ТҮРКІСТАНДЫҚ СПОРТШЫЛАР ОЛЖАМЕН ОРАЛДЫ

Түркістан облысының спортшылары әлемдік деңгейде өтетін байрақты бәсекелерде елдің намысын қорғап, әнұранын әуелетіп жүр. Өңірде саланың дамуына серпін беретін тың бастамалар да көтеріліп келеді. Нәтиже жаман емес. Ел спортының мерейін үстем етіп жүрген жас спортшылар бұл жолы да халықаралық жарыстан олжамен оралды. Ашып айтайық…

Иорданияның Амман қаласында өткен жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты аяқталды. Қазақстанның былғары қолғап шеберлері бұл жолы да табысты өнер көрсетіп, қоржынға 44 медаль салды. Атап айтсақ, 13 алтын, 14 күміс және 17 қола жүлде еншіледі. Бұл сынға Түркістан облысының өрендері де қатысып, ортақ жеңіске үлес қосты. Түркістандық спортшылар 3 алтын, 3 күміс және 1 қола олжалады.
57 келі салмақта сынға түскен Сабырхан Төрехан жасөспірімдер арасында қарсыластарын тізе бүктіріп, жеңімпаз болды. Спортшы финалда өзбекстандық қарсыласын мерзімінен бұрын айқын басымдықпен ұтты. 63 келі салмақта сынға түскен түркістандық Үсен Ахмет те жасөспірім боксшылар арасында топ жарды. Ал 57 келі салмақта жұдырықтасқан Бахтияр Анарбаев жастар арасында қола жүлдені қанжығалады.
Қыздар арасында да Түркістан облысының арулары мықты екенін дәлелдеді. Жастар арасындағы қыздар бәсекесінде Ұлжан Сәрсенбек жеңімпаз атанды. Гаухар Шайбекова, Айда Сарибарова және Шұғыла Нəлібай күміс жүлдемен оралды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің 4-еуі Түркістан облыстық №5 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары екенін де айта кеткен жөн.