ТҮРКІСТАН: САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫ ҚАПЫДА ҚАЛДЫРМАЙДЫ
Өткен аптаның жұмасынан бастап Түркістан облысындағы 1447 балабақшаның жұмысы уақытша тоқтатылды. Олардың 998-і жекеменшік.
Бұл облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік комиссия отырысындағы қаулысы негізінде жүзеге асты. Сол уақытқа дейін балабақшалар штаттық режимге сәйкес жұмыс істеп келген. Алайда елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бастап, ол жерге балалардың баруы екі есеге азайған.
Осы жағдайды назарға алып және коронавирус бойынша сақтық шараларын барынша күшейту мақсатында енді балабақшалардан босаған 150 мыңнан астам бала үй тәрбиесінде, ата-анасының көз алдында болады. Ал ондағы қызметкерлер жылдық жоспарларына сәйкес кезекті еңбек демалысына шығады. Қалғандары еңбек ақысы сақтала отырып, демалысқа жіберіледі. Жұмыс тоқтағанымен балабақшаларда жоспарлы түрде барлық талапқа сай қауіпті вирусқа қарсы сақтық шаралары жауапты сала мамандары тарапынан қадағаланып отырады.
Жалпы елімізде жарияланған төтенше жағдайларға байланысты бірнеше өңірлерде балабақша жұмысы тоқтатылды. Кеше еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, Түркістан, Ақмола, Алматы облыстарында балабақшалар жұмысын тоқтатқанын, қалған аймақтарда балабақшалар штаттық режимде жұмыс жасап жасап жатқанын мәлімдеген болатын. Бірақ балабақшаларға балаларды ата-аналары өз еркімен апаруға мүмкіндігі бар екенін, апармаған жағдайда балалардың балабақшадағы орны сақталатынын тілге тиек еткен.
Бұдан бөлек, Түркістан облысында тойхана, мейрамханалар да жабылды. Жалпы өңірде сақтық шаралары ретінде қолға алынып жатқан шаруалар осымен түгесілмейді. Бұдан бөлек, теміржол, қалааралық бекеттер мен шекараларда санитарлық жұмыстар қызу жүруде. Індетпен күрестің күнделікті жұмыс барысы облыс әкімдігінде ашылған ситуациялық орталық арқылы қалың халыққа хабардар етілуде.
Түркістан облысындағы барлық ауруханаларда коронавирустың таралуына жол бермеу шаралары күшейтілді. Емдеу мекемелері жаппай карантинге көшкен. Төтенше жағдай жарияланған сәттен, облыста провизорлық госпитальдар ашылып, 440 орын даярланды. Бұл мекемелерде қазіргі таңда карантинде 30 адам жатыр. 18 адам дәрігерлік тексеруден кейін үйлеріне шығарылды.
Естеріңізге сала ктесек, жуырда облыс әкімі Өиірзақ Шөкеев халыққа жасаған үндеуі кезінде өңірдегі барлық аудандарда провизорлық госпиталь ашылатынын ескерткен болатын. Бұл туралы ол «Дұрыс түсініңіздер, бізде коронавируспен ауыратын науқастар тіркелген жоқ. Дегенмен, біз елдігімізді көрсетіп, аурудың алдын алу шараларын жүзеге асыруымыз керек»,- деп, аудандарда ондай госпитальдардың ашылуына халықтың қарсы болуы ерсі талап екенін меңзеген болатын. Сонымен қатар ол, бұл індеттің тарауына тосқауыл қою үшін адамдар күнделікті жүріс-тұрысын шектеп, қоғамдық орындарға бармауының аса қажеттігін ескерткен.
Бүгінде облыстағы ахуалды тұрақты сақтау үшін шекаралық аймақтарда блок бекеттер қойылған. Олар тәулік бойы жұмыс істеуде.