ЖҮЗДЕН ЖҮЙРІК БОЛҒАНДАРДЫҢ АРАСЫНДА ӘКІМНІҢ БАЛАСЫ ЖОҚ
Президенттік жастар кадрлық резервіне өткен 300 жастың арасында әкімнің баласы жоқ. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова осылай деді.
Қаперіңізде болса, былтыр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен білімі мен білігі кіл мықтыларды анықтайтын Президенттің кадрлық жастар резерві жасақталған болатын. Элиталық топқа өту үшін Қазақстанның барлық өңірлері мен шетелдерден 13 мыңнан астам адам өтініш білдірген. Бірақ оның 300-і ғана топтан озып, жүйрік атанған.
Осы аптада Ақордада сол кіл мықты жастармен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүздесіп оларды ұлт үшін, халық үшін аянбай тер төгуге шақырды. Өз сөзінде ол:
– Кадрлық резервке өту дегеніміз жоғары лауазымды қызметке орналасу ғана емес, бұл ұлт үшін, халық үшін, ел үшін аянбай тер төгу деген сөз. Әр заманда кез келген халықтың білімді және білікті азаматтарының ортақ мүддеге топтасатын кезеңі болады. Осылайша ұлтты биікке жетелейтін жаңаша дамуға бастайтын шоғыр қалыптасады. Жаңа Қазақстан үшін де осындай маңызды әрі жауапты сәт келді деп санаймын. Сондықтан да сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеледі, — деді.
Бұл сөз залда отырған жастарға жігер бергені сөзсіз. Сонымен қатар, мемлекет басшысы кадрлық резервке өткен азаматтардың бірден жоғары айлық пен биік лауазымды қызметке тағайындалуға үміттенуі қажет еместігін, биіктерді бағындыру сатылап болатынын мәлімдеді.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова бұл жастардың кадрлық резервке өтуі қатаң тәртіппен жүргізілгенін, конкурста тамыр таныспен өту болмағанын сенімді түрде айтты. Ол:
– Алғашында лауазымды тұлғалардың балалары болды. Шынын айтқанда олардың көпшілігі конкурстан өтпей қалды. Кейіннен оларды алып тастадық. Өйткені қазірдің өзінде ондай азаматтардың балалары жаман қызметте отырған жоқ. Оларға оның пайдасы да тие қоймас. Ал мына 300 жастың ішінде әкімнің баласы жоқ, — деп кесіп айтты.
Бүгінде Президенттік кадрлық резервке енген 300 жастың 55-і түрлі лауазымдарға орналасқан. Биыл тағы 100 адам жаңа қызметке тағайындалады деп жоспарлануда.