ТЕРІСКЕЙДЕГІ НАУРЫЗ ТОЙЫ

Наурыз – ежелден келе жатқан шығыс халықтарының мейрамы. Наурызда күн мен түн теңеледі. Жаңа жылдың басы ретінде ерекше аталып өтеді. Бұл күні қазақ халқы ұлттық нышанның барлық сән-салтанатын көрсетеді.

Созақта Наурыз мерекесін тойлау тал көшеттерін отырғызудан басталды. Созақ ауданының Құрметті азаматтары, меценаттар Ту алаңында тал көшеттерін екті.
Шолаққорған ауылының орталық алаңы мен 4 мөлтек ауданында ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі тойланды. Ақ шаңқай киіз үйлер тігіліп, Наурыз көже таратылды, ет асылып, дастархан жайылды. Мерекелік жиында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, аудандық мәслихаттың хатшысы Бегімбет Байғараев халықты Наурыз мейрамымен құттықтап, жаңа жылда жаңа табыстар тіледі. Аудан экономикасының әртүрлі салаларында еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарды марапаттады.
Аудан өнерпаздары сахналық көріністер мен ұлттық нақыштағы әндер орындап, халықтың ықыласына бөленді. Мереке аясында қазақтың ұлттық ойындарынан, атап айтқанда, қазақ күресінен, арқан тартудан, гір тасын көтеру спортынан жарыстар өтіп, Наурыздың сәнін келтірді. Орталық алаңда аудан өнерпаздары ән айтып, күй тартты, би билеп, концерттік бағдарлама қойды. Ұлыстың ұлы күніне орай, орталық ипподромда көкпар ойыны ұйымдастырылды.

Ынтымақ пен ырыс мерекесі

Ұлыстың ұлы күні мерекесіне орай, «Қош келдің, әз-Наурыз» атты мерекелік шарасы ауданның бүкіл он екі ауылында өтті. Мерекелік шарада алдымен ауыл имамдары әруақтарға арнап құран оқып, дұға бағыштады. Келген көпшілікке ақ дастархан жайылып, наурыз көже ұсынылды. Шара әрі қарай концерттік бағдарламаларға, спорттық жарыстарға ұласты. Қол күресі, ләңгі тебу сайыстары өтіп, жеңімпаздар ақшалай және арнайы алғыс хаттармен марапатталды.
Аталған іс шараға ауыл тұрғындары белсене қатысып, мейрам көркін қыздырды. Мысалы, Раң ата елді мекенінде тұрғындардың бастамасымен Наурыз мерекесі кең көлемде атап өтілді. Онда кіші футболдан, қол күресі, арқан тарту және жаяу жүгіруден сайыстар ұйымдастырылды. Мерекелік шараны ұйымдастыруға ауыл тұрғындары С.Шәйменов, А.Ибраймов, Н.Аманов, Е.Шортанбаев, Е.Жақулаев сынды азаматтар белсенді араласты. Ауыл көлемінде Наурыз мерекесін өткізуге және ұйымдастыруға тікелей мұрындық болған » Central Asia Mining Co» ЖШС екенін атап өтуіміз керек.

Мереке
қарсаңындағы
тазалық
жұмыстары

1-31 наурыз аралығында аудан көлемінде «Таза ауыл» эко-акциясы аясында тазалық жұмыстары өтуде. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің тапсырмасына сай, Шолаққорған ауылы 5 секторға бөлінді. Оған жауапты бөлімдер мен мекемелер бекітіліп, көркейту-көгалдандыру, тазалық жұмыстары жүргізілуде. Жауапты бөлім, мекемелерге сектор бойынша тұрғындармен бірге тазалық жұмысын ұйымдастыру жүктелді.
Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесі қарсаңында тазалық жұмыстары жалғасты. Ауыл ішіндегі көшелер мен арық бойы тазартылды. Тал көшеттері егілді. Мекеме ғимараттарындағы қоқыс қалдықтары шығарылды. Көше тұрғындарын тазалық талаптарын сақтауға, үй ауласын тазалауға шақырып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тазалық талаптарын сақтамаған жеке тұрғын үй иелеріне ескерту беріліп, айыппұл салынатыны айтылды.
Тазалық жұмыстарын бақылаған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков бірнеше сектордағы жұмысқа ескерту жасады. Бекітілген сектор бойынша тазалық жұмысын тиісті дәрежеде ұйымдастырмаған мекеме басшыларына сын-ескерту айтты.

Мақсат ҚАРҒАБАЙ.