ХАЛЫҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАҒАЗДА КӨРСЕТІЛГЕНДЕЙ КЕРЕМЕТ ЕМЕС…

Қазақстанды көп өзгерістер күтіп тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаңтар оқиғасынан кейінгі дүркін-дүркін мәлімдемелеріне сенсек, осындай сенім көкейге ұялайды. Бірақ олардың көбі әзірге тек сөз күйінде ғана болып тұр. Қашан және қалай толықтай жүзеге асатынын дөп басып айту қиын. Бірақ Президенттің айтқан сөзі мен келтірген мәлімдемелерінің барлығы халықтың құлағына майдай жағып жатыр. Әсіресе өткен жұмада ірі бизнес өкілдерімен кездесуі кезінде қадап айтқан уәждері халықтың көңілінен шықты.

 

Ашық диалог үшін ісі ілгері басқан кәсіпкерлердің басын қосқан мемлекет басшысы оларды еліміздегі экономикалық саясатты қайта қарау жұмысына қатысуға шақырды. Мұның себебін мемлекеттің әлеуметтік экономикалық жағдайы қағазда көрсетілгендей керемет еместігімен, шынайы жағдай сын көтермейтіндігімен түсіндірді.
Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екен.
Халықаралық сарапшылардың 2019 жылғы осы зерттеуін тілге тиек еткен Президент халықтың басым бөлігінің табысы азайып, ал аз ғана элиталық топтың дәурені жүріп, ықпалы артса қауіпсіздігімізге үлкен қатер төнетінін, сондықтан жағдайды жылдам өзгерту керектігін төмендегідей сөздермен келтірді.
– Ұлттық табыстың əділ бөлінуі бойынша теңгерімсіздік пен проблеманың бар екені айдан анық. Осы ретте халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Бұл – жылына 1300 доллардан сəл ғана асады деген сөз. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес. Бұлай жіктелу мен теңсіздіктің қауіпті екенін айтқан болатынмын. Жағдайды дереу өзгерту керек.
Осылай деген Президент бұл ретте қолға алынатын реформалар «тартып алуды және қайта бөлуді» көздемейтінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Кемелұлы халықтың басым бөлігі коронавирустың «Омикронмен» ауыруы әбден мүмкін екенін, сондықтан катаң карантиндік талаптар қажет пе жоқ па деген мәселені қайта қарау қажеттігіне мән беруді тапсырды. Мұндағы мақсат – індетке байланысты карантиндік шектеу талаптарының салдарынан қызметін уақытша тоқтатып, табысы тұралап тұрған шағын және орта бизнесті тұншықтырмау.
Десе де Президент елде жүріп тапқан ырыздықты шетелдегі қаржы ұйымдарында сақтап жүрген кәсіпкерлерге қарата «Егер, сіздер, болашақтарыңызды Қазақстанмен байланыстыратын болсаңыздар, онда қаражаттарыңызды өз елімізге салыңыздар. Бұл – сіздердің Қазақстан алдындағы əлеуметтік жəне саяси жауапкершіліктеріңіз. «Мұнда табыс табамыз, ал басқа жерде жұмсаймыз» деген қағидатқа жол берілмейді. Сондықтан жұмыс екі бағытта жүргізіледі: капиталды елге қайтарғаны үшін ынталандыру жəне қаражаттың офшорларға кетуіне жол бермейтін тосқауылдар қою»,-деп, бақай есеппен жүргендерге ескерту жасады.
Одан өзге мемлекет басшысы салық төлеу және есеп беруге келгенде көп жәйтті бүгіп, жауапкершіліктен жалтарып жүрген ірі кәсіпорындардың шаңын шығару үшін жаңа салық саясаты қажеттігін жеткізді.
– Ірі компаниялардың салық төлеуі – күрделі мəселе. Қолымызда түрлі себептерді сылтауратып, салықты толық төлеуден жалтарып отырған алпауыттар жөнінде арнаулы органдар ұсынған мəліметтер бар. Премьер-министрге осы мəселені түбегейлі шешуді жəне қазынаны тиесілі қаражатпен қамтамасыз етуді тапсырамын, — деді Президент.
Сонымен қатар ол мемлекеттік бюджеттің кіріс көлемі көңіл көншітпейтінін, көрші елдермен салыстырғанда тым аз екеніне назар аударды. Президенттің сөзінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің кірісі 34,6 млрд доллар (14,6 трлн теңге) болған. Бұл ІЖӨ-нің 20 пайызы. Аса маңызды мемлекеттік міндеттерді шешу үшін бұл жеткіліксіз. Ал экономикалық ынтымақтастық жəне даму ұйымына мүше елдерде мемлекеттік бюджеттің кірісі 40-50 пайызға дейін жетеді. Ал бізге көрші ел Украинада — 31%, Ресейде -35,4%, Қырғызстанда -31%. Соңғы 10 жылда елдің ІЖӨ-дегі салықтың үлесі 9,9 пайыздан, 7,3 пайызға дейін төмендеп кеткен екен. Міне, сол себепті мемлекеттің Ұлттық қорға алақан жаюы жиілеген. Қордан 2019 жылдан 2021 жылға дейін 12 трлн теңге, яғни 30 млрд долларға жуық қаржы жұмсалған.
Бұл жағдайды реттеу үшін жаңа салық саясатынан бөлек, сатып алуларды реформалау қажеттігін айтқан Президент «Мемлекеттік сатып алулар – өте үлкен экономикалық ресурс. Оны дұрыс пайдалану керек. Бізде бұл – үлкен проблема. Сатып алуларды бəсекесіз жолмен алып жүргендердің үлесі əлі де басым»,- деді.
Жиында мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қорын реформалаудың маңызына тоқталып өтті. Ондағы жұмыстың бәрі оң жүріп жатқанына үлкен күмәні бар екенін жасырып жаппады.
– Қазір Қор – өте үлкен құрылым. Жабықтық, «саяси маңызы бар адамдарды» тағайындау, сатып алулардың тиімсіздігі, еңбек қатынастарындағы дау-дамай, ауқымды жобалардың аяқсыз қалуы жəне тиімсіздігі, компанияны ұстап тұру шығындары – бұлардың бəрі қоғамның наразылығын тудырып отырған мəселелер. Күні бүгінге дейін мұнай-химия саласын қалыптастыра алмадық. Кеңес дəуірінде салынған зауыттарды қайта жөндеумен келеміз. Қорды түбегейлі реформалау міндетін жүктеймін. Бұл мəселе бойынша Алмасадам Сəтқалиевпен сөйлестім. Егер ол жүктелген міндетті атқара алмаса, өзі де, Қор да бірге кетеді, — деді.
Сондай-ақ мемлекет басшысы кәсіпкерлердің қанатын қиятын әкімшілік кедергілерді жоюға жіті мән берілетінін ашып айтты. Дәл осындай жағдаймен былтыр прокуратура органдары кәсіпкерлерден келіп түскен 2,5 мыңнан астам шағымды май шаммен қарап, оның бір мыңнан астамын қанағаттандырған екен. Шағымдарды саралай келе кәсіпкерлер көбіне полиция қызметкерлеріне, Экономикалық тергеу қызметіне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлеріне шағымданатыны анықталған.
Кәсіпкерлер мен Үкімет мүшелері мемлекет басшысының «керек, керек» деген бұл тапсырмаларынан қандай қорытынды шығаратыны алдағы күннің еншісінде.

С.НҰРАЙ.