«МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ БОЛУДАҒЫ МАҚСАТЫМ – ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУ»

Жыл басында елімізде орын алған оқиғалар тізбегі талайдың есін екеу, түсін төртеу еткені белгілі. Дегенмен аталған жайттың себебі анықталып, тиісті шаралар қабылданды, қабылданып жатыр. Осындай сын сағатта көптің көкейінде сан түрлі сауал бар. Бүгінде әрбір азаматқа артылар жауапкершілік жүгі де ауырлаған. Сол қатарда халық қалаулысы да бар. Жер-жердегі мәселелерді анық та айқын білетін депутаттардың қазіргі уақытта немен айналысып жатқаны, не шешкені, не жоспары бары көпке қызық деген ойдамыз. Сондықтан газетіміздің осы санында Шымкент қаласы мәслихатынының депутаты Данабек Ержанұлымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынуды жөн санап отырмыз. Назар салып, оқи отырыңыздар…

— Данабек Ержанұлы, мәслихат депутаты ретінде осы күнге дейін қандай депутаттық сауалдар жолдадыңыз? Не шештіңіз? Қандай нәтиже бар?

— Маслихат депутаты ретінде қаламыздың дамуы үшін қолдан келер барлық істі атқарып жатырмыз. Миллион халқы бар мегаполисте мәселелердің де көп болуы заңдылық. Десе де Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2021-2025 жылдарға арналған Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасы негізінде ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Жер-жерге барып, тұрғындармен тілдесіп, талап-тілегін тыңдап жатырмыз. Туындаған мәселелер бойынша депутаттық сауал жолдап, шешімін тауып, кей жағдайда тұрғындарға түсіндірме жұмыстары да жүргізілуде.
Атап айтсам, өз атымнан осы уақытқа дейін азаматтардың жеке мәселерлерін шешуге қатысты жергілікті атқарушы органдарға 20-ға жуық депутаттық сауал жолдадым. Олардың қатарында Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына «Еңбек» бағдарламасының шеңберінде жұмыспен қамтылған азаматтар жөнінде сауал жолдап, жауабын алғанымды астын сыза айта аламын. Нәтиже де жоқ емес. Мәселен, 2021 жылы 11 балалар үйінің түлегі тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтарға үлкен қолдау болды деп нық сеніммен айта аламын.
Сонымен қатар қоғамдық қабылдауыма жазылған азаматтардың мәселесі бойынша да жұмыс істелуде. Нақтырақ айтсам, қоғамдық көлік бағыты бойынша Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына депутаттық сауал жолдап, нөмірі 141 қоғамдық көлгінің бағытын іске қосу мәселесінің оң бағытта шешілуіне ықпал еттім.
Азаматтарды айтарлықтай мазалайтын мәселелер – әлеуметтік қамсыздандыру, жерге, тұрғын үйге байланысты құжаттарды заңдастыру және басқа да тұрмыстық мәселелер. Көп балалы, аз қамтылған отбасылар көбіне азық-түлік себеттері мен қаржылай көмек сұрап келеді. Отбасында мүмкіндігі шектеулі бала асырайтындар, асыраушысынан айырылған әлеуметтік осал топқа жататын отбасылар тұрып жатқан үйлерінің пәтерақысына қаржылай қолдау, тұрғын үйге кезекке тұруға көмек сұрап келеді. Күн суығанда қаламыздың шалғай аудандарында орналасқан тұрғындар көмір түсіріп беруді сұрайды. Денсаулығы сыр берген, дәрігерлерге көрінуге, дәрі-дәрмекке қаражаттары жоқ қала тұрғындары да өтініштерін айтып келеді. Жұмыссыз жүрген азаматтарымыз да қабылдауға жазылады. Олардың мәселелері де шешімін тауып жатады. Аты-жөндерін жариялау қажет емес деп санаймын. Өтініш білдірген азаматтарға әлеуметтік, қаржылай көмек беріліп, басқа мәселеріне заң аясында кеңес беріліп, құжаттары рәсімделіп, өтініштері оң шешімін тауып жатады. Оның бәрін айта берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Бастысы, тұрғындардың арыз-өтініші мен талап-тілегі ескеріліп келеді.

— Сіздің сайлау округіңізге қай ықшамаудандар жатады? Ол өңірлерде қандай өзекті мәселе бар?

— Мен Nur Otan партиясы Абай ауданынан сайландым. Сондықтан аталған өңірдегі барша мәселелерді халық қалаулысы ретінде қараймын, тексеремін, түсіндірме жұмысын жүргізіп, түйткілдердің оң бағытта шешілуіне атсалысамын. Қаламызда ең жиі көтерілетін мәселенің бірі – инфрақұрылым. Осы тұста айрықша айта кетерлігі, біз – миллион халқы бар мегаполис тұрғынымыз. Әр азаматтың өз көзқарасы бар. Біріне ұнаған бастама, өзге біреуге ұнамауы мүмкін. Бірақ бұл жұмыстың істелмей жатқанын білдірмейді. Игі бастамалар көтеріліп жатыр. Қыруар іс атқарылуда. Ал қаламыз күн санап кеңейіп барады. Инфрақұрылым мәселесін бір жылда немесе бір айда шешіп тастау да мүмкін емес. Мұның артында қаншама еңбек жатыр. Миллиондаған, миллиардтаған қаржы бар. Оның әрбірі тиісті деңгейде, кезең-кезңімен жүзеге асуға тағы да уақыт керек. Бір жыл ішінде бірнеше шағын аудандағы инфрақұрылым мәселесі шешілсе де ауқымды іс қой. Бастысы қаламызды дамыту жоспары бар. Қалаға қосылған ықшамаудандардың барлық мәселесі жергілікті атқарушы билікке белгілі. 2025 жылға дейін сайлауалды бағдарламамыз бойынша барша мәселе толық шешімін табады. Сондықтан сабыр сақтауға шақырамын. Қазір халық қалаулысы ретінде көптің игілігіне берілетін әрбір нысанда жүріп жатқан құрылыс жұмыстарына мониторинг жасап жатырмыз. Мақсат – нысан дер кезінде, сапалы түрде халыққа берілуін қадағалау.
Келіп түсетін өтініштердің тағы бірі – әлеуметтік мәселелер. Ол бойынша да тиісті басқармаларға хат жолданып, жұмыспен қамту мәселелері оң шешімін тауып келеді. Ал енді жеке өтініштер де бар. Ол бойынша да қолдан келгенше көмектесіп жатырмыз.

— Мәслихат депутаты болудағы мақсатыңыз не?

— Мәслихат депутаты болудағы мақсатым – елге қызмет ету. Біріншіден, халық қалаулысына айлық берілмейді. Қызметтік көлікпен де қамтылмайды. Бұл – түсінікті тілмей айтқанда,қоғамдық жұмыс. Өз қызметіңді атқарасың. Сонымен қоса, елдің мәселесіне де назар аударуың керек. Себебі саған мәселесін арқалаған мыңдаған адам келеді. Олардың көкейінде шешімін тапса екен деген үлкен үміт бар. Сондықтан бей-жай қарай алмайсың. «Уақытым жоқ» деп айтуға тағы болмайды. Уақыты жоқ адам депутат болмауы керек. Жауапкершілік арқалап, мандат алдың ба, елдің игілігі үшін қызмет ет. Менің түсінігім мен түйгенім осындай. Себебі депутат – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Ел арасына ынтымақ пен ырыстың, бақ пен берекенің, бақыт пен шаттықтың ұялауына да солар ықпал етеді. Ең әрісі, осы елде туып, асын ішіп, ауасын жұтып өскен әр азаматтың туған жерге еңбек сіңіруі – азаматтық парызы.

— Депутат ретінде айтыңызшы, өңіріміздегі цифрландыру ісі қандай қарқынмен жүзеге асып жатыр? Соңғы бір жылда қандай игі бастамалар көтерілді?

— Цифрландыру ісі қарқынды түрде дамып келеді деп нық сеніммен айтуға болады. Мәселен, биылдың ең үлкен жаңалығы – «Е-өтініш» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидаты арқылы көрсету деңгейі 96 пайыздан асып жығылды. Ал жалпы мемлекеттік қызмет түрлерінің 90 пайызы электронды форматқа көшірілді. «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша 2021 жылдың шілде айынан бастап 2128 өтініш қаралып, жауап берілген. Бұл саладағы цифрландыру ісінің қарқын алғанын көрсетеді. Жалпы бұл жүйенің артықшылығы дәлелденіп қойған деп білемін.
Жалпы мемлекеттік қызметтерді цифрлық жүйеге қосу бойынша да еліміздің әлемдік деңгейдегі позициясы жоғары. Себебі бұл процесті әуелгілерден болып қолға алып, жүзеге асырып жатырмыз. Әлемде орын алған пандемияның өзі бұл жүйенің қолданысқа кеңінен енуін жеделдетті. Қазіргі уақытта мамандарымыз тарапынан да тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүріп жатқанын айрықша атап өткім келеді.

— Қазіргі уақытта ХҚКО маңында ақылы қызмет көрсететін дүңгіршектер көбейген. Бұл қаншалықты заңды? Хабарыңыз бар ма? Аталған ақылы қызметтердің көбеюі цифрландыру ісіне кедергі емес пе, қалай ойлайсыз?

— Өте орынды сауал қойып отырсыз. Дегенмен біз жекеменшік секторға жауап бере алмаймыз. Заңды немесе заңсыз екенін құзырлы органдар анықтайды. Біз өз деңгейінде аталған мәселемен күресіп жатырмыз. Меніңше, бұл көп жағдайда тұрғындардың уақытын үнемдеуге тырысуынан орын алып жатыр. Мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде алуды білмейтін азаматтар соларға жүгінуге мәжбүр. Міне, осының салдарынан дүңгіршектерде отырып, цифрландыру ісін қаржы көзіне айналдырғандар көбейген. Мәселен, ЭЦҚ-ны үйде отырып-ақ алуға болады. Оған қандай да бір қаржы төлеу талабы жоқ. Мұны білмейтін тұрғындар әлгі ақылы қызметке жүгінеді. Әрине, бұл – мәселе. Шындығына келсек, барлық халыққа қызмет көрсету орталықтарында өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштары бар. Ол жерде барша қызмет алушыларға жағдайлар жасалған. Ол аз десеңіз, мекеме мамандары да түсіндіріп бере алады. Меніңше, бұл жерде нақты позицияның болғаны жөн. Мемлекеттік қызметті үйде отырып-ақ алуға болатынын біліп, меңгерген адам халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, табаннан тозбайды. Мемлекет тарапынан барша тиімді қарастырылып отыр.

— Анықтап алайықшы, өңіріміздегі ХҚКО қызметтерін үйде отырып-ақ онлайн алуға болатынын халыққа насихаттау бойынша қандай шаралар атқарылды? Нәтиже қандай?

— Өңірімізде мемлекеттік қызметтерді онлайн алу, цифрлық сауаттылықты халық арасында кеңінен насихаттау бойынша тұрақты түрде оқыту-үйрету жұмыстары жүруде. Қаламыздың төрт аудан әкімдігі және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп жасалған жүйелі кесте негізінде қала тұрғындарын «EgovMobile» қосымшасымен, сонымен қатар электронды үкімет порталында онлайн алынатын қызмет түрлерімен таныстырудамыз. Әлеуметтік желілерде, басқа да ақпарат көздері арқылы үгіт-насихат жұмыстары қарқынды жүргізіледі. Нәтиже де жоқ емес. Халыққа қызмет көрсету бөлімдеріне электронды қызмет түрлері мен түрлі анықтамалар алуға келетін қызмет алушылардың саны айтарлықтай азайған. Бұл – атқарылған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Алдағы уақытта да цифрлық сауаттылықты арттыру бағытындағы шаралар жалғасын табады.

— Соңғы елімізде орын алған оқиғаларға қатысты пікіріңізді білсек. Елімізде болған бейбіт шеруді ойы бөтен бүлікшілер өз мақсатына пайдаланып, халқымыздың арасына іріткі салуға тырысқанын жиі жазып жатыр. Бұған не айтасыз?

— Иә, қаңтарда орын алған оқиға елді есеңгіретіп тастады. Ел мен халқымыздың тағдыры таразыға түсті. Ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсап келген қасиетті де қастерлі тәуелсіздігімізге сызат түсер сын сағат орын алды. Мұндай қысылтаяң кезеңде 18 миллионнан асатын күллі қазақстандықтың алдағы тағдыры, болашағы президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүктелді. Рас, қазірде бір отбасына ие бола алмай, алименттен қашып жүрген әке көп. Енді өзіңіз ойлаңыз, миллиондаған тұрғын үміт артып, мемлекет басшысынан шешім күтіп отыр. Десе де жедел қабылданған шешім көп өтпей нәтиже берді. Сол сәтте қабылданған шаралардың нәтижесінде бүгінгідей бейбіт күнде сізбен сұхбаттасып отырмыз. Оқиға болған күндерге оралайықшы. Абдырап, не істерін білмей, үрейге берілген көпті көрдік. Арандатушылардың әрекетін бақыладық. Теледидар мен ғаламтордан ғана көретін дүрбелеңнің ауыр салдарын бүкіл халық болып сезіндік. Әлем демін ішіне бүгіп, бақылап жатты. Десе де сын сағаттан сүрінбей өттік. Мемлекет басшысының шұғыл қабылдаған шешімінің арқасында тәуелсіздігіміздің тұғыры қисаймады. Халқымыз да президентімізді қолдап, маңызды сәтте бірлесе отырып, қиындықты еңсеруге көмектесті. Ынтымағы жарасқан ел екенімізді тағы да дәлелдей түскен тәріздіміз.
Оқиғадан кейін де маңызды шаралар қабылданды. Зардап шеккен азаматтарға көмектер көрсетілді. Кәсібі зиян көрген бизнес өкілдеріне өтемақы берілді. Елдің тұрмысын түзеп, әлеуметтің әлеуетін көтеретін бағдарлама да әзірленіп жатыр. Мемлекет басшысы Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Жасалып жатқан, атқарылып жатқан жұмыстар да жоқ емес.
Тағы бір айта кетерлігі, елдің тағдыры таразыға түскен сын сағатта Nur Otan партиясының барлық ресурстары мен күш-қуаты мемлекет басшысының елде тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған тапсырмаларын орындауға жұмылдырылды. Партиямыз әрі қарай да еліміздің дамуы мен өркендеуі жолында еңбектене бермек. Еліміз аман, егемендігіміз мәңгі болсын!

— Уақыт бөліп, сұхбатқа келісім бергеніңіз үшін алғысымды білдіремін. Көздеген мақсаттарыңыз орындалып, елдің алғысына бөлене беріңіз!

Сұхбаттасқан С.ЖУАСБЕК.