ЖАҢА ҒИМАРАТТАРДА КЕМШІЛІК КӨП…

Сенатор Түркістан үшін қосымша қаржы сұрады

Дамудың даңғыл жолына түскен Түркістан қаласында салынып жатқан ғимараттардың көпшілігінде инфрақұрылым мәселесі түпкілікті шешілмеген.

 

Осы аптада сенатор Әли Бектаев Үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады. Әли Бектаев өзінің депутаттық сауалында Түркістан қаласында салынып жатқан ғимараттардың көпшілігінде ауыз сумен қамту, кәріз жүйесі, электр желілерін жүргізу, жылу жүйесімен қамтамасыз ету сынды инфрақұрылым мәселелері түпкілікті шешілмегенін түйіп айтты. Халық қалаулысы бұл мәселені шешу үшін алдағы үш жылдық бюджетті қарау кезінде Түркістан қаласына 23 млрд. теңге қаржы бөлуді сұрады.

Ол Үкімет басшысы Асқар Маминге жолдаған депутаттық сауалында инфрақұрылымы шешілмеген ғимараттар мен тұрғын үйлерге тұрғындарды орналастырудың өзі қисынсыз екенін айта отырып, «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетті қарау барысында Түркістан қаласының тарихи орнын, маңыздылығын, оның перспективасын ескере отырып, барлығы 23 млрд. теңге қаржыны республика бюджетінен 2021 жылға мақсатты трансферттер ретінде Түркістан облысына бөлдіруге ықпал етуіңізді сұраймыз»,- деген.

Оның сөзінше аталған қаржы «Turkistan» арнайы экономикалық аймағында инфрақұрылым жұмыстарын жүргізу, көпқабатты тұрғын үйлерді сумен қамтамасыз ету және кәріз жүйелерін жүргізу, электр қуатымен қамтамасыз ету үшін қосалқы станса салу, тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз ету, жаңадан салынып жатқан қала аумағын абаттандыру, қаладағы жаңа тұрғын үй алабына инженерлік-инфрақұрылымдарды жүргізу, «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының айналасын абаттандыруға бағытталады.

Өз кезегінде Әли Әбдекерімұлы шаһар билігінің Түркістанда салынып жатқан нысандарда инфрақұрылым жұмыстарын жүргізу үшін қосымша қаржы бөлу туралы ұсынысының орынды екенін де атап өткен.

Десе де, жаңадан бой көтеріп жатқан нысандарда инфрақұрылым жұмыстарын жүргізу үшін қосымша қаражаттың сұратылуын қалай түсінуге болады? Бұл әу-баста нысандарды салу үшін жасалған жобалық-сметалық құжаттардың «жеті рет өлшеніп, бір рет кесілмегінін» білдіртеді ме? Әлде кең пішіліп қаралған қаржыны игеруде әлдеқандай шикіліктің болғанын аңғартады ма?

Көкейде көлкіген сұрақтардың дұрыс-бұрыстығын анықтау үшін біз құрылыс саласында қыруар жұмыс атқарған, кезінде Шымкенттің айтақыр жерлерінен шағынаудандардың бой көтеруіне белсене кіріскен, түрлі жауапты жұмыстарды атқарған, қазіргі таңда «Жол құрылысы, құрылыс және құрылыс материалдарын өндіру, жобалау және техникалық қадағалау жөніндегі жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар Қауымдастығы» ұйымының төрағасы болып табылатын Сұлтанбек Сүгірбаевқа хабарласып, пікірін сұраған едік.

Сұлтанбек Шойынбайұлы «Сенатордың көтерген мәселесі орынды. Себебі салынып жатқан ғимараттарда мін болмауы тиіс. Дегенмен кез келген нысан бой көтермес бұрын, ең алдымен оның инфрақұрылымына қажетті қаражаттың барлығы есептелуі тиіс. Ал сенатор сұрап отырған қосымша 23 млрд. теңге неге уақытында есептелінбеді? Инфрақұрылым жұмыстарын толық аяқтау үшін қаржы не үшін жетпей жатыр? Мұны анықтау керек. 23 млрд. теңге 23 млн. емес қой. Яғни, аз ақша емес…»,- деді.

Шынында да 23 млрд. теңге аз ақша емес. Салыстырмалы түрде айта кетсек, биыл Шымкент қаласының жолдарын орташа және күрделі жөндеуден өткізу үшін бюджеттен 27 млрд. теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржыға үшінші мегаполистегі ұзын-ырғасы 414 шақырым жолға орташа, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Ал Түркістан қаласы әкімдігі депутаттарға бұл бағыттағы бұйымтайын жеткізуде қандай жағдайды алға тартқан? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін қала әкімі Рашид Аюповқа хабарласып, сұрақты төтесінен қойған едік. Алайда Рашид Абатұлы мән жайды білу үшін өзінің орынбасары Тәжібек Мұсаевқа хабарласуымызды сұрады. Ал Мұсаев болса жиналысқа кеткелі жатқанын айтып, қайта хабарласуымызды сұрады. Бірақ араға уақыт салып хабарласқанмен қоңырауымыз жауапсыз қалды. Бұлай жауаптан жалтарудың сыры неде?

 

«Уақыт».