АУҚЫМДЫ СПОРТТЫҚ ШАРАНЫҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

Дені сау ұрпақ – ұлттың басты байлығы. Осы орайда, еліміздің түкпір-түкпірінде салауатты өмір салтын насихаттайтын ауқымды шаралар ұйымдастырылып, жүзеге асырылып келе жатыр. Солардың бір жарқын мысалы ретінде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың бастамысымен қолға алынған жалпы орта білім беру мекемелері арасындағы «Шымкент жастар лигасын» айтуға болады.

Биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырған шараға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов, ARG компаниясының өкілі Шолпан Мұратқызы, аудан әкімдері мен депутаттар қатысты. Жобаның мақсаты — мектеп оқушыларының сабақтан тыс уақытын тиімді пайдалану, спортпен шұғылдануға жол ашу, олардың ерік-жігері мен табандылығын қалыптастыруға Қазақстан Республикасының чемпионаттарына команда жасақтау. Жиында сөз алған Шыңғыс Жұмабекұлы «Шымкент қаласының жалынды жастары «Шымкент жастар лигасы» Сіздер үшін жетістік пен салауатты өмірге бастайтын жаңа жол. Осы бастама арқылы қаламыздың жастары әлем додаларын бағындыратын батыл да қайратты спортшылар шығатынына сенеміз! Жеңісті күндеріміз көп болғай!» деп жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Ауқымды жобаға 2021-2022 жылғы оқу жылында 151 мектептен футбол, волейбол, баскетбол, шахмат ойындарынан 514 команда, жалпы алты мыңға жуық мектеп оқушылары қатысқан болатын. Ал үшінші рет өткелі отырған «Шымкент жастар лигасы» жобасы жалпы орта білім беру мекемелерінің оқушылары арасында 2022-2023 оқу жылы аясында өтеді. Сайысқа футбол, баскетбол, волейбол, шахматтан 138 мектептен 514 команда, 5926 оқушы қатысады. Лига командаларды қолдау бойынша қатысушы әрбір мектептен фанклубтар жасақталды.
Шараның ашылу салтанатында ІІ маусымның жүлдегер мектептері марапатталды. Толығырақ тоқталар болсақ, былтыр шахмат бойынша 4 ауданнан жалпы саны 130 команда немесе 520 оқушы қатысқан болатын. Тартысты додада №9 IT мектеп-лицейінің шәкірттері оза шауып, жеңіс тұғырынан көрінді. Баскетболдан 122 команда немесе 1464 оқушы бақ сынап, М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясы жеңімпаз атанған. Ал волейболдан 129 команда арасында өткен тартысты ойын нәтижесінде Әл-Фараби атындағы №113 жалпы орта білім беретін мектебі оза шапты. Футболдан 133 құрама команда ішінде Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы шәкірттерінің бағы жанды. Міне, шараның ашылу салтанатында осы төрт жеңімпаз командаға су жаңа автокөлік кілттері табысталды.