МЕДИЦИНАЛЫҚ БЕТПЕРДЕ ҚОЛДАНЫСҚА ҚАЛАЙ КЕЛГЕН?

Көптеген жұқпалы дерттен қорғану құралы болып табылатын медициналық масканың шығу тарихы қандай? Бұл сұрақ көп адамды қызықтыратыны сөзсіз. Ендеше назар салыңыз.
Қазіргі медициналық масканың ең алғашқы баламасы XVII ғасырда пайда болған. Оны француз дәрігері Чарль Лор оба ауруларынан қорғану үшін ойлап тапқан. Оның қиялынан шыққан маска «құс тұмсығы» түріндегі костюмның бөлігі болатын.
XIX ғасырдың аяғында Поль Бержер мен Йоханн Микулич-Радецкий есімді дәрігерлер қазіргі медициналық масканың ұқсас баламаларын жасап шығарды. 1897 жылдың аяғында Поль Бержер жұқа кездеменің алты қабатынан оралған бетпердені қолдана бастаған. Ал хирург Йоханн Микулич-Радецкий жұқпалы дерттерден сақтану үшін дәке таңғыш пен қолғаптарды қорғаныс құралы ретінде киген.
1920 жылдардан бастап медициналық бетперделер Еуропа елдерінің көптеген ота жасайтын бөлмелерінде қолданыла бастаған. Сонымен қатар оларды тұрғындар халық арасында жайылған тұмау індетін жұқтырмау үшін жаппай қолдануға көшкен. Сондай-ақ, бетпердені адамдар Бірінші дүниежүзілік соғыста да химиялық қарудың залалынан қорғану үшін пайдаланған.
Медициналық бетперделерді жасау үшін дәкелер мен кездемелер қолданған. Ал олардың қабаттарын мақта мен жүннен дайындаған. Қазір өндірістегі медициналық бетперделерге полимерлі талшықтардан жасалынған тоқылмаған материалдар пайдаланылады. Медициналық бетперделердің процедуралық, күнделікті, хирургиялық, мамандандырылған түрлері болады. Соған сәйкес, олардың сүзгілері мен қабаттарында айырмашылықтары бар.
Төрткүл дүниеде медициналық бетперде түрлі аурулардан қорғанудың ең кең таралған құралы болып табылады. Оны емханалар мен ауруханаларда кең қолданады. Бұл таңғыштар тыныс алу жолдарын ауа арқылы таралатын жұқпалы аурулардан қорғайтыны дәлелденген. Дегенмен де мамандар бетперде теріге тығыз жанаспайтындықтан бұзылған ауаның 50 пайызы ағзаға сіңіп кетуі мүмкін екенін де жасырмайды. Сондықтан кей жағдайларда бетперде індет жұқтырудың алдын ала алмауы мүмкін.
Медициналық бетперделерді екінші қайтара қолдануға болмайды. Індет таралған кезде бетперделерді әр екі-үш сағат сайын ауыстырып отыру қажет. Ал ластанған ауадан қорғану үшін бетпердені алты сағаттан артық тағуға болады.