«САРДОБА» БҰЗЫЛСА, СУ КЕЛЕДІ, «СЫРДАРИЯ» БҮЛІНСЕ, ЖАРЫҚ СӨНЕДІ

Аптаның сейсенбісінде күнгей жарықтан түгел ажыратылды. Жарықпен қоса интернет сигналы да сөніп, тұрғындардың бір-бірімен мобильді байланысқа шығуы мүмкін болмай қалды. Қыс ауасында жылу пештері электр қуатына жалғанған үйлерде тұрғындар дірдек қақты. Ел аумағындағы электр желілерін басқаруға жауапты қазақстандық «KEGOС» компаниясы мұны Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласындағы электр станциясында болған апаттың салдары деп түсіндірді. Неге?

 

Аталған компания Ташкентте орын алған апат Орталық Азияның біріккен энергожүйесінде болғандықтан тек Қазақстан емес Өзбекстан мен Қырғызстанның бірнеше қаласында жарық өшкенін жеткізді.
Ай-күннің аманында болған апаттан Алматы қаласының 70 пайызы жарықсыз қалса, үшінші мегаполис Шымкентте қуат көзінен толық ажырады.
Абырой болғанда елдегі жағдай тез қалыпқа келді.
Күндізгі сағат 13:39-да Қазақстанның ұлттық электр желісінің қалыпты схемасы қалпына келтірілді. Сағат 14:53-те Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша барлық шектеулер алынып тасталды. Сағат 15:10-да Жамбыл 500 кВ, Шымкент 500 кВ шағын станцияларына кернеу берілді. Қазақстанның оңтүстік аймағының барлық өңірлерінің тұтынушыларын электрмен жабдықтау 16:00-де қалпына келтірілді.
Естеріңізде болса, 2020 жылы мамыр айының алғашқы күндерінде Өзбекстанның «Сардоба» су қоймасындағы дамба жарылып, одан аққан су Түркістан облысы, Мақтаарал ауданындағы бірнеше ауылды басып қалған болатын. Аудандағы Жаңатұрмыс пен Жеңіс ауылдары толықтай су ортасында қалып, салдарынан талай үйдің іргесі опырылып құлаған. Ауыл халқының еккен егінін де су шайып, еткен еңбек зая кеткен. Қызылсу аталған елдімекендерден бөлек, Фирдоуси, Өргебас және Достық ауылдарына де жеткен.
Бұдан Өзбекстанда «Сардоба» жарылса бізге қызыл су лап келіп, «Сырдария» бүлінсе жарық жалп ететінін түсіндік.