«АТАДАН МАЛ ҚАЛҒАНША, ТАЛ ҚАЛСЫН»… ал, Түймебаевтан қалған талдардың тағдыры кімге тапсырылады?

 

Қазіргі Түркістан бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысындағы 170 гектар тұқымбақта өткен жылы 16,3 млн. түп көшет өсірілген. Бұл облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы таратқан мәлімет. Былтыр өңірде көшеттердің жаңа түрлері мен санын көбейту мақсатында «Бадам» мемлекеттік мекемесінде 2 жылыжай құрылған болатын. Басқарма мамандарының айтуынша, бүгінде облыста жалпы орман қорының жерлері 3 132,0 мың гектарды құрайды. Оның ішінде орманмен көмкерілген алқабы 1 589,0 мың гектарға жеткен. Бұдан бөлек, 2017 жылға бекітілген индикативтік жоспарға сәйкес, таулы және тоғайлы аумақта 390 гектар, құмды өңірде 3 мың гектар жерге көшет егілген. Сондай-ақ, 10 577 гектарға сексеуіл тұқымы себілсе, орманның табиғи түрде ұлғаюына ықпал ету жұмыстары 7 мың гектар аумақта жүргізілген.

Кезінде Шымкентті сұр қалаға теңеген Жансейіт Түймебаевтың тұсында қолға алынған бастамалардың бірі — «Шатқал» бағдарламасы болды. Бағдарламаны іске асыру мақсатында былтыр облыстың елдімекендерін көгалдандыруға аудан, қала әкімдіктеріне басқарма тарапынан 480 мың түп көшет тегін босатылыпты. Басқарма биылға аудан, қала әкімдіктерінен сұранысына орай 1 млн. 990 мың түп көшетті тегін үлестіруді жоспарлады да. Биыл, сондай-ақ, Шымкент қаласы айналасындағы «Жасыл аймақ» көлемін 19 мың гектарға ұлғайту жұмыстары жүзеге асты. Шымкент қаласы аумағынан 125 гектар жерде орналасқан 7 шатқалда 55 мыңнан аса әртүрлі көшеттер егіліп, абаттандандыру жұмыстары жүргізілді. Облыстық әкімдіктегілер бұл жұмыс тағы да жалғаса беретінін мәлімдеп еді. Оның сыртында ағымдағы жылы аталған шатқалдың екеуі ел игілігіне тапсырылатын болған. Алайда, «құланның қасуына мылтықтың басуы» болып, облыс орталығы Түркістанға ауысып кетті. Күні кешеге дейін шатқалдардан шықпаған Түймебаевтың командасы енді Түркістанды «торуылдап» жүр. Көшу, қону…
Шаруасы шалқайған «Шатқал» бағдарламасының орындалуы «құрғақ қасық» сияқты «ауыз жыртардай» болып тұрғанын кезінде «Уақыт» газеті аз сынаған жоқ. Мақала жарыққа шыққан соң Ж.Түймебаевтың алдында «очко» жинағысы келген «мини-шенеуніктер» редакция телефонына тыныштық бермегенін осы тұста айтпай кетсек, артықтық болар. «Барлығы жақсы, ағаштар жайқалып тұр» деген мағынада әңгіме қозғағандар мақаланы теріске шығаруға барын салған. Алайда, олардың айтқаны мен облыс әкімінің әңгімесі екі түрлі болып шықса, оған кінәлі біз емес шығармыз. Мысалы үшін, Жансейіт
Қансейітұлының «Жас алаш» газетіне берген сұхбатынан үзінді келтірсек: «…Иә, «Шатқал» бағдарламасын көктемде бастадық. Халықты жұмылдырып, алдымен бес шатқалға ағаш ектік. Жалпы, Шымкент қаласында 14 шатқал бар. Әрине, бұл жақтың ауа райы өте ыстық. Содан барып біраз мәселе туындады. Біршамасы қурады білем… Бұл табиғи заңдылық деп ойлаймын. Топырақтың да ерекшелігі бар. Отырғызылған көшеттер осы процестерден өтіп, іріктелді. Бес шатқалға 50 мың дана көшет отырғызылды. Көпшілігі өсіп, жайқалып тұр. Жақында егуді қайтадан жалғастырамыз. Әр шатқалдың аумағы 15-20 гектарды құрайды. Сол шатқалдар болашақта үлкен орманға, саябаққа айналса деген ойым бар. Шымкент жасыл қала деп айтылғанымен, қазіргі таңда шаһарда ағаштың қарасы аз. Жекеменшік үйлер ауласына ағаш екпейтін сияқты. Жасыратыны жоқ, қала бұрынғы Шымқала емес. Қалада орталық және Абай атындағы саябақ, сосын шет жағында дендробақ қана бар. Басқа жоқ. Ал шатқалдар әр жерде болады. Бұлар қаланың оттегісі, өкпесі ғой. Солардың қатарын көбейтсек, бұл бір жағы демалыс орнына да айналар еді. Қазір 100 мың түп көшет дайындалып жатыр. Бұл істі міндетті түрде жалғастырамын. Тағы бір айтарым, бұл бағдарлама тек облыс орталығында емес, аудандарда да қолға алынып, сай-қыраттардың бойлары, бос жерлерге ағаштар егу жұмысы жүруде. Келес, Арыс, Шаян және басқа да өзендердің бойлары көріктеніп қалды. Өңірімізде «Шатқал» бағдарламасы жер-жерде қолға алынғалы бері өңірдің аудан, қалаларында аталған бағдарлама аясында 400 мың түптен астам жасыл желек егілді. Шымкенттің өзінде 200 гектардан астам жер осы шатқалдардың аумағына кіреді».
Облыс әкімі айтып, әрі «мойындап» отырғандай «Шатқал» бағдарламасын іске асыру барысында бірнеше талдың қурап қалғаны ақиқат. Жоспар ауқымды еді, ендігі жерде бұл бастаманы кім жалғастырады, аяғы қалай болады, осы мәселенің түйіні шешілмей тұрған секілді. Әдетте, жаңа келген басшы бұрынғы басшының жоспарлы ісін ары қарай алып кетіп жатпайтыны ақиқат. Шын мәнісінде жалғастырылатын болса Ғ. Әбдірахымовтың «Шымкент mall» жобасын
Н. Сауранбаев қолға алған болар еді. «Шым-Сити»-ден салынады деп жарияға жар болған қырық қабаттық Қытай үйі де ешкімнің әңгімесіне арқау болып отырған жоқ. Қала сыртына көшіріледі деген базарлардағы «бардак» сол қалпы жалғасып жатыр. «Іштен шыққан шұбар жылан» дегендей, «Шатқал» бағдарламасының болашағы осылай бұлыңғыр күйде қалып отыр.

А. САТЫБАЛДЫ.