ОБЛЫСТАҒЫ 1,5 МЫҢҒА ЖУЫҚ КӨППӘТЕРЛІ ҮЙДІ КҮТУДІҢ ЖАҢА ЖҮЙЕСІ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ

Биылдан бастап елімізде көпқабатты тұрғын үйлерді күтіп ұстау бойынша «Бір үй-бір бірлестік-бір есепшот» деген қағидамен жұмыс істейтін Мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) және Жай серіктестік (ЖС) жүйесі қолға алынған болатын. Еліміздің біраз өңірлерінде пәтер иелерінің кооперативін (ПИК) алмастыратын бұл жаңа жүйеге көшу маусым айынан бастап қолға алынған. Ал 1,5 мыңға жуық көппәтерлі тұрғын үй бар Түркістан облысында бұл жүйе енді қолға алынып келеді.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Бақтыбек Убайдин мәлімдеді.
Өз кезегінде ол пәтер иелерінің кооперативін алмастыратын мүлік иелерінің бірлестіктері (МИБ) жүйесін құрудың маңыздылығын түсіндірді.
«Жаңа жоба бойынша тұрғындар көпқабатты үйге қатысты қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын, қандай сервистік мекемелердің қызметін тұтынғанын ашық көріп біле алады. Жасыратыны жоқ, осыған дейін қоғамдық бақылау мұндай деңгейде болмады. Мәселен, ПИК құрамында бірнеше үй бар болса, сол жердегі барлық тұрғыннан жиналған қаржы бір үйдің кем-кетігін жамауға ғана жұмсалып жататын. Ал қалған үйлер қаржының жетімсіздігінен амалсыздан кезек күтуге мәжбүр болатын. Ал МИБ-те әр үйдің өз есеп-шоты болады және тұрғындар жинаған қаржы өз үйлеріне мақсатты түрде жұмсалады», -деп атап өтті Б.Тоқбергенұлы.
Жаңа жүйе бойынша үй басқарушы (МИБ төрағасы) жиналған қаржыны қайда жұмсағанын ревизиялық комиссиямен бірге бақылай алады. Сосын жұмыс нәтижесі бойынша тұрғындарға есеп береді. Төраға үй тұрғындарының дауыс беруімен сайланады. Сондай-ақ, спикер бұл реформа түптеп келгенде тұрғындардың өз үйлерін ұқыпты пайдалануға, күтіп-ұстауға жұмылдыру мақсатымен туындап отырғанын жеткізді.
Сонымен қатар, Б.Тоқбергенұлы жаңа жүйе бүгінге дейін жұмыс істеп келген пәтер иелерінің кооперативі жобасының (ПИК) жұмысын тоқтатпайтынын ескертті.