Маңызды

Данияр Мейірхан прокурор Полатов үшін қызметтен кетуі керек пе?

 

Түймебаев Шымкент қалалық мәслихатына оны жұмыстан босатуға келісім беру жөнінде ұсыныс хат жолдады

Шымкент қаласы, Абай аудандық прокуратурасының прокуроры Фарида Сүгірдің мәлімдеуінше, мамыр айының 5-інен 6-сына қараған түні, сағат 00:30 шамасында бағдаршамның тыйым салынған қызыл түсінен өтіп кеткен Тойота Камри автокөлігін “Алтын сарай” тойханасына жетпей, Бәйдібек би көшесінде жол-патрульді полициясы тоқтатқан. Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы Данияр Мейіханның айтуынша Шымкент қалалық жол-патрульді полиция полкінің 3-полк қызметкерлері Нұрғалым Бекман мен Барлыбаев Тойота Камри көлігінің тізгінінде болған Полатов Нұржанды медициналық куәландырудан өткізу нәтижесінде жеңіл масаю дәрежесімен Қазақстан Республикасы әкімшілік кодексінің 599-бабының 1-бөлігімен және 608-бабының 1-бөлігімен екі хаттама түзілген.

Хаттаманы Н. Бекманов толтырған. Хаттама толтыру кезінде Полатов өз кінәсін мойындаған, әкімшілік айыппұлды төлеуге дайын болған. Кейіннен Полатов хаттаманы толтырумен келіспейтінін жаза отырып, автокөлікті өзінің басқармағаны туралы сілтеме жасамаған. Бұл да көлікті өзінің басқарғанына жанама дәлел бола алады. Сот өз қаулысында әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасымен дәлелденген дәйектемелерді жоққа шығарған. Қазақстан Республикасы әкімшілік кодексінің 840-бабының 1 және 2-тармақшаларына сай, судьяның әкімшілік-құқық бұзушылық іс туралы қаулыда жазылған істің нақты мән-жайлары түйіндемелердің шағымды наразылық қарау кезіндегі зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуі, сондай-ақ, әкімшілік жауаптылық туралы заңның дұрыс қолданылмауы әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулының күшін жоюға негіз бола алады.

Шымкент қалалық Жергілікті полиция қызметі мен прокурордың арасындағы «текетірес» осыдан басталған болатын. «Не бел кетеді, не белбеу кетеді» дегендей, алғашқы сот отырысында оңбай ұтылған шымкенттік полицейлер Шымкент қалалық әкімшілік істер жөнінегі мамандандырылған сотының 2 маусымдағы шешіміне Абай аудандық прокуратурасының келтірілген наразылығы осылай жалғасты. Әкімнің ұлы хаттаманы толтыру кезінде онда көрсетілген дәйектермен келіспейтіні туралы мәлімдеп қол қойғанын айтып-ақ баққан. Алайда, екінші сатылы сот процесіне айыпталып жатқан прокурордың өзі қатысқан жоқ. Нәтижесінде Абай аудандық прокуратурасының Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік істер жөніндегі сотының 2 маусымдағы осы іске қатысты шешіміне келтірілген наразылығы қанағаттандырылды.  Іске уақытша болса да нүкте қойған облыстық соттың судьясы Гүлмира Қыдырбаева аппеляциялық сот отырысында Полатовтың кінәлі не кінәсіздігі туралы мәселе қаралмағанын,  тек процессуалдық хаттама толтырудың заңдылығы қаралғанын, істі қарау барысында оған құқықтық баға берілгенін мәлімдеді. Судья «Сондықтан, бірінші сатылы соттың шағымды қарау барысында хаттаманың процессуалдық жағына мән беріп қаралып, шешім шығару керек еді. Істі тоқтатпау керек еді. Себебі іс қазір бірінші сатылы сотта қаралу барысында”,-деп мәлімдеді.

Кешегі кеңестік кезеңде «бәрін айт та бірін айт, коллективтің жырын айт» деп басталатын ән бар еді. Әзірге Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметінің «коллективі» «шырқаған ән» әжептеуір бағасын алып тұр.

 

Данияр Мейірханға әлдекімдер

қоқан-лоққы көрсетіп жатыр…

 

Облыстық прокуратураның аға прокурорына қатысты мәселе республикаға жария болған уақытта, осы мәселенің басы-қасында жүрген Шымкент қалалық Жергілікті полиция қызметінің басшысы Данияр Мейірханның басы дауға қалды. Заңды талап еткен басшыны базбіреулер астыртын «атакамен» қорқытып-үркіту әрекетін жасаған. Полиция подполковнигі Д.Мейірхан бұл туралы әлеуметтік желідегі жазбасында: «Заң алдында бәрі тең! Осы қарапайым ғана қағида жұмыс істеуі керек! Әрине, түбінде заңдылық пен әділдік жеңетініне еш күмәнданбаймын. Бірақ, әзірге… жеке бас амбициясын заңнан да маңызды деп санайтындар баршылық. Кеше осындай лауазымды басшылардың бірі болып табылатын адаммен қызықты сұхбат болды. Әзірше ол кездесуді тәптіштеп айтып бере алмаймын. Жеке басыма айтылған мұндай дөң-айбатты ешкімнен естімеген едім, тіпті заңды қорғауға тиіс осындай деңгейдегі басшыдан есітемін деп ойламаппын. Қазіргі уақытта белгілі бір аумақта өзін заңнан да биік қоятын, тіпті жетекшісінің нұсқауын да елемейтін адамдардың бар екендігі нанғысыз. Былайша айтқанда, әрі күлкілі, әрі өкінішті. Бір кезде бәріміз бұның бұрыс ұстаным екендігін түсінеміз деп үміттенемін. Тек жай ғана Конституция мен заңдарда жазылғандарды ұстансақ болғаны. Мен әрдайым «заң алдында бәрі тең» дегенді қайталап келемін және осы қағиданы сақтаудың еш қиындығы жоқ. Сананың жаңғыруы – өте маңызды. Бәріміз Бас прокурор Ж.Асановтың жеке өнегесінен осы жаңғырудың мүмкін екендігін көріп отырмыз. Әркім өзі үшін шешуі керек – өзінің кішігірім жұмыс аумағында бірнәрсені жақсы жағына қарай өзгертуге шамасы келе ме?! Тағы да баса айтамын, жеке амбициясы емес, жалпының игілігі үшін. Мұның не қиындығы бар? Менің жұмысымның аумағы – мейлі көше, мейлі жолдарда болсын, адамдардың қауіпсіздігі. Бұл салада тәртіпті сақтамау мүмкін бе? Достар, менің постымды қандай да бір демарш немесе аянбас «жан айқайы» ретінде қабылдамауларыңызды өтінемін. Мен бұны тек өз ұстанымымды түсіндіру үшін жазып отырмын. Қызметімді атқаруда заңдылықтың сақталуы мен құқық бұзушылықтың алдын алу үшін бар қолдан келгенін аянбаймын. Егер маған негізсіз «проблемалар» туындататын болса, мен барлық заңды шараларды қабылдай отырып, менен заң нені талап етсе, соны орындауды жалғастыра беремін. Бұл жерде менікі дұрыс болады. Ал егер біреулерге бұным ұнамаса, кешіріңіз, басқалай болмайды. Мен үшін қызметімнен айырылу қорқынышты емес, ең қорқыныштысы – заңды бәрінен де биік көретіндердің сенімін жоғалту» деп бөлісті.

Әзірге бір белгілісі – Н.Полатовтың спиртті ішімдік ішіп рульге отырғаны, бағдаршамның қызыл түсіне өтіп, жол ережесін бұзғаны басы ашық мәселе күйінде қалып отыр. Одан бөлек қызметтік тексеру тағы жүргізілуде.

Шымкенттің жазылмаған заңы осы ғой, шенді мен шекпендіге жолап кетсең шиқаныңды шығаратын жағдай қалған емес. Заң білетін, оны орындауға міндетті деген азамат осындай қадамға баратын болса, онда қарапайым азаматтар туралы тіс жарудың өзі ұят сияқты. «Қатынға жолама, қарасы жұғады» деген тәрбиемен өскен ұрпақпыз. Малақ қанша жыл өтсе де баяғы малақ күйінде қалады, қанша уақыттан кейін келіп түртсең де сасиды. Сол айтпақшы, жергілікті полиция қызметінің өз жұмысына деген жауаптылығы енді келіп «Прокуратура vs подполковник» дейтін жаңа сатыға көтерілген сияқты. Себебі, кешегі аптада ОҚО әкімі Ж.Түймебаевтың Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Н.Бекназаровқа Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы Д.Мейірханды қызметінен босатуға Шымкент қалалық мәслихатының келісімін алу туралы хат жолдағаны белгілі болды.

Шынын айту керек еді, кезінде облыс әкімі болған Б.Атамқұловтың да Данияр Мейірханды қызметінен босату туралы тап осындай хат жазғанын білеміз. Бұл былтырғы жылдың жазы болатын. Ол кезде қалалық мәслихат пен әкімдік ол ұсынысқа келісімін бермеп еді. Ал, хаттың жолдаушысы ОҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің экс-басшысы Б.Аблаев-тұғын. Енді оның орнына Ә.Сейдуалиев келді. Ол да Аблаевтың әуенін жалғастырып отыр. Мүмкін оны бұл жағдайға қызметке тағайындайтын, не қызметтен босататын облыстық әкімдік мәжбүрлеп отыр немесе жоғарыдағы іс бойынша астыртын «кек алу» операциясы қолға алынып жатыр. Бұл, әрине, жай ғана ой. Бірақ, Ә.Сейдуалиевті де түсінуге болады, қазақта «кімнің арбасына мінсең, соның әнін айтасың» демей ме?! Түсінбейтініміз- «100 нақты қадамды» негізге алып, жергілікті ішкі істер органдарына бағынышты емес құрылым ашқандағы тапқан пайдамыз осы ма? Д.Мейірхан  прокурор үшін «құрбандық-тоқты» болып кетсе, онда жетіскен екенбіз.

 

А.САТЫБАЛДЫ

Пікір жоқ

Пікір қалдыру