БАЙЛАНЫС ОРТАЛЫҒЫ БҰҚАРАҒА БАҒДАР БЕРЕДІ
Елімізде жарияланған төтенше жағдайларға байланысты Шымкентте бірыңғай байланыс орталығы іске қосылған. Ағымдағы жылдың 20-наурызынан бастап жұмысын бастаған орталық тәулік бойы тұрғындардан келіп түскен қоңырауларды қабылдайды.
Call-орталыққа жұмысқа тартылған 6 оператор қала тұрғындарынан 6 сала бойынша сұрақтар қабылдап, тиісінше нақты жауаптармен қамтамасыз ететін болады. Яғни, адамдар сall-орталыққа Шымкент қаласы бойынша денсаулық сақтау, энергетика, шаруашылық, кәсіпкерлік, әлеуметтік төлемдер, қоғамдық көлік пен төтенше жағдай кезіндегі шаралар бойынша туындаған сұрақтарын бағыттайтын болады.
Мұндағы мақсат – коронавирусқа қарсы қабылданған қауіпсіздік шаралары кезінде қоғам арасында тұрақтылықты сақтау, оның белең алуын болдырмау, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтап, негізсіз дүрлігуді алдын алу болып табылады.
Арнайы іске қосылған Call-орталық 39-50-55 телефон нөмірі арқылы тәулік бойы қоңыраулар қабылдайтын болады.
Байланыс орталығы аз уақыт ішінде тиімді жұмыс үлгісін көрсетті.
Естеріңізге сала кетсек, аптаның алғашқы күнінен бастап Шымкентте қатты жел орын алып, ол үш күнге жалғасқаны белгілі. Екпіні секундына 23 метрге дейін барған дауылды жел салдарынан электр желілеріне ағаштардың құлауы, оқшауланбаған ашық желілердің бір біріне айқасуы сынды апатты жағдайлар орын алған. Сонымен қатар, қатты жел кейбір үйлердің шатырын жұлып әкеткен. Қолайсыз ауа-райына байланысты орын алған апатты жағдайға байланысты олқылықтарды реттеу үшін «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-нің арнайы техникамен жасақталған 15 апатты бригадасы жұмыс істеді. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі арқылы тұрғындарға қатты жел бойынша туындаған апатты жағдайлар туралы жуырда іске қосылған байланыс орталығына қоңырау шалу туралы хабарламалар жолданды.
Соған сәйкес, орталыққа келіп түскен әрбір өтініш назардан тыс қалмай, жел салдарынан орын алған олқылықтардың орны толтырылды.