ЖЕТІСАЙ: ЕРАЛИЕВТЕ 23 ІШКІ КӨШЕ ЖӨНДЕУДЕН ӨТЕДІ

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдер халықпен тұрақты түрде кездесіп, атқарылған жұмыстардың есебін беріп келеді. Осы аптада Түркістан облысына қарасты Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбектің кезекті жұртшылықпен кездесуі Ж.Ералиев ауылдық округінде өтті.

Аудан басшысының іс-сапарда болуына байланысты аудан әкімінің орынбасары Асан Маханбетов өткізген жиынға аудан прокурорының орынбасары Мақсат Ералиев пен аудандық полиция бөлімінің инспекторлары, бөлім басшылары мен жергілікті тұрғындар қатысты. Аудан әкімінің орынбасары жиынды бұған дейінгі кездесулерде айтылған мәселелердің орындалуы барысымен таныстырудан бастады. Нақтырақ айтар болсақ, Ж.Ералиев ауылдық округі, Жаңа дәуір елді мекенінің тұрғыны Шаханбай Тойымбетовтың елді мекендегі медициналық пунктке баратын жолы мен спорт ойын алаңшасын салу бойынша айтқан өтініші бойынша ұзындығы 700 метрді құрайтын Тыныштық көшесіне 2020 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, медициналық пунктке баратын ішкі көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін сметалық құжаттамалары жасақталған. Қажетті қаржы көлемі анықталып, аудандық бюджеттік комиссияның кезекті отырысына қаржыландыруға ұсынылатын болады.
Сонымен қатар Абай елді мекенінің тұрғыны Дәулет Жасұзақов елді мекенді көгілдір отынға қосып, Үркер көшесіне асфальт төсеу, таза ауыз сумен қамтамасыз ету туралы айтқан өтінішіне сәйкес, елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жобалау-сметалық құжаттамаларының әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғанын, жоба құрылысына қаржы бөлдіруге облыстық салалық басқармаға ұсынылғанын айтқан аудан әкімінің орынбасары округке қарасты Арай және Абай елді мекендеріндегі 23 ішкі көшені «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша орташа жөндеуден өткізу мақсатында сметалық құжаттамалары Республикалық және облыстық бюджет есебінен қаржыландыруға ұсынылғанын, 1468 тұрғыны бар елді мекенде ауыз су жүйесіне 1 дана су тазартқыш мембрана және 1 дана су тазартқыш омега қондырғылары орнатылып, жұмыс жасап тұрғанын жеткізді.
Одан бөлек, Алтын Тураевтың Сейфуллин ауылының ішкі көшелеріне асфальт төсеу қажеттігі жайлы айтқан өтініші де жауапсыз қалмады. Асан Маханбетовтың айтуынша Сейфуллин елді мекеніне қарасты ішкі көшелерге орташа жөндеу жұмыстары елді мекенде ауыз су жүйелерін қайта құру мақсатында жүргізілетін қазба жұмыстары толық аяқталғаннан соң, кезең-кезеңімен аудандық бюджеттік комиссияға қаржыландыруға ұсынылатын болады. Атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырған аудан әкімінің орынбасары әлеуметтік мәселелермен қатар ауыз су, ескі электр бағаналарын ауыстыру, ауылдық округке қарасты елді мекендерде мәдениет және спорт нысандарын салу, жол жөндеу мәселелері бойынша қойылған сұрақтарға жауап берді. Тұрғындар тарапынан айтылған өтініштердің орындалуын сала мамандары мен бөлім басшыларына мықтап тапсырды.