Қоршаған ортаны қорғау – ортақ парыз
1972 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының бекітуімен 5-ші маусым Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні болып белгіленіп, ол бүгінгі күнге дейін әлем елдерінде мереке ретінде аталып келеді.
Биыл да осы даталы кез Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласында ұйымдастырылып, онда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы БАҚ өкілдерін және мекеме қызметкерлерін қатыстыра отырып үлкен жиын өткізді. Әрі табиғи аймақтардың талай жерімен таныстырды. Басқарма басшысы Қайрат Әбдуалиев төл мерекемен баспасөз өкілдерін және жиналғандарды құттықтап, қазіргі кезге дейінгі табиғи құрылымға байланысты атқарылған жұмыстармен таныстырды. Үш сағатқа созылған басқосу тек бір ортада емес, талай табиғи ортамен таныстыру жүйесінде жүргізілді. «Стадион», «Ынтымақ Агро», «Канал АТК», «Тұқымбақ», «Түркістан-Кентау тас жолы», «Бірлік-Қарашық өзені» алқаптарында табиғи ортаны терең таныстырумен жалғасты.
Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Әбдуалиев қоршаған ортаны қорғау мен оны ретке келтіру және жаңғырту мәселелерінің жүргізіліп жатқан жұмыстары жөнінде толымды пікірін жеткізді.
— Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күнін жариялаудың негізгі мақсаты – ғаламшар тұрғындарын, адам және табиғаттың үйлесімді ара қатынасы мәселелерін шешуге жұмылдыру болып табылады. Атқарылып жатқан шаралар өскелең ұрпаққа мағыналы да мәнді тәрбиенің түрі болатыны рас. Туған жеріміздің тазалығы – болашақ дені сау балаларымыз үшін. Ауланы тазарту, қоқыстарды жинап, арнайы жәшікке тастау, үй маңындағы кез-келген өсімдікке су құйып, солып бара жатқан өсімдіктерді күту әрбіріміздің күнделікті міндетімізге айналуы қажет-ақ. Бүгінгі таңда еліміздің әрбір тұрғыны ауаның таза болуын, ормандардың жасыл күйде қалуын қалайды. Әрбір адамзат қалыпты өмір сүру үшін қоршаған ортамызды аялап, экологиямызды сақтай білу ортақ міндетіміз. Жер шарындағы жасыл жапырақ жылына 150 миллиард тонна көмір қышқыл газын өзіне сіңіріп, тіршілік үшін 120 миллиард тонна оттегін бөліп шығарады екен. Ал 1 гектар орман жылда 18 млн. текше метр ауаны тазартып, 1 сағат ішінде 8 кг көмір қышқыл газын өз бойына тартады. Бұл 200 адамның 1 сағатта бөліп шығаратын көмір қышқыл газы. Таза ауа – адамзаттың тіршілігі мен денсауылығының тірегі. Қоршаған ортаны жақсарту мақсатында Түркістан облысы бойынша елді мекендерге жасыл желектерді отырғызу акциялары тұрақты түрде жүргізілуде. Түркістан облысы әкімдігінің 2019 жылғы 26 сәуірдегі «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2019-2021 жылдарға арналған іс-шара жоспарын бекіту туралы» №69 қаулысына сәйкес, 2020 жылы 1031 гектар жерге 471 мың дана көшеттер егу жоспарланып, нақты бүгінгі таңға 778 га жерлерге 404 мың дана көшеттер қондырылды. Түркістан қаласының аймағында «Жасыл белдеу» құру мақсатында 2019 жылы – 2300 га жерге 1044,0 мың, 2020 жылы 1235 гектар жерге 1387,0 мың дана көшеттер егілді. Облыс бойынша көктемде 1247 гектар жерде мәдени орман алқабы құрылды. (көшет саны – 1393,7 мың дана). Түркістан қаласын көгалдандыру үшін қажетті көшеттермен қамтамасыз ету мақсатында «Жасыл аймақ» КММ-інде 300 га жерде орман питомнигі орналастырылды. Ол алаңдарда қазір 1030,5 мың дана көшеттер өсірілуде. Басқармаға қарасты орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелеріне бекітілген орман қорының жерлері 3 млн. 131 мың гектар. Оның ішінде орманмен көмкерілген алқабы 1 млн. 615 мың гектар, немесе 51,6%. 2019 жылы орманмен көмкерілген алқап 10 987 гектарға көбейді. 2020 жылы орман қоры жерлерінде 11 500 га жерге мәдени орман екпелерін (сексеуіл) егу жұмыстары жүргізілу жоспарлануда. Бүгінгі таңда басқармаға қарасты мекемелердің питомниктерінде 7,1 млн-ға жуық әр түрлі ағаш-бұта өсімдіктерінің көшеттері өсірілуде. Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мерекесіне орай табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы және осы басқармаға қарасты «Жасыл аймақ» мекемесі мен Түркістан облысы бойынша Экология департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп сенбілік ұйымдастырылды.
Шындығында да, басқарма басшылығымен облыс өңірінде қоршаған ортаны қорғау мақсатында біршама игілікті істер бастау алып, талай жұмыс жүзеге асырылыпты. «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесі арнайы ағаштар отырғызатын орындарды жаңарту мен жақсарту жолында көп тірліктің өмірде жүзеге асуына үлкен қамқорлық жасап келеді екен. «Стадиондағы» алты учаскеге бөлінген 83,7 гектар алқапқа бес түрлі ағаштың 80 мыңнан астам көшеттері отырғызылған. Осындай жүйелі істің бірі – «Тұқымбақ» алқабындағы 300 гектардың 250-не тікпе көшеттер қондырылып, қалған 50 гектары қара парға айналған. Жалпы бұл жерде 1 миллион 31 мың ағаш көшеттерінің алуан түрлері бар екен. Түркістан мен Кентау тас жолының оң жағы және темір жолдың бойына 350 гектардай жерге биылдың өзінде 213 мыңға тарта жас көшеттер тігілгін. Сондай-ақ, Бірлік ауылынан Қарашық өзеніне дейінгі аралықтағы 69 гектарға 41 мың дана 6 түрлі жас шыбық көшеттері қондырылғандығы көңілге қуаныш ұялататын және бірлігі жарасқан талай тың міндеттердің жүзеге асырылғандығын қолмен ұстап, көзбен көріп, болашақ үшін көп істің жүйелі түрде орнықты орындалып жатқандығы көңілімізге үлкен дем береді.
Мереке күніне байланысты қоршаған ортаны қорғау саласында он жылдан астам еңбек еткен азаматтарға Түркістан облысы әкімдігінің Алғыс хаттары беріліп, талай азамат мерейлі марапатқа ие болды.
Uakit.kz.