«ТАРИФТЕР БАҒАСЫНЫҢ ӨСУІ ТОҚТАМАСА ХАЛЫҚТЫҢ ӨМІР СҮРУІ ҚИЫНДАЙДЫ»

Қанатбек ДОСАЛИЕВ,
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Шымкент  қаласындағы филиалының төрағасы:

Елімізде ең төменгі жалақы мөлшері 42500 теңге екені белгілі. Жуырда Picodi.com компаниясы бұл қаржының 60 пайызы бірінші кезектегі азық-түлік өнімдеріне әзер жететінін айтып дабыл қаққан болатын. Және олар бұл тұжырымын дәйекті дәлелдермен келтірген-тін.

Сарапшылардың бұл мәселеге деген алаңы орынды. Себебі, ең төменгі жалақының жартысынан көбі азық-түлікке жұмсалса, қазақстандықтар өзге де шығындар үшін қаржыны қайдан алады? Өзге де шығындар дегенде ең алдымен коммуналдық төлемдер ойға оралады.
Қазіргі таңда Қазақстанда ай сайынғы коммуналдық төлемдер ең төменгі жалақының 50 пайызын құрайды. Бұл тұтынушылар қалтасына ауыр тиеді. Өркениетті елдерде адамдардың коммуналдық қызметтер үшін төлейтін қаржысы жалақыларының 10-12 пайызынан аспайды. Ал бізде тариф бағасы аспандап барады. Егер халықты газ, су, жарықпен қамтитын мекемелер мемлекет меншігіне берілмесе тариф бағасының өсуі тоқтамайды. Өйткені, табиғи монополия субьектілерінің әрдайым көздейтін мүддесі – бағаны көтеру болып табылады.
Қоғам белсендісі Ержан Қалдыбаев «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Шымкент қаласындағы филиалының ұйымдастыруымен өткен жиында осылай деді.
Шымкенттегі М. Өтебаев атындағы Жоғарғы жаңа технологиялар колледжінде өткен бұл жиында тариф мәселесі талқыланды. Оған журналистер, блогерлер мен белсенділер қатысты. Жиынға арнайы шақыртылған осы мәселеге жауапты мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен табиғи монополия субъектілері өкілдері келмегенін де айта кетейік. Тек Шымкент қаласы әкімдігінің ішкі саясат және дін істер басқармасының жауапты қызметкері мен ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы қатысты.
Жиынды «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Шымкент қаласындағы филиалының төрағасы Қанатбек Досалиев жүргізіп отырды. Ол коммуналдық тарифтер үшін төлемдердің қымбаттауы халықтың қашаннан бері мазасын алып келе жатқан мәселеге айналғанын ашып айтты.

Өз сөзінде ол:
– Қазіргі таңда түбіртекте жылу тарифі үшін көрсетілген төлемді осыдан үш жыл бұрынғы уақытпен салыстырсаңыз жаға ұстайсыз. Баға 200 пайызға қымбаттаған. Коммуналдық төлемдер үшін бағаның жыл сайын қымбаттауы дәстүрге айналып кеткендей. Былтыр заңды тұлғалар көгілдір отынның бір текше метрі үшін 32 теңгенің төңірегінде төлем жасады. Осы жылдың басында бұл тариф 35 теңгеге дейін көтерілген. Өткен жылы суық судың бағасы бір текше метрі үшін 84 теңге болған. Биыл ол 88 теңгеге өскен. Егер бұл «үрдіс» әрі қарай жалғаса беретін болса, халықтың өмір сүруі қиындай түседі,-деді.
Бірақ ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дархан Әбілқасымұлы жиында айтылған уәждерге келіспейтін сыңайлы. Себебі ол, өткен жылдың қаңтар айынан бастап коммуналдық қызметтер үшін төлемдер 2018 жылмен салыстырғанда айтарлықтай арзандағанын атап өтті. Яғни ол, былтыр 1-қаңтардан бастап, Шымкентте тұрғындар үшін жылу бағасы 142,31 теңгеден 110,78 теңгеге, су 97,97 теңгеден 88,17 теңгеге (бір текше метрі үшін), көгілдір отын 34,47 теңгеден 32,47 теңгеге (бір текше метрі үшін), электр жарығы 15,72 теңгеден 14,64 (1 киловатт үшін) теңгеге дейін төмендегенін атап өтті.
Департамент басшысы Дархан Қайыңбердиевтің бұл мәлімдемесі жиналғандардың наразылығын баса алмады. Керісінше олар оған елімізде коммуналдық қызметтер үшін белгіленген бағалар бойынша Шымкент қаласы көш бастап тұрғанын айтып, монополистермен күресті күшейту керек екенін айтты. Департамент басшысы бұл жөнінде айтылған ұсыныстар бойынша тиісті шешімдер қабылданатынын жеткізді.
Оның бұл сөзі нақты іске айнала ма? Әлде шығарыпсалма жауап күйінде қала ма? Оған уақыт төреші.
Екі сағатқа созылған жиынды қорытындылау кезінде Қ. Досалиев «Ауыл» партиясы бұл мәселені өз шешімін таппағанша ұдайы көтеретінін айтты.

Т. ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ.