ҚЫЗДАРДЫ ЖЕЗӨКШЕЛІККЕ ЖЕККЕНДЕР ЖАЗА АРҚАЛАДЫ

Қостанай облысында бес жыл бойына 21 бойжеткенді жезөкшелікке жеккен ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты сот үкімі шықты. Қылмыстық топ ағайын-туыс болып анықталған 6 адамнан құралған. 

Оны Денис Шакмаев есімді азамат басқарған. Сот үкімімен Денис Шакмаев 15 жылға, қалғандары 14 және 14 жарым жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Қылмыстық топ құрамында әйел де бар.
Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Жасұлан Асылбеков сотталған қылмыстық топ мүшелері бір бірімен туыс екенін, олар мұндай қылмысқа олжаға кенелу үшін барғанын айтады.
Ұйымдасқан қылмыстық топ өз жоспарын 2013 жылдан бастап жүзеге асырып, 2018 жылға дейін жалғастырған. Өз кезегінде олар материалдық жағдайы төмен қыз балаларды құрыққа түсірген. Теріс пиғылдарын іске асыру үшін олар қыз балаларды кафеге шақырып, алкогольді сусындар ішкізген. Содан соң пәтерге апарып, жезөкшелік әрекетке мәжбүрлеген. Олардың заңсыз талаптарына көнбегендерін ұрып-соғу арқылы секс-құлдықта ұстаған. Қашпақ болғандарын қатаң жазалаған. Ұйымдасқан қылмыстық топ 2018 құрықталған. Жабық түрде қаралған сот процесі 7 айға созылған.
Қылмыстық топтың құрбаны болған бойжеткендердің арасында кәмелет жасына толмағандары да бар. Сот қылмыстық топ құрамының бір мүшесін рецидивист деп таныды. Соған орай ол жазасын төтенше қауіпсіз колонияда өтемек. Қалғандары жаза мерзімін қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемелерінде өткізетін болады.
Ал олардың адвокаттары апелляциялық шағым түстіретінін айтты. Бұл туралы zakon.kz жазады.