қайрап, Алашты арқаландырып, тағдырлы кезеңдерде Қазақ дейтін елді сақтап, берекесін арттыра білген қасиетті жер. Санаға сілкініс туғызып, отаншылдық сезімді тереңдететін тың бастама Рухани жаңғырудың жарқын көрінісі болары анық. Осы орайда, Түркістан туризм саласы бойынша Самарқан, Бұхара, Хиуа сияқты қалалармен бәсекелесіп, Түркі әлемінің астанасы және облыс орталығы ретінде әлемдік аренада Қазақстанның беделін биіктетіп, мәртебесін асқақтатады деп есептеймін», — деген сөзімен сабақтастырған жөн сияқты.
Ұлы Жібек жолының бойында орын тепкен, кезінде талай керуен көштің ордасы болған қасиетті қаланың тарихындағы жаңа парақтарына игі із қалдыруға лайық кадр ретінде Елбасының Жансейіт Түймебаевты Түркістан облысының әкімі етіп тағайындауы әділ әрі әдемі шешім болды. Себебі, түбі бір түркі жұртының тарихымен терең таныс тұлғаның Түркістанның құндылығын одан әрі арттырмаса, құлдиға құлата қоймайтыны сөзсіз. Оған өткен жылы Жансейіт Қансейітұлының облыс әкімі ретінде «Түркістан – Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы» атты халықаралық жиынды биік деңгейде өткізуде зор қолтаңба қалдырғаны негіз болмақ.
Қазіргі таңда Түркістанның облыс орталығы болуына сәйкес ол жерде жақын күннен бастап қызған құрылыс жұмыстары қайнай түспек. Өндіріс өзгеше реңкпен өркендемек. Индустрия игілігінің жемісін көру жолында инвесторларды тарту ісінде де оң динамикалық көрсеткіштерге қол жеткізілмек. Жалпы Түркістан тотыдайын таранып, түрленбек. Бұл ретте қаланың әлеуметтік- экономикалық дамуына көп екпін берілмек. Бірақ солай екен деп көне шаһардың рухани-мәдени орталық ретінде түлей түсуін көлеңкеде қалдырып қоймау керек. Және де жергілікті халықтың қоғамдық санасын жаңғырту, олардың заман көшіне сай бейімделуін, жаңа жаһандық жағдайларға сай өмір сүруін жолға қою бағытындағы мәселелері шетке ығыстырылмауы қажет. Осы ретте Жансейіт Қансейітұлының таразы басын тең ұстап, нақты тыңғылықты жұмыс, тиімді тұжырым жасауға білім-білігі мен іскерлік қабілетінің жететінін баса айтып өткім келеді. Сонымен қатар оның, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның белді мүшесі ретінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шеңберінде талай тың тірліктердің түзілуін қолға алатынына зор үмітпен қараймыз.
Түркістан қаласының Түркістан облысының орталығы ретінде түрлене түсуіне мысал боларлық дәлелдер жетерлік. Атап айтқанда, қаланы жарық, су, көгілдір отын сынды инфрақұрылым игілігімен толық қамтамасыз етуге ресурс мол. Ауыз су жеткілікті. Бұдан бөлек онда 70 жылға жететін жерасты су көздері бар. Бұл аймақ орталығының кез келген нүктесінде «суға сусап отыр» деген проблеманың түпкілікті болмауын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, ол жерге көгілдір отынды алаулатып жеткізу бойынша қолға алынған құрылыс жұмыстарының күрделі кезеңдері орындалған. Соған сәйкес, соңғы үш төрт жылда ондағы шағынаудандардың табиғи газға қосылу көрсеткіші көбеюде. Қаланы электр қуатымен қамтуда айтарлықтай проблема жоқ. Сала мамандары тек қосалқы стансалар салудың қажеттігін шегелеуде. Ауылшаруашылық саласында да өзгелер қызығып әрі қызғанып қарайтын жетістіктері жетіп артылады. Және ол бұдан былайғы ретте де барынша алға қарай дами түсетіні анық.
Қазақта «қос тойың қабат, екі дүниең абат» болсын деген сөз бар. Өз кезегінде Түркістанның облыс орталығы ретіндегі мәртебеге ие болуының арқасында шығысындағы тасын түртсең тарихы сөйлейтін Отырар ауданының, солтүстігіндегі кенді Кентау мен Созақ аумақтарының халқының ауқатты, жерінің абаттана түсуіне мол мүмкіндік туғызбақ. Тұтас облыстың орталығы ретінде енді мұндағы халықтың әлеуметтік экономикалық жағдайын көтеруде тың жобалар қолға алынбақ. Өз кезегінде бұл территориясы Түркістанмен шектесіп жатқан аудандарда ауылшаруашылық, өнеркәсіптік, туризм салаларының дамуына көлеңке болып тұрған түйіндердің тарқатылуына жарық түсірмек.
Өркениетке қол созған кез келген мемлекетте жол құрылысына жіті мән берілмей өре болмайтыны әлдеқашан дәлелденген. Енді жәдігер шаһарда жол инфрақұрылымында кетеуі кеткен мәселелердің өз шешімін табуына барынша мән берілмек. Осы тұста түрлі жоспар жүйелер жазылмақ. Сондай ауқымды жоспарлардың ішінде қаланың іргеліс жатқан аудандармен барыс-келісі мен алыс-берісінде оң өзгерістер орын алмақ.
Ұлы түркі бабалардың түпқазығы саналатын Түркістанның облыс орталығы ретіндегі баянды болашағына күмәнмен қарайтындарды көріп те, естіп те жүрміз. Дәл қазіргі таңда онда кәріз жүйесінің жүргізілуі он пайыздан сәл ақ асады. Ыстық судық жоқтығы тағы бар. Орталыққа ағылған ұлы көшті қабылдауға қала әл-әзір дайын емес. Жергілікті билік оларды кәсіпкерлік нысандарына жайғастырамыз деп білек түріп отыр. Бірақ ат шалдырған ағайынға бұл аз-маз қолайсыздық тудырмақ. Бірақ қазақ жұрты жұдырықтай жұмылса, бұл кедергілердің барлығы өткен күннің еншісінде қалатынына сенім мол. Осыған дейін елімізде екі рет облыс орталықтары ауысқаны белгілі. Оның алғашқысы Көкшетау, екіншісі Талдықорған қалалары. Бұлар мұндай статусқа ие болмас бұрын Қазақстанда көп саласы тұраланған территория болатын. Ал қазір қандай?! Дамудың даңғыл жолына түскен, жасанып сала берген қалалардың бірі. Көп ұзамай Түркістанның да сондай күйге кенелеріне сенім зор. Оған апарар жолдар, мол мүмкіндік берер потенциалдар да көп.
Айталық, қала ең әуелі тоғыз жолдың торабында орын тепкен. Түркістан – Сібір теміржолы арқылы еліміздің батысына да, шығысына да, солтүстігіне де жолаушылар мен магистралды пойыздар қатынайды. Ұлы Жібек жолы арқылы қалааралық, халықаралық көлік ағыны бір тоқтаған емес. Яғни, қаланың көлік логистикалық ахуалы зор. Тағы бір артықшылығы мұнда ЮНЕСКО-ның қорғауындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің болуы. XIV ғасырдың соңында тұрғызылған қайталанбас сәулет ғимаратын тамашалауға келгендердің нөпірі ешқашан толастаған емес. Мәселен, былтыр киелі кесенеге бір жарым миллион жұрт зиярат еткен. Олардың елу мыңға жуығы шетелден ат терлетіп келгендер. Ал 2018 жылдың бес айында бұл жерге бес жүз мыңнан астам туристің табаны тиген. Оның жиырма мыңы алыс-жақын шетелдерден арнайы келген. Түркістанның облыс орталығы ретіндегі жаңа статусы туристер санын арттырмаса азайтпайтыны анық.
Ұлтымыздың тұлпар мініп ту ұстаған ұлы перзенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл шешімі алда атқарылар қаншама өркенді істердің негізгі өзегіне айналатына бек сенімдіміз.

Саттар Қуашбаев,
Түркістан облыстық
мәслихатының депутаты,
әлеуметтік-мәдени даму
жөніндегі тұрақты
комиссияның төрағасы.