ШАШ ЕТЕК ШЫҒЫНДЫ ЖАБУҒА МЕМЛЕКЕТ ДАЙЫН бірақ қандай қаржыға?
Қаңтар оқиғасы дер кезінде ауыздықталды. Жағдай едел-жедел бақылауға алынып, ахуал тұрақталды. Жыл басындағы қаңтар оқиғасы кезінде еліміздегі 8 өңірде атап айтқанда, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарында барлығы 45 мемлекеттік орган ғимараты және 306 коммерциялық нысан зардап шеккен. Бизнеске алдын ала келтірілген шығын мөлшері 98,1 млрд теңгені құрайды, оның 97%-ы Алматы қаласына тиесілі болып табылады. Шаш етек шығынды кім өтейді?
Бұл сұрақ қашаннан бері көптің көкейінде көлкіп тұр. Еліміздің Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жуырда отандық теларнаға берген сұхбатында (12 қаңтар) бұл шығындар үшін бюджеттен бір тиын да бөлінбейтінін қадап айтқан еді. Ведомства басшысы «қазіргі таңда бюджеттен қаржы қарастыру мүмкіндігі жоқ. Себебі 2022-2024 жылдарға арналған бюджет бағдарламасы бекітіліп қойған. Әрине елде мұндай лаңкестік оқиға орын алады деп ешкім күтпеді. Дегенмен де тапсырма келсе, барлық жолдарды қарастырып көреміз» деген болатын.
Егер жоғарыдан тапсырма келсе, Жамаубаев елдің бас қаржыгері ретінде тығырықтан шығар жол тауып бере алады ма екен? Әлде бәз баяғыдай «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруге жаттыққан шенеуніктердің әуеніне салып Ұлттық қорға алақан жаяды ма екен?
Бұл сұраққа Ерұлан Жамаубаевтың айтқан жауабының сиқы келесідей болды. «Ұлттық қордан қаржы қарастыру Қаржы министрлігі немесе Үкіметтің құзырында емес. Арнайы Ұлттық қорды басқару кеңесі бар. Және Президенттің шешімімен анықталатын мәселе бұл».
Осылайша Жамаубаев қаңтар оқиғасы кезінде бизнеске келтірілген шығынды жабуда Ұлттық қордағы ақшаны қозғауға арнайы кеңес пен Президент мүмкіндік берсе, кет әрі емес екенін аңғартып тастады. Жамаубаевтың жоқтан бар жасауы неғайбыл болса да, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың одан күтер үміті зор сияқты.
Өткен сенбіде Әлихан Смайылов Үкіметтегі кезекті жиынның бірінде жыл басындағы тәртіпсіздіктер кезінде 351 жылжымайтын мүлік нысаны зардап шеккенін, оларды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жылдамдатуды тапсырды. Өз кезегінде ол Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, белгіленген мерзімде бүлінген ғимараттарды техникалық-сараптамалық тексеруден өткізу және жөндеу құнын бағалау жұмыстарын аяқтап, қажетті құжаттаманы Қаржы министрлігіне енгізуді айтты.
Сонымен қатар Үкімет басшысы залал көлемін бағалау жұмыстарын жедел аяқтап, зардап шеккен бизнес субъектілерінің тізімі мен оларға келтірілген залал көлемін Ұлттық экономика министрлігіне жіберуді шегеледі. Сөзін қорыта келе Әлихан Смайылов «Үкімет апта сайын зардап шеккен кәсіпкерлерге жедел көмек көрсету үшін қаражат бөлу бойынша қажетті шараларды жүргізуге дайын» деп түйді.
Бұл жерде Смайыловтың қаражат бөлуде қажетті шара деп отырғаны қандай шара? Әйтеуір Үкіметте үлгі тұтар адамның да өзі Ұлттық қорға иек артпаса игі еді.
Қ.ҚАЛИЕВ.