ЕЛГЕ ЕТКЕН ЕҢБЕКТІҢ ҚАЙЫРЫ БАР ҚАШАНДА

Созақ ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің атқарған жұмыстары және алдағы жоспары туралы осы бөлімнің басшысы Байзақов Дулат Есалыұлымен кездесіп, шағын сұхбат жүргізген едік. Осы сұхбатты оқырман қауымның назарына ұсынамыз.

— Дулат Есалыұлы, осы қызметке келгеніңізге екі жылға жуықтап қалыпты. Десе де «су — тіршілік нәрі» деген сөзді естісек, ауданымыздағы тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі ойға оралады. Осы тұрғыда өзіңіз осы қызметке келгелі қандай игі шаралар жүзеге асырылуда? Алдағы уақытта атқарылуы тиіс жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

— Расында бұрынғы аудан әкімі сенім білдірген соң 2020 жылдың сәуір айында осы бөлімнің басшысы қызметіне кірістім. Ал енді нақты сауалға келсек, аудан бойынша 10 ауылдық округ пен 2 кенттегі 35 елді мекеннің бүгінгі таңда 28 елді мекені 97% орталықтандырылған ауыз су құбырларымен қамтылған. Оның ішінде 19 елді мекен тәулігіне 24 сағат болса, 9 елді мекен белгіленген уақытпен ауыз сумен қамтылған. Аудан көлемінде орталықтандырылған ауыз су құбыры жүргізілмеген Сарыжаз, Балдысу, Қарабұлақ және Басбұлақ елді мекендерінің жер асты су қоры бекітіліп, 2021 жылы ауыз су тарату нысаны үшін мемлекеттік жер актілері алынып, сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленген. Жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеу үшін аудандық бюджеттік комиссияға және Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына қаржы бөлуге сұраныс берілген.
Ал алдағы атқарылатын жұмыстарға келсек, биыл 2022 жылы аудан орталығы Шолаққорған ауылы тұрғындарын тәулік бойы ауыз сумен қамту мақсатында «Шолаққорған ауылының Ақшам және Наурыз мөлтек аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысы» жұмыс жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, құрылыс-монтаждау жұмыстарына қаржы бөлу үшін Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына сұраныс берілген. Ағымдағы жылы Құмкент ауылындағы ауыз су тарату нысанындағы су тазарту қондырғыларына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін аудандық бюджеттен қаржы қаралды. Алдағы уақытта мердігерді анықтап, құрылыс жұмыстары жүргізіліп, үстіміздегі жылы пайдалануға беру жоспарлануда. Қарақұр, Қозмолдақ ауылдарының тұрғындарын тәулік бойы ауыз сумен қамту мақсатында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан ағымдағы жылы жер асты су қорын зерттеу жұмыстары басталды. Жер асты су қоры бекітілгеннен кейін ЖСҚ әзірленетін болады. Сондай-ақ экономикалық жағынан тиімсіз болып есептелетін Қақпансор және Қоңыратарық елді мекендерінің тұрғындарын ауыз сумен қамту үшін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан жер асты су қорын бекіту жұмыстары ұйымдастырылуда. Ағымдағы жылы жер асты су қорын зерттеу жұмыстары басталатын болады.
Сызған ауылының тұрғындарын тәулік бойы ауыз сумен қамту мақсатында облыстық басқарма арқылы жер асты су қоры бекітілген, қазіргі таңда су тарату нысаны үшін жер теліміне мемлекеттік жер актісін алу жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылы сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленіп, ЖСҚ дайындау жоспарлануда.

— Бүгінде көптің көкейінде жүрген, айтпаса да көзінен ұғатын сұрақ — газ тарту мәселесі. Осы тұрғыда аудан жұртшылығына айтарлықтай нендей жаңалығыңыз бар?

— «ОҚО Созақ ауданында АГТС бар магистральды газ құбыры-тармағын салу» жұмыс жобасы бойынша — 2019-2021 жылдар аралығында 1 813 255,0 мың теңге қаржыға Жаңатас қаласы бұрылысынан Созақ ауданына дейінгі магистральды газ құбыры мен АГТС құрылысы аралығында 840 дана электр бағаналары орнатылып, 15 шақырым электр желілері жүргізіліп, 4 дана найзағайдан қорғау құрылғысы орнатылды. 43,8 шақырым құбырға арналған траншея дайындалып, құбырлар дәнекерленіп, 98%-ы траншеяға көмілген және АГТС қондырғыларының орындары дайындалған.
2022 жылға қалған 2 213 940,0 мың теңге қаржы бөлінген жағдайда АГТС қондырғылары орнатылып, құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталатын болады. Оның ішінде аудан орталығы Шолаққорған ауылын табиғи газбен қамту туралы айтар болсақ, «ОҚО Созақ ауданы Шолаққорған ауылдық округінің газ тарату желісін салу» жұмыс жобасы бойынша 2021 жылы — 1 045 232,0 мың теңге қаржыға 140 шақырымды құрайтын 80-ге жуық көшеде орналасқан 3354 абонентке газ құбыры жүргізілді.
Ағымдағы жылға – 1 434 232,0 мың теңге қаржы қаралды, қалған – 972 865,0 мың теңге қаржы бөлінген жағдайда Шолаққорған ауылына газ құбыры толық жүргізілетін болады.

— Дулат мырза, «Жолаушының ақысы жүрсе бітеді», «Жол мұраты — жету» деген ұлағатты сөздер қалдырған халқымыз қашан да жол қадірін бағалаған. Жол — өмірдің қайнар көзі. Осы жолмен ауданымызға ас-ауқат, киім-кешек, жалпы адам тіршілігіне қажетті барлық нәрсе келеді. Сол себепті аудан көлеміндегі автомобиль жолдары, оның сапасы мен құрлысы туралы не айтарыңыз бар?

— Жалпы аудан көлемінде 917 шақырым автомобиль жолдары бар. Оның 435 шақырымы — облыстық маңызы бар жолдар, 79 шақырымы — аудандық маңызы бар жолдар, 403 шақырымы — елді мекендердің ішкі жолдары.
2021 жылы ұзындығы 47 шақырымды құрайтын 44 көшеге орташа жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 5 көшеге орташа жөндеу жұмыстары 2022 жылға өтпелі.
Аудан бойынша 403 шақырымды құрайтын елді мекендердің ішкі көшелерінің 195 (48%) шақырымы асфальт болса, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 219 (54%) шақырымға жетіп отыр.
Осы жолға қатысты 2022 жылға атқарылатын жұмыстарға келер болсақ, асфальтты бетон жабындысы төселмеген аудандық маңызы бар «КХ-2-«Созақ-Тасты-Қылти» 0,8 шақырымды құрайтын автомобиль жолына құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды.
Ағымдағы жылға «Ауыл — ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының І траншы бойынша аудан аумағындағы елді мекендер ішіндегі 30,4 шақырымды құрайтын 19 көшеге орташа жөндеу (13 көшені асфальттау, 6 көшеге қиыршық тас төсеу) жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджеттен 363 589,0 мың теңге қаржы қаралды.
Түркістан облыстық мәслихатының 2019 жылғы 9 желтоқсандағы «Түркістан облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар қатынастардың тізбесін айқындау туралы» № 44/477-VI шешімімен Созақ ауданында:
1) «Шолаққорған – Ыбырай – Қыземшек – Ыбырай – Шолаққорған»;
2) «Шолаққорған – Созақ – Қарақұр – Қаратау (Бақырлы) – Ақсүмбе – Тайқоңыр – Ақсүмбе – Қаратау (Бақырлы) – Қарақұр – Созақ – Шолаққорған»;
3) «Шолаққорған – Жуантөбе – Тасты – Шу – Тасты – Жуантөбе – Шолаққорған»;
4)»Шолаққорған – Аққолтық – Жартытөбе – Бабата – Жартытөбе – Аққолтық – Шолаққорған» маршруттары әлеуметтік маңызы бар қатынастардың тізбесіне енгізілген болатын.
2021 жылы жоғарыда аталған бағыттар бойынша, жолаушылар мен багажды автомобиль көлігімен тасымалдау құқығына конкурстар ұйымдастырылған. Нәтижесінде:
— «Шолаққорған – Ыбырай – Қыземшек – Ыбырай – Шолаққорған»;
— «Шолаққорған – Созақ – Қарақұр – Қаратау (Бақырлы) – Ақсүмбе – Тайқоңыр – Ақсүмбе – Қаратау (Бақырлы) – Қарақұр – Созақ – Шолаққорған» бағыттары бойынша тасымалдаушылар анықталып, тасымалдаушылармен арнайы шарттар түзіліп, бағыттар тұрақты қоғамдық көлікпен қамтылды. Бұл бағыттар бойынша тасымалдаушылардың шығындарын 2022 жылға заңға сәйкес субсидиялау жоспарлануда.

— Кезек күттірмес қарқынды жұмыстардың бірі, көпшілік жиындарда жиі айтылатын елді мекен ішіндегі көшелерді жарықтандыру жұмыстары туралы да айта отырсаңыз?

— Созақ ауданы бойынша елді мекен ішілік 343 көшенің қазіргі таңға дейін 104-і жарықтандырылған. Оның ішінде мемлекеттік жекешелік-әріптестік арқылы 74 көше жарықтандырылып, 34 көшесіне АСКУЭ және АСУНО таймер автоматтандырылған жүйелері энергия үнемдегіш және жарамдылық мерзімі ұзақ, экологиялық тиімді жарық диодты лампалармен алмастырылған.
Қалған 30 көше ауылдық округтері мен кенттері әкім аппараттарының теңгерімінде. Аталған 30 көшенің күтіп ұстау жұмыстарын мемлекеттік жекешелік әріптестік арқылы жүргізу үшін қазіргі таңда қосымша келісімшарт түзу жұмыстары жүргізілуде.
Жарықтандыру жүйелерінің басқару тиімділігін арттырып, энергия үнемдегіш және жарамдылық мерзімі өткен құралдарды қымбатқа түсетін жоюды талап етпейтін экологиялық тиімді лампалармен жабдықталған құралдармен жаңғырту жұмыстары «Торлан-Строй» ЖШС-і мемлекеттік жеке әріптестік тетігі арқылы жүзеге асырылуда.
Аудан бойынша жарықтандыру шамдарын жағу және өшіру тетігі автоматтандырылған. 2021 жылы Шолаққорған ауылының Қазыбек би, Ордабасы, Аймұрзаев, Жылысбаев, Жәйшібеков көшесінің қалған бөлігі жарықтандырылды. 2022 жылы Ш.Оқшиев көшесіндегі жарықтандыру желілері жаңғыртылатын болады.

— Дулат Есалыұлы, өзіңіз де білесіз, аудан тұрғындарының кез-келген жиындағы ең көп қоятын сұрағы — электр энергиясына қатысты мәселелер. Осы салада атқарылып жатқан жұмыстар барысын айтып өтсеңіз?

— 2021 жылы Шолаққорған ауылының Тастыбаев көшесіне 1 трансформатор орнатылып, 2 шақырым СИП кабель жүргізілді. Оспанов көшесіне 500 метр СИП кабель жүргізілді. Сонымен қатар Төреқұлов және М.Әуезов көшелеріне 2 трансформатор орнатылып, электр желілері жүргізіліп, тұрғындар сапалы электр қуатымен қамтылды.
Бұдан бөлек, Жеткеншек елді мекенінің атауы жоқ №6 көшесіне 1 трансформатор орнатылып, СИП кабель жүргізілді.
Сондай-ақ электр энергиясына қатысты биылғы 2022 жылы атқарылатын жұмыстарында саралап өтер болсам, 2022 жылы Жартытөбе аулындағы С.Сейфуллин, Б.Төлебаев және Т.Әлімқұлов көшелерінің электр қуатын жақсарту мақсатында сметалық құжаттама әзірленіп, аудандық бюджеттік комиссияға сұраныс берілді. Ағымдағы жылы бюджеттен қаржы бөлінген жағдайда аталған көше тұрғындары сапалы электр қуатымен қамтылатын болады.
Аудан орталығы Шолаққорған ауылының А.Рахышұлы, Атамекен, Өркениет, Бірлік және Ынтымақ көшелері тұрғындарының электр жарығының сапасының төмендігі туралы өтініштеріне сәйкес, қазіргі таңда аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан сметалық құжаттама әзірленуде. Алдағы уақытта қаржысы нақтыланып, бюджеттік комиссияға ұсынылатын болады.

— Өзекті де өміршең мәселелердің бірі — коммуналдық тұрғын үйлер мен тұрғын үй кезегі. Осы түйінді мәселені қалай шешіп жатырсыздар?

— Бүгінгі таңда аудан бойынша тұрғын үй кезегіне 1072 адам тіркелген болса, кезектілік тізімі заңға сәйкес алты топқа бөлінген. Атап айтқанда, І топ – Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларының санаты бойынша қазіргі таңда тіркелмеген, ІІ топ – жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша-98 адам, ІІІ топ – халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары санаты бойынша-524 адам, IV топ – мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар санаты бойынша-184 адам, V топ — көпбалалы аналар санаты бойынша-266 адам, VI топ – жалғыз тұрғын үйі еліміздің заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтар санаты бойынша адам тіркелмеген. Сонымен қатар, аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің теңгеріміне бекітіліп берілген тұрғын үйлер саны-155 үй болса, оның ішінде қызметтік үйлер саны- 54. Аудан бойынша жалпы 46 көпқабатты тұрғын үй болса, оның 43 көпқабатты тұрғын үй кондоминиум нысаны ретінде тіркелген. Атап айтқанда, Қыземшек кентіндегі 25 көпқабатты тұрғын үй және Таукент кентіндегі 14 көпқабатты тұрғын үй Шолаққорған ауылындағы 4 көпқабатты тұрғын үй. Ал қалған үш көпқабатты тұрғын үй коммуналдық меншікте болуына байланысты кондоминиум құру мүмкін емес. Қазіргі таңда Созақ ауданы бойынша 35 жай серіктестік құрылды.

— Биылғы қыс ауыл, кент тұрғындары үшін анау айтқандай аса қолайсыздық тудыра қоймады. Жалпы жылыту маусымына дайындықтарыңыз қалай болды? Алдымызда тағы да амандық болса, қыстың қайта айналып келері хақ.

— Аудан бойынша 2021-2022 жылдарға жылу беру маусымы 2021 жылдың 15 қазанынан басталған. Аудан тұрғындарына қажетті 27500 тонна қатты отын тасымалданған. Сонымен қатар 2021 жылдың ақпан айынан бастап, Таукент және Қыземшек кенттеріндегі жылумен жабдықтау жүйелері ауданның коммуналдық меншігіне қабылданған.
2021-2022 жылдардағы жылыту маусымында Таукент және Қыземшек кенттері тұрақты жылумен қамтылуда.

— Дулат Есалыұлы, арнайы сұқбат беруге келісіп, көпшіліктің көкейлерінде жүрген сауалдарға нақты әрі шынайы жауап бергеніңіз үшін рахмет!

— Мақсат аға, сізге де рахмет! Еңбектеріңізге шығармашылық табыстар тілеймін!

Сұхбатты әзірлеген:
Мақсат Қарғабай,
Қазақстан журналистер
одағының мүшесі